Ақын жазған әдемі метафорадай, шайыр жырға қосқан образды сөздің көркіндей, эпитеттік түсінік ажарындай, көрнекті, көркем кинематографтың жалпы халықтық сипат алғаны соншалық, фильмді көріп шыққан жұртқа бұл кәсіп елдің бәрінің қолынан келетін өнер сияқты көрінеді.
Мұндайды, дейді қатардағы көрермен қатты әсерленіп, мен де түсіре аламын.
Негізі, маған бұл иллюзия ұнайды. Иллюзиядан гөрі аллюзия секілді. Аллюзия дегеніміз өзіне ұқсас, бірдей әсерлерді шақыру.
Ол өнер құдыретіне сілтейді, атмосфера орнауы, стильді сақтай отырып баяндаған, кейіптеген нарратив күші елдің шығарманы өзінікіндей көріп, өзі жасағандай сезінуіне жол ашады. Қалың аудитория бойына осындай сенімділікті сіңіре білген автор, шынымен, Габриэль Гарсиа Маркес тәрізді “великий сказочник”.
Сатыбалды Нарымбетов – сиқырдың шебері. Кинотуындылары шебер қолдан шыққан немесе естеліктерден жасалған таңғажайып ертегілердей дүние екеніне, әр фильмін көрген сайын көзіңіз жетеді: “Аманат”, “Мұстафа Шоқай”, “Степной экспресс”, “Ләйләнің зары”, “Омпа”, “Көзімнің қарасы”, “Созақтан келген Гамлет”, “Балалық шағымның Дон Кихоты”...
***
Есімде, бізді “Қазақ әдебиеті” газетінің редакциясында Әлия Бөпежанова таныстырды. Сол күні біз түнгі Алматының қараңғы көшелеріне сіңіп, жоғалдық та, таң асырып, ертеңіне бір-ақ табылдық. Жүздеген кафелердің жүзіктері жарқыраған қонақтарына қарап жақсысын таңдап алдық. Ол “Кошка под дождем” дегенде, мен “Там, где чисто и светло” деп уәж айтамын. Ол “Убийцы” деп жатқанда, іле-шала “Три дня непогоды” деп қарсыласа қоямын. “Күзгі бұралаң жолға” “Ақтоқым” дайын тұрады... “Қос Шалқарға” – “Естайдың ауылы”.
Сөйтіп, біз дүниежүзілік прозаның інжу-маржандарын теріп, тізіп шығатын едік.
Ол атақты кинорежиссер, ақын, жазушы, ойшыл Ален Роб-Грийе сияқты “владеет всего лишь манерой письма”. Кәсібін игерген маман, кино тілін жырға айналдырған шайыр.
Кейбір туындыларында – әлеумет мәселесін кө-терген жырау.
Шоқтығы биік туындысы, “Көзімнің қарасы” фильміне қарай сатылап біртіндеп жоғарылаған соқтықпалы, соқпақты жолында сан асуларды асып, талай қияларды, шың-құздарды бағындырып, қаншама өткелдерден өтті.
Бірақ, стиль біреу болатын.
Еркін сюжеттік желі, жағымды-жағымсыз қаһар-мандардың жоқтығы, шалқасынан жатқан, жайнаған өмір тіршілігі.
Сатыбалды Нарымбетовтің фильмдері измдер мен идеяларға бағынбайды, олар ұлы өмірдің өзіндей ғұмыр кешеді.
Ғұмыр кешу – мағыналы да, мағынасыз да емес. Ол жай ғана ғұмыр кешу.
Режиссердің шығармаларынан көп түсті тіршілікті, көп мәнді мазмұнды көресің. Бірінен бірі туындап, үйлесіп жатқан, қайнап жатқан, бұрқырап жатқан, сарқырап жатқан, уақиғалар, тарихтар, әрекеттер.
Қымбаттылығы – көздің қарасындай, жақындығы – аталас туысқандай, суықтығы – жаңа жауған қардай... өзіміздей кейіпкерлер.
Дидар Амантай, жазушы, философ