Кеше, 14 қараша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне атақты ақын ағамыз ат басын бұрды. Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің №17 студенттер үйінде өткізілетін дәстүрлі "Он жетідегі кездесу" атты белгілі ақын-жазушылармен әдеби жүздесу кешінің екінші қонағы - танымал ақын Әмірхан Балқыбек.
"Көкжиек" ғылыми шығармашылық клубының ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген бұл отырыстың тұсауын Бақыт Беделхан кескен болатын.
Әмірхан Балқыбек 1969 жылы 19 мамырда Жетісай ауданына қарасты Ленин атындағы ұжымшарда туған. 1986 жылы Шардара каласындағы М. Әуезов атындағы орта мектепті бітіріп, 1987-89 жылдары әскерде болды. Әскерден оралған соң Шардара аудандық "Өскен өңір" газетінде тілші болды. 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетіне оқуға түседі. 1995-2000 жылдары республикалық "Парасат", "Жас алаш", "Ана тілі" басылымдарында қызмет атқарды. Әмірхан Балқыбек Казақстан Жазушылар одағының мүшесі. Әдебиет саласы бойынша екі рет (1997, 1998) Президент стипендиясын иемденген. Сонымен қатар, "Метамарфоза" (1996), "Сынған сәуленің шағылысуы" (2001) атты жыр кітаптарының авторы.
Студенттермен еркін түрде сұхбат құрған ақын әдебиетті тарихпен байланыстыра отырып көнеден сыр шертті. Шығармашылық жолында бағындырған шыңдары көп шайыр әдебиет саласындағы айтылатын сындарға тоқталды. "Әдебиетке сынның керегі жоқ" деп қайырған ақын әбден ақтарылды.
Кеш соңына таяғанда ақын ағамыз өз өлеңдерін оқыды. Жыр оқуда өзіндік әуезі ерекше ақынның өлең оқысы студенттерді елітіп жіберді.
Студентерге базарлық ретінде бірнеше кітаптарын сыйға берді. Ол ол ма? "Біз студент кезімізде тәтті көрсек, жайраңдап қалатынбыз" деп қалжыңдап, бір қорап шоколадты шығарды сөмкесінен. Ақын ағаларының сый-сияпатына разы болған студенттер ашық әңгіме үшін рақмет айтып қолтаңба алуға асықты.
"Он жетідегі кездесуде" жүздескенше...
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: Өмірбек Сансызбаев