Кофе дүкенінде менің қиыс қарсы алдымда ерлі-зайыптылар отырды. Ерлі-зайыпты екеуі бәсең дауыспен әңгіме айтып отыр. Не айтқанын кім білсін. Кенет күйеуі қолын созып, келіншегінің қолын алып, ақырын сүйді. Келіншегі күліп, бетінің ұшы болымсыз қызарып, төмен қарады. Көздері нұрға толы. Жұбайлар қастарында ешкім жоқтай. Өздерінің бақыттарына елітіп отыр.
Олардың кішкентай қыздары кофе дүкенінің ішінде кезіп жүр. Ол біздің алдымызға келіп тұра қалды. Мен оған бетімді тыржитып едім, ол бетін баса ұяла күлді. Қатты сүйкімді екен. Қаламымды алып, қағазға ерте заманғы сұлудың суретін салып бердім. Ол суретке қарап, маған еркелей, өте сеніммен білегін менің аяғымның үстіне қойып, сүйеніп тұрды. Мен қаламды сурет сызуға бердім. Ол қағаз бетіне бірнеше тал сызық сыза салды, мен одан: «Бұл не?» деп сұрадым. Ол: «Сен» деді, мен ренжіген кейіппен бұртиып қалдым. Ол сылқ-сылқ күліп, анасына қарай жүгіріп кетті.
Келесі күндердің бірінде көз алдымда тағы бір ана мен бала отырды. Шешесі маған арқасын беріп, күйеуімен телефонда сөйлесіп отыр: «Сен неге бүйтесің? Арамызда қандай үлкен істер болса да, бетпе-бет сөйлеспейміз бе? Неге қашқақтайсың? Кездесіп шешейік. Некеден ажырассақ та, кездесіп шешуіміз керек қой. Балаға да жолықпағаныңа көп уақыт болды. Өстіп қалай әке боласың?». Баланы айтқанда әйелдің дауысы тұншығып, ызадан булығып тұрғаны біліп қалды.
Оның баласы қарсы алдында отыр. Алдында балмұздағы бар. Қолына алып, әлсін-әлсін жалап қояды. Көз алдындағы дүниенің оған еш қатысы жоқтай мелшиіп қалыпты. Шешесі қарсы алдында ашу-ызамен күйбеңдеп отыр. Шешесіне қарады да, бей-жай қалпы көзін басқа жаққа бұрып әкетті. Мен оған қарап ақырын жымидым. Осындай күй бұл жастағы балаларда болмауы керек қой деп ойлаймын ішімнен. Ол селк ете түсті. Маған қарап-қарап қойып, орындығының астына құнжиып тығыла бастады. Ол менің күлкімнен қорғанып қалды. Маған мүлде көз қырын салғысы келмей отыр.
Көңіліндегі жабырқау мен қорқыныш оны жегідей жеп барады. Әнеу күнгі кішкентай қыз бен мынау баланың жастары қарайлас. Бірақ, адамға беретін әсерлері мүлде басқаша. Өйткені олардың шешелері, тағдырлаы басқаша. Бір ана махаббат құшағында, біріне күйеуі қырын қарап кеткен.
Әкенің баласы үшін істеп бере алатын ең жақсы шаруасы – оның шешесін сүюден басқа ештеңе де емес. Себебі, күйеуінің махаббат құшағындағы әйелдің көңілі жібектей жұмсақ, ашық-жарқын, мейірімді, алаңсыз болады. Айналасындағы адамдарға кең пейілді келеді. Көңілді, мейірімді отбасын құра алады. Шаңырақ астындағы осындай ана болса, одан бала тікелей ең үлкен игілік көре алады.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: voxpopuli.kz