Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты кім?

Бүгін түс ауа әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты белгілі болады. Швед академиясының баспасөз қызметі осы туралы хабарлап отыр.

Лауреатты әрине аталған академияның хатшысы Петер Энглунд (швед жазушысы және тарихшы) жариялайды.

«Svenska Dagbladet» газетінің журналистері биылғы жылы белді сыншылар мен белгілі газет-журналдардың тарапынан «аталған сыйлықтың иегері кім болуы мүмкін?» деген сұрақта ешкімнің тіл қатпай отырғанын алға тартады. Әрине, бірінші кезекте букмекерлік компаниялардың теріс ықпалы көзге бірден түсетін сыңайлы. Өздеріңіз білетіндей, жаз айларында алпауыт кеңселер жұмыстарын бастап кеткен-ді.

Қос бірдей «Ladbrokes» пен «Unibet» букмекерлік компаниясында жапон жазушысы, аудармашысы Харуки Мураками көш бастап тұр. Үздік бестікті венгерлік қаламгер Петер Надаш, ирландық Уильям Тревор, қытайлық жазушы Мо Янь мен канадалық Элис Манро қорытындылайды. Және сирия-ливиялық ақын Адонис, америкалық ақын әрі әнші Боб Дилан, алжирлік жазушы және кинорежиссер Ассиа Джебар есімді әдебиет тұлғаларының да тізімнің үздіктер қатарынан көрінуі бірінші жыл емес.

Ал «Unibet» компаниясында да үздіктер қатары белгілі. Олар: Қытай жазушысы Янь Мо, голландық Сейс Нотебом, тегі италиялық Дачия Мараини, америкалық қаламгер Джойс Кэрол Оутс.

Және «Гетербог» кітапхана көрмесінің қызметкерлері әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы америкалық жазушылардың бірінің қанжығасында кетеді есептеуде. Яғни Дон Делилло, Кормак Маккарти, Джойс Кэрол Оутстардың бірі иемденуі әдбен мүмкін.

Айта кететін болсақ, Нобель сыйлығының әр саласындағы жүлде қоры 1,2 миллион долларды құрайды.

Естеріңізде болса, өткен жылы әдебиет саласында бас жүлде швед ақыны Томас Транстремерге бұйырған-ды.

Марапаттау дәстүр бойынша Стокгольмде 10 желтоқсан күні швед қайраткері және өнертапқышы Альфред Нобельдің өмірден өткен күніне орай өткізіледі. 

сурет:sabah.com.tr

Дайындаған: Фараби Бақыт