- Негізгі бет
- Көкжиек
- Ақберен Елгезек. "Пушкинді...
Ақберен Елгезек. "Пушкинді қорлау"
Пушкин патша сарайында камер-юнкер қызметін атқарғанын білетін шығарсыздар. Бұл лауазым иесі патша сарайында алуан түрлі салтанатты рәсімдерде кісі қарасын көбейтіп, өзіне тиесілі ғана іс-қимылды жасауға міндетті болған. Қызметі әрі қарай өспейді. Сол кеткені кеткен. Сондықтан ғой Пушкиннің қызметтен кетуге өтініш беріп жүргені. Оған патшакең ренжіпті дейді.
Қысқасы, алатын айлығы орташа, билік құрылымында еш ықпалы жоқ бұл қызметке Пушкин 34 жасында тағайындалыпты. Юнкер деп аты айтып тұрғандай бұл шенге негізі 20-25 жасар жас офицерлер, турасын айтқанда дворян тұқымынан шыққан шолжаңбай бозбалалар шақырылатын. Айдаудан оралған Пушкинді орыс патшасы осындай «жеңілтек» қызметке лайық деп тауып, өзі бұдан былай ақын өлеңдеріне цензор боламын деп мәлімдейді. Петербордағы қызықты, дулы-шулы өмірден алыс, достарынан жырақ, түңілуге шақ қалған Пушкин Николай І патша ақынды кешіріпті, енді жеке қабылдайды дегенді естігенде «бағым енді ашылды!» деп қуанғаны сөзсіз. Ол Ресейдің өркендеу жолына Карамзин құсап ғұмырымды арнаймын, патшаға қолымнан келген көмегімді аямаспын, білгенімді ақыл-кеңес ретінде ұсынып отырам, шығармашылығым және қызметім арқылы халқымды ағарту жолына шақырам, сол арқылы Отанға қалтқысыз қызмет етем деп лапылдап, бұйра айдарынан жел есіп Петерборға келе жатты.
Ол Ресейде ақынның қоғамдағы рөлі мен орнын жақсы білетін. Билік басына дені дұрыс адам келіпті деп жол бойы Құдайға шүкір айтумен болды. Петерборға келісімен кеудесін кернеген әлгіндей тегеурінді сезімдердің қуатымен патша ағзамның алдына барды. Патшаның қабылдау бөлмесіне қалықтап кірген гений ақынымыз жас бозбалалар киетін камер-юнкер формасының иесі болды да қалды. Болды.
Тәңірден бриллиант талантты алған Пушкин! Орыстың әдеби тілін байытқан ғаламат ақын! Орыс жанының білгірі, терең білімнің және биік ілімнің иесі ПУШКИН! Және ол ендігәрі камер-юнкер қызметінде! Қандай қорлық һәм нендей парадокс!
Ең қызығы, бұл қызметті атқаратын адам Петербордағы күнара болатын әр түрлі жиын-балдарға баруға тиіс болған. Ондай жиындарға бару/бармауынан оның қоғамдағы орны мен деңгейі анықталатын. Қандай күлкілі қоғамдық пікір десеңші! Қандай жалғаса беретін ұқсастық! Ал, ондай бал-томалақтарға әйелін ертіп бару дегеніңіз — жатқан шығын. Жаңа киімдер, мүшелік жарна дегендей, толып жатқан қажетсіз ақша шашу. Кітабы шықпайды, гонорар жоқ. Өйткені мәртебелі цензордың ұлық бағасы берілмей жатыр. Айлық пәтер жалдау мен өмір жалғауға кетіп жатыр. Осындай иірімге бар жан-тәнімен кірген ақында не қауқар қалады дейсіз. Қарыз. Өсек-аян. Интригалар. Дуэль. Өлім.
Абырой болғанда, осындай берекесіз өмір мен қайғылы оқиғаға дейін Пушкин нағыз шығармашылық күйде болып, өзінің негізгі дүниелерін жазып тастаған. Ол тарихта қалды. Оған цензор болам деп өкіреңдеген патша да ақынның арқасында тарихта қалды. Әйтпесе, ешқандай жаңалығы я реформасы жоқ мұндай пәлен патша кімнің есінде қалады дейсіз!? Министр, губернатор, кәкір-шүкір бастықсымақтарды былай қойғанда. Патша қайткенмен де патша ғой, ол әйтеуір ел тарихы жазылған кітаптың жарты бетінде орын алуы мүмкін, ал, әлгі шуылдақ шараларда ақынға менсінбей қарап, желпуішпен қып-қызыл май беттеріне салқын ауа шақырған кердеңбайлар ше?! Ақын жағдайы жоқ, өмір сүруге әрі қарай амалы да дәрмені де қалмаған кезде оны мүсіркеп, айтқан сөзіне күліп, дүниенің мәңгілік билеушісіндей шәлтірең-шәлтірең еткен бай-шонжар дворяндар ше?! Пушкин елдің сөзін сөйлегенде, «ақымақ неме, тиыш отырмай ма, болмаса тақпағын жазып жүре бермей ме!» деп сампылдаған әлгі дворяндар мен қызылбет байлардың қатындары ше, олардың он екі емес-ау, бір нұсқасы қалды ма екен мына жалғанда?! Өй, кім біледі оларды қазір! Ал, Пушкин тірі, өйткені ол да Абай секілді ақиқаттың сөзін айтты. Ақиқат — мәңгілік қой. Ол өлмейді.
Ж. Жұмағұлов