Меніңше, әдебиет – әріптен басталады. Бұл жерде біз, әрине, жазба әдебиетін айтып отырмыз. Әріп – ауыз екі тілде айтылатын сөздің мәнерін, ойдың формалық нұсқасын өзгертеді. Сөйтіп, көтеріңкі пафостың қуатын, екпінін, арынын азайтады, пәрменді серпінін қажетті шамаға дейін бәсеңдетеді. Әңгіме шабытынан айырылып, бірқалыпты, қоңыр дауысты нақышқа, әуезге түседі. Әйтпесе, пафосқа құрылған шығармада жалған әуен (фальш) пайда болады, ол, задында, оқырман тарапынан сенімсіздік тудырады. Міне, хатқа түскен графикалық белгілердің осындай әсері, ықпалы бар. Суық жазылған мәтін неғұрлым бейтарап болса, оның оқырманға етер әсері де күшейеді. Жазба әдебиеті дегеніміз осы.
Ізденістердің мұраты да мәтінді пафостан, жалған әуеннен (фальштен) мейлінше тазарту екені рас. Өзіне сендіре алмаған уақиға не болмаса атмосфера түптің түбінде макулатураға айналады, оны ешкім оқымайды, ол сәтсіз ізденіс ретінде ел жадынан өшіріледі.
Қалам ұстап үйрену, тегінде, – жазудың сол замандағы тәртібін, низамын меңгеру, сосын қалып-тасқан машықты игерген соң, сара жолдың жеткен мұратынан ары, жаңа мақсаттарға қол созу деп білеміз. Мәдениетті қалам ешқашан жалған пафосқа жоламайды, өзіне пана, қорғаушы іздемейді, ол қашанда ағып жатқан өзен тәрізді өз тыныштығынан айырылмайды. Жақсы мәтін сабырға жүгінеді.
Әріп – civilis (civility), әдебиет – cultura.
Жазба әдебиетінің бейнеті көп. Басу технологиясы кемел дамуына жетіп, эстетикалық талғам, этикалық талап электрондық нұсқаға көшкенде, салыстырмалы Эйнштейн теориясындай, күтпеген жерден, алдымыздан, жеке заңдылық, оқшау тәртіп ретінде көзден жасырын қалыптасып келе жатқан... жазу технологиясы құбылысы ашылды.
Проза кәсіп түріне айналды. Өлең жасалу жолдарын, өнімді жазылу амалын, өндірістік сипатын тапты.
Бірақ, мәтінді тез жазып, соңына, нәтижеге асыққан шығармашылық тасқа басылып алдына түскен, мұқабаға түптелген қалың тексті қайта мұқият оқығанда, тәртіп сақтап маржандай тізілген әрбір өркениет сөзінен әрнеге алаңдаған қаламның қауырт жүрісін, өкініштің сұлбасын, сөйлемдердің жансыз табиғатын, мұратынан адасқан ойдың сілемдерін, технология іздерін көріп тұрады.
Ұшқыр қалам бейнеті асып, азапқа түскенде, алаңсыз көңіл сәтті шығарма, сабырлы күйден бақыт кешеді.
Дидар Амантай