- Негізгі бет
- Көкжиек
- Әдебиеттен кету –...
Әдебиеттен кету – ерлік пе?
Америка әдебиетінің негізгі тұлғаларының бірі, жазушы, этнограф Филип Рот 79 жасында «Әдебиеттен кеттім!» деп жар салды. Ол 2010 жылы шыққан атақты «Немезида» романы өзінің ең соңғы шығармасы екенін Les inRocks басылымына берген сұхбатында жария етіпті.
«Менің жасым 78-ден асты. Мен енді мына заманның, Американың қалай өзгергенін білмеймін, қандай қалыпқа түскенінен хабарым жоқ. Теледидардан көргеніммен, оны тірідей өз басым өткеріп, көзіммен көргем жоқ. 50 жыл бойы әдебиетке адал болдым» - дейді Рот. Ол 30 роман жазып, санынан сана жаңылысқан әңгімелері мен повестерін халыққа ұсынған. Оның ойынша, келесі бір жазылған қандай да бір роман ештеңені де өзгертпейді, тіпті абыройына нұқсан келтіретін дүние ғана болуы ғажап емес. «Мен айтарымды айтып болдым» дейді жазушы.
Дәл осылай, бірақ әдебиеттен ерте кеткен, башқұрт, орыс тілді жазушы, «Шекспир туралы», «Мультипроза» кітаптарының авторы Зұфар Гареев ше?
Бейбіт Сарыбай, жас жазушы: - Ерлік емес, батырлық. Адам әдебиеттен таусылған, сарқылған. түгесілген күні кетеді. Кетеді дегеніміз жазуды қояды деген мағынада ғой. Ал, оны жұрт алдына жайып салу, өзінің таусылғанын мойындау батырлық. Бізде таусылған адамдар бар. Бірақ олар мойындағысы келмейді. Іштей мойындағанмен сырттан жасырады. Осы тұрғыдан алғанда батырлық дейміз. Ал, ол ешқандай ерлік емес. |
Мұны оқи сала өзгеше бір ойдың тізгінін ағытады екенсің. Расында да, дарын, қуатты, толағай, терең, ауыр, түгесілмес, адуынды, айбарлы, жалындай боп келсе де, теңіздің тартылуы секілді адам да айтары таусылған кезде мұны ашық мойындай алса дейсің. Мойындау – ерлік болса, біздің корифей атанып кеткен, энциклопедиялық білімді бойына лықа толтырған, абыз ақын-жазушыларымыздың ішінен «ерлік жасаушылар» неге жоқ деп ойланамыз.
Мұны әдебиетке деген адалдық деп айтудың екінші бір ұшы барын мойындауымыз да керек шығар? Сіз не дейсіз?
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: shalomfilm.com, etextlib.ru
А. Құлтай