Әкенің ұлына жазған хаты

Ұлы жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Джон Стейнбектің ұлына жазған махаббат пен данышпандыққа толы жан толғантар хаты.

Сьюзен есімді бір сұлуға есіл-дерті ауып ғашық болған үлкен ұлы Томға жазған әкенің жауап сөзі. Әкенің әр сөзінде махаббат пен данышпандық, өмірге деген құштарлық, шексіз сүйіспеншіліктің ыстық ықыласы жатқандай.

Біреуге ғашық болған әр жасқа ата-анадан осындай хат барсын деп тілейік.


Нью-Йорк

10 қараша 1958 жыл

Қымбатты Том, 

Сенің хатың бүгін ертеңгілік жетті. Мен өз хал-қадірімше не ойлайтынымды айтып көрейін. Ал Элейн (шешесі) болса, өз көзқарасын міндетті түрде хат қылып жолдар.

Біріншіден, егер сен ғашық болсаң, онда бұл деген кез келгеннің бастан кешер ең жақсы, ең керемет сезімі. Ешкімге осы бір сезімді майдалауына, еш елеусіз етуіне жол берме.

Екіншіден, махаббаттың бірнеше түрі бар. Бір түрі – өз пайдасын ойлауға арналған, махаббатты сол жолда пайдаланатын эгоистік, қатал, ашкөздік сезім. Екінші түрі өзіндегі бар жақсыны тануға, һәм ашуға көмектеседі – жақсылықты, ықылас-ілтипатты, құрметті (мінез-құлық тұрғысындағы құрмет емес, келесі бір адам тарапынан теңдессіз әрі ғажапқа баланған құрмет)... Махаббаттың бірінші түрі сені науқас, майда және әлсіз қылуы мүмкін, ал екінші түрі өзінде бар, бар екенін күні бүгінге дейін өзін де білмей келген ерлік, қайырымдылық және, тіпті, данышпандық секілді күштердің сыртқа шығуына септеседі.

Өзіңдегі махаббаттың күшік сезім емес екенін айтасың. Егер сенің сезімің тереңнен тыныс алар болса, әрине, онда бұл күшік махаббат емес.

Бірақ, өзіңнің не сезінетініңді менен сұрап отыр екен деп ойламаймын. Өзің де басқалар секілді мұны жақсы білесің. Не істеу керектігін түсіну үшін менің көмегімді қалапсың. Ендеше, менің бар айтқым келетіні.

Шадыман шаттық, қуаныш пен алғысты сөзің.

Сендегі махаббат нысаны – ең әдемі және ең ізгі. Лайық болуға, сай жүруге тырыс. Егер біреуді сүйіп қалсаң – ол туралы айтудың еш қорқынышы жоқ. Есесіне, есіңде болсын, кей адамдар жасқаншақ келеді және ара-тұра мұнымен санасып тұру қажет...

Қыздар сенің өздері туралы не ойлайтыныңды біліп немесе сезініп жүреді. Бірақ, көп жағдайда мұны өз аузыңнан естігілері келіп тұрады.

Сендегі сезімнің белгілі бір себептерге байланысты жауапсыз қалып жататын кездері болады. Алайда, одан олардың бағасы бір пәс төмендемек емес. Ақырында, мен сенің не ойлайтынынды, нені сезінетініңді түсінем, өйткені, мен де сүйемін, және сенің сүйетініңе сондай қуаныштымын.  

Сьюзенмен кездесіп жатсақ, қуанар едік. Біз оны ыстық құшақпен қабылдаймыз. Элейн енесі болғандықтан, бәрін қатырады. Бәрін өзі реттейді. Оның да махаббат туралы біліп-түйгені көп. Мүмкін, менен артық көмектесіп қалатын шығар.

Махаббатпен,

Әкең

cурет:.picstopin.com 

Хатты аударған: Фараби Арыстанбек