Ақындықтың Құлагері

Алаштың арда азаматтарының бірі, қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар қалдырған әмбебап дарын Ілияс Жансүгіров 1894 жылы мамыр айының он төртінші жұлдызында бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Талдықорған облысы, Ақсу ауданы) дүниеге келген.

Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған.

Өз үйінде, әкесінен хат таныған, одан соң, молда алдын көрген Ілияс біраз уақыт Қарағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады. Бұдан кейін тұрмыс жағдайы билеп шаруа күйттеп, тіршілік қарбаласына араласып катеді.

Жастық қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері оның жүрегін қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бастайды.

1920 ж. Ілияс Алматыға келіп, үш айлық мұғалімдер курсын бітіреді. Артынан Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының жанындағы қысқа мерзімді курста бес-алты ай оқығаннан кейін, денсаулығының нашарлауына байланысты аулына қайтады.

Дауылды жылдардың тартысты тіршілігі жас мұғалімді өз толқынына тартады. Қазақ ағарту институтында, Жетісу облысының Қосшы комитетінде губерниялық оқу бөлімінде, «Тілші» газеті редакциясында қызмет істеу, экспедицияға шығып фольклор үлгілерін жинау кешегі ауыл жігітін ширатып, шыңдайды. Жас азаматтың қызметтен өзге уақыты түгелдей кітап, газет-журнал оқуға, өз көкірегіндегі сырларды қағазға түсіруге жұмсалады. Алғашқы өлеңдері «Тілші», «Кедей еркі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналдарында жарияланады. 1927 жылы «Беташар» атты үгіт өлеңі, 1928 жылы «Сағанақ» деген тұңғыш кітабы шығады.

1927-1937 жылдар арасында поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай әдеби мұра қалдырды. Оның лирикалық шығармалары, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет» пьесалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған өлмес туындылар. Он жылдың ішінде осынша шығарма берген қалам қайраты, талант табандылығы ғажап.

1928 жылы журналистика институтын бітіріп, елге оралған Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газеті редакциясында қызмет істеп, қазақ баспасөзінің қалыптасуына көп үлес қосты. Аршынды қаламгер, үлкен мәдениет қайраткері Ілияс Жансүгіров 1934-1935 жылдарда Қазақстан көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады, КСРО Жазушыларының I съезінде сөз сөйледі, республиканың әлеуметтік өміріне белсене араласады. Жазушының М.Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған.

Қазақ поэзиясының ерен жүйрігі, "қазақ поэзиясының Құлагері" 1938 жылы жазықсыз жазаға ұшырайды.

Ол 1927-1938 жылдары өндірте жазып, поэзия, проза, драматургия, сын, аударма саласында жиырмадан астам кітап шығарып, артына мол әдеби мұра қалдырды.

Ақынның эпикалық шығармаларындағы бейнелеу тілінің байлығы, сонылығы, стиль өрнегі, құйылған сөз тасқыны, адуынды күші Ілияс Жансүгіровті қазақ халқының сүйікті қаламгерлерінің бірегейі етті.

Суреттер:azattyq.org,writers.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева