Әдебиеттегі ұлы достық. "Мен ревизор емеспін"

Әдебиеттегі ұлы достық. "Мен ревизор емеспін"

Мектеп табалдырығында білім нәрімен сусындап жүрген кездің ең жарқын сәттері атақты орыс жазушысы Н.В. Гогольмен байланысты. Олай деп айтқымыз келетіні, орыс тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдер Полтавская губерниясында 1821 жылы туылған атақты орыс жазушысын қайталап айтудан жалықпаушы еді. Ең қызығы сол, атақты "Ревизор" шығармасы күн-түні әңгіме талқы болып, достар арасындағы өзекті проблемалардың бірі болатындығы. Әрине, мектеп жасында (оның үстіне қаймағы бұзылмаған қазақы орта) бір шығарманы түгел оқып бітіріп тастауға мұғалім рұқсат бермейтін (әрі өзіміздің де шамамыз келе бермейді). Әр күнгі сабақта қызу талқылау үшін бөлім-бөлімге бөліп, соны мұқият оқып келуімізді тапсыратын. Міне қызық пен шыжықтың бәрі осы жерден басталатын. "Ревизор" кім?

Сіз білесіз бе, 1835 жылы жазылған күлкі мен иронияға толы шығарманы Гоголь Пушкиннің идеясы бойынша жазғандығын?! Оған басты себеп, Пушкин мен Гогольдің жақсы қарым-қатынаста болғандығы және тамыздың тамылжыған күндерінің бірінде Александр (тегі араб болған) Новгородской губерниясының Устюжна елді-мекенінде орын алған бір қызық оқиға туралы әдебиеттегі досына тәтпіштеп әңгімелеп береді. Содан бастап Пасичник Рудый Панько (Гогольдің көп лақап атының бірі) орыс қоғамының (жоғары үкімет) орын алып жатқан былық-шылығын жақсылап тұрып жазуға бел шешеді...

Көп уақыт бойы Гоголь "Ревизордың" бөлім-бөліктерін Пушкинге көрсетіп, алдағы жазатын ой-жоспарларын бөлісіп жүрген екен. Өз кезегінде Пушкин де жақсы шығарманың орта жолда қалып кетпесі үшін жас досына сенім мен мадақ айтып тұрған. Себебі, Гогольдің бір-екі рет жазғысы келмей, Пушкинге шағым айтып келген кездері болған. Содан не керек төзім мен сабырды сарқа жүріп, ақыры даңқты шығарма дүние есігін аттапты.

Бұл туралы тағы бір орыс жазушысы Владимир Соллогубтың естеліктерінен оқып білуге болады. Ал ендігі бір деректерде Павль Свиньиннің (орыс жазушысы) 1815 жылы Бессараби елді-мекені туралы жазған шығармасы арқау болған деген болжамдар да бар. Аталған шығармада бір қаңғыбас адам бір ауылдың тұрғындарын жынды қылып, алдап кетеді екен.

Ең дөп келетін болжамның Пушкинге бір қатысы бары анық. Өйткені ең алғаш бұл шығарманы оқыған Пушкин және әңгіме барысында айтып кеткендей Гогольмен шығарма жайын жиі ақылдасып тұрған.

Сонымен не керек, Гоголь жазған, Пушкин айтқан шығарма классикалық туындылардың санатына жататын бірегей туынды болып қала береді. Әдебиеттегі ұлы достық жасай берсін!!!

Сурет:inkazan.ru

Дайындаған: Фараби Бақыт 

Л. Лига