Ол бүлдіршін қыз еді. Бес жасар кезі болар. Балалар бақшасынан қайтып келе жатқан жолында бір топ тентек жүгіріп келді де, арқалаған сумкасы мен әдемі шаш қысқышын тартып алды. Айналасынан қорғаныш таппаған балапандай шошынған. Сол сәтте бір ұл бала жүгіріп келді де, әлгі тентектермен төбелесе кетті. Шұрқырасқан топ жеңістеріне мәз болып, өз жөндеріне кетісімен әлгі ұл бала мұны жұбатты. Жәбір көрсе де, жыламапты. Қолынан жетелеп үйіне дейін жеткізген. Қорқыныш пен көзінен аққан жасқа ие бола алмай жүріп, оның атын да сұрамапты. Тіпті сұрай қояйын деп ойлаған да жоқ еді. Тек, жалғыз-ақ алақанының жылылығы сол бойда қалыпты.
Алты жасқа шыққан жылы мектепке оқуға түсті. Дәулетті отбасының кенжесі болғанына қарамастан, ұялшақ еді. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәтте, өзінің үстіндегі шыт жаңа сәнді көйлегінің басқалардың жұпыны, қарапайым киіміне ұқсамайтынын көріп, айдалада оқшау, жалғыз қалғандай, үнсіз тұқыра беріп еді. Мұны сезген сынып бастығы, қолынан жетелеп, ең алдыңғы қатарға әкеліп отырғызған. Тап сол сәтте ғана оның көзіне терең әсер қалдырған бір жұп қос қарашық шалына кетті. Өзіне бұрыннан таныс сезілген, сол бір алақанның жылылығы сонда ғана есіне түсті.
Он екі жасқа шыққан жылы ол бастауыш мектепті бітіріп, үлкен қалаға оқуға келді. Үнемі қолынан жетелеп, үйіне алып келетін жып-жылы алақаннан біржола алыстап қалғанын сезінді. Бала достықтың айғағындай, сәби жүректің қорғанышындай алақанды шынайы бала көңілмен сағынатын.
Әр жолы ауылға келгенде, баяғы жұпыны, төбесінен су өтіп, айғыздалған, қабырғасы құлайын деп әзер тұрған ана-мектебіне оны іздеп келетін. Дегенмен, бір-бірінің қолынан ұстауға именетін. Екеу арасындағы алғашқы ұяңдық, есейіп қалған балалық бұған жол бермейтін.
Он бес жасқа шыққан жылы демалыс сәтін пайдаланып, ауылға келген. Баяғы мектеп сол қалпы. Асыр салып ойнап жүрген оқушыларды көргенде, өзінің әлдеқашан бой жетіп, есейіп қалғанын сезінді. Оның мойылдай мөлдір қос жанары бұрынғыдай-ақ әлдекімді іздей жөнелді. Кенет, жағалай отырғызылған терек саясында оның бір әдемі қызбен сөйлесіп тұрғанын көргенде, жүрегін әлдебір сезімнің иенесі шаншып өтті. Өз кеудесіне сыймастай боп тулағн жүрек артына бұрылуға да үлгертпеді. Сол бойда үн-түнсіз қалаға аттанып кеткен. Өмірінде тұңғыш рет көңілін шарпыған сол бір жара көпке дейін сыздап жүрді.
Он жеті жасқа шыққан жылы ол өз ауылында, бұрынғы мектебінде өтетін оқушылардың баскетбол жарысына көрермен боп барды. Сол бір жып-жылы алақанның иесін тағы бір мәрте көргісі келген еді. Жарыс басталмай жатып, ұзын бойлы, қараторы бозбаланың қоңыр қой көзімен түйісе қалды. Ол ештеңеге қаратпастан, көрермендер арасында тұрған қызды қолынан жетелеп, ең алдыңғы қатарға әкеп отырғызды. Саусақтары салаланып, үлкейіп кетсе де сол баяғы сүйкімді, жылы қалпынан айнымапты. Бірақ, оның алақанында бала достықтың, сәби жанашырлықтың орнын өзгеше сүйіспеншілік сезімі иеленген секілді...
Екеу арасындағы әрі жат, әрі сондай жақын, әрі ұяң, әрі ынтық, іңкәр сезім қос жүректе бірдей оянды. Кешкісін сонау бала күндеріндегі мектептен қайтар жолымен оны үйіне дейін жетелеп әкелді. Айрылмауға үнсіз ғана серт еткендей қос алақан бір-бірінен айрылар емес. Қыздың үйінің қақпасына келгенде, жүректегі айтылар сөз бен тасыған сезім ақтарылмай қалды. Жігіт тек өзінің тым кедей отбасынан шыққанын, ауылдан ұзап ешқайда кете алмайтынын ғана айтты. Тағы да үнсіздік... Қыз үйіне қоштасып кірер сәтте, аяғының өкшесін жеңіл ғана көтеріп, жігіттің бетінен сүйіп алды. Сөйтті де, ықшам қимылдап, үйіне кіріп кетті...
Ертесі таңертең жігіт оған бір шоқ жабайы шұғынық гүлін ұсынды. Бойжеткен өмірдегі ең ұлы бақытын тауып алғандай сезімге бөленген еді.
Он сегіз жасқа толған жылы ол мектеп бітірді. Әрі шетелдік ең ірі университеттердің біріне оқуға түсті. Бір аязды күні таңертең қаланың пойыз бекетінде темір жолға телміріп, сұлу бойжеткен тұрды. Оған ауылдан бұрынғы жып-жылы алақанның ғана емес, қазіргі өз жүрегінің де мәңгілік иесі келе жатыр еді. Жігіт пойыз тоқтап үлгерместен секіріп түсті де, тоңазып қалған қыздың балғын денесін бауырына басты...
Қыз жиырма төрт жасқа толған жылы, оның әкесі жігітті іздеп келіп, қызының өмірлік бақытына кесе-көлденең болмай, іргесін аулақ салуын айтты. Бойжеткен де оны іздеп келген жоқ. Бұл айрылудың белгісі еді. Қоштасар күні жігіт оның терезенің алдында бір түн бойы күтті. Ертеңінде терезе пердесін ашқан бойжеткен аула дуалының әр жеріне қыстырылған шұғынық гүлдерін көрді. Қып-қызыл қауашағы семіп, жапырақтары қурап қалыпты...
Қыз 25 жасқа толған жылы некеленіп, күйеуіне ілесіп, шет елге қоныс аударып кетті. Оның өмірі орнықты, бақытты болды деп ауыз толтыра айтарлықтай өтті.
75 жасқа толған жылы күйеуі көз жұмды. Тәрбиелі, табысты ержеткен ұлдары оны өзінің туған жеріне қайта алып келді. Бірақ, туған жерінің шұғылалы көркем келбетін үш-ақ ай көрді. Бір күні таңертең оянған оның көздері су қараңғы боп қалған. Анасының денсаулығынан қатты алаңдаған ұлдары оның тағы да шет елге апарып емдетпек еді, ол бәрібір көнбеді. Ғұмырының соңғы сәттерін осы туған топырағында өткізгісі келген. Олар амалсыздан осы маңдағы ең мықты шипагерді ұсыныс етті.
Бурыл тартқан шашы артына қайрыла таралған, ұзақ жылдық күрес пен тауқыметтің белгісіндей болған әжімдері тұрпатын тіпті де қайсар, тұлғалы етіп көрсететін қарт дәрігер есіктен кіріп келді де, науқасқа үнсіз тесіліп тұрып қалды. Сәлден соң ғана есін жиғандай болып, кемпірдің тарамыстанған қолын ұстады. Осы кезде қария бетіндегі әжім сызықтары сәл жиырылып барып, жазылып кетті. Бейне жетпіс жылдың алдындағыдай, ештеңе өзгермегендей. Қартайса да салаулы, қарымды саусақтарды мейірімділікпен ұстай отырып, бәсең дауыспен «Баяғы жылы қылпында екен ғой! Сол, сол...» деді де, әжімді жүзін жас жуып қоя берді...
Аударған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com