Әдебиет алмасы

Күні кеше еліміздің оңтүстік астанасы, ару қала Алматының 1000 жылдық мерейтойын барша жұрт болып атап өттік.

Арайлы Алматы тек атақты апорттың қаласы ғана емес, сонымен қатар әдебиет ордасы. Сол себепті, қаламыздың негізгі байлығы саналатын алма фестивалінде түсірілген біраз суреттермен қоса, әлем әдебиетіндегі алма символының қолданылуы туралы мәлімет беруді де жөн көрдік.

Алма әуел бастан әлем әдебиетінің ең көне туындылары саналатын аңыз-әңгіме, миф және ертегілерінде кездеседі. Адамдар оның дөңгелек қалыбын Жер шарымен, әлем туралы ұғыммен байланыстырған. Ал алманың қызыл түсі сұлулық, денсаулық, жастық шақтың белгісі болса, иісі мен тәттілігі кейде байлық пен рахат, кейде күнә мен қателіктің белгісі болып есептеледі.

Ең алғаш Адам ата мен Хауа ананың оқиғасынан бастап әлі күнге дейін әдебиетте қолданыс тапқандықтан, XVII ғасырдан бастап адамзат "алма" сөзін жалпы "жеміс" ұғымының синонимі ретінде пайдаланған. Мысалы, қызанақ Еуропаға алғаш жеткен кезде, оны "махаббат алмасы" деп атаған. Ескі ағылшын шығармаларының бірінде, қиярды eorþæppla (тура аудармасы "жер-алма"), сонымен қатар француз, голланд, парсы, швейцар тілдерінде ақтүйнек те "жер-алма" мағынасын береді. Кейбір тілдерде апельсин жемісі "алтын алма" немесе "қытай алмасы" деп аталады.

Бір күні  Гера, Афина және Афродита құдайлар Ида тауында думан жасайды. Бірақ, бұл тойға араздық құдайы Эрида шақырылмайды. Сонда Эрида кек қайтару мақсатында оларға «Ең сұлуына» деген жазуы бар алманы тастап жібереді. Арулардың араларындағы ең сұлуы кім екенін анықтау тапсырылған Паристы әр Құдай әйел өзіне тартуға тырысады. Гера құдай Париске билік пен байлықты, Афина даналық пен әскери даңқты, ал Афродита болса ең сұлу бойжеткенді оның аяулы жары етуге уәде етеді. Сонда Паристің таңдауы өзіне ару қызды әйелдікке беруге уәде еткен Афродитаға түседі.

Араздық алмасы Ежелгі Грек мифологиясы

Геракл Эврисфейге қайтып келіп, алтын алмаларды берді. Эврисфей оларды Гераклге сыйлады, ал ол алмаларды өз жебеушісі, Зевс қызы Афина-Палладаға тарту қылды. Афина Гесперидалар бақ­тарында мәңгі қалуы үшін оларға алма­ларды қайтып берді.

Гесперидалардың алма­лары Ежелгі Грек мифологиясы

...Норвегия патшасының қызы шыны таудың басына шығып отырып алады. Тау өте биік және жалтыраған көк мұздай тайғанақ екен. Ханша қолына үш алтын алма ұстап отырады. «Кімде-кім осы таудың басына шығып, менің қолымдағы үш алтын алманы алса, мен соған тұрмысқа шығамын және патшалықтың жартысын сол жігітке сыйлаймын» деп жариялайды ханша...

Шыны таудағы ханша”  Норвег халық ертегісі

Тау бөктері тұтасқан жабайы алма болатын. Соғыс жылдары біз, жас балалар, қалың бөргезге қол-аяғымызды қызыл ала жоса ғып жырғызып, ұзақты күнге алмадан алма таңдап, сол бөктерде тентіреп жүруші едік. Қышқылтым ақ алма тістегеніңде мұз шайнағандай қаршылдайтын. Сәлден кейін тісті қамап қалатын да зар қақтырып бастырмай тастайтын. Сонда да жейтінбіз. Тапшылық­та қабысқан қарынды алмамен болса да істелеп жұбату керек. Ішіміз көгеріп, ауырсына ыңқылдап жататын кезіміз де көп еді. Қоңыр самал соғатын, итмұрын, қарақат, бөргездердің неше алуан исі аңқитын. Бірақ, ақ алманың – жабайы алманың қымыз исі бәрінен де ерекше еді...

 Жабайы алма Сайын Мұратбеков

 «Қыпша бел, алма мойын сұлу Баян,

Сипаты жаннан асқан ол бір серім!»

Қозы Көрпеш – Баян сұлу

 Жақсы қыз – баға жетпес бір гауһар тас,

Он алты, он жетіге жеткенде жас.

Жәннаттың пісіп тұрған алмасындай,

Қол жетсе, қандай жігіт ләззат алмас.  

Бақытсыз ЖамалМіржақып Дулатов

… Ерте келген жаймашуақ күз есімде қалыпты. Әдейі тұқым себетін мезгілді аңдып тұрғандай тамыз айы жылы жаңбырмен басталған – жаңбырдың нағыз керек кезі, әулие Лаврентий мерекесінің қарсаңы еді. «Лаврентийде жаңбыр жылы, су момын болса күз бен қыс май тоңғысыз» дейтұғын. Саршатамызда аңызды сілбі басып кетті. Бұл да жақсылықтың нышаны: «Саршатамызда сүттігеннің ұлпасы ұшса – күз шуақты»… Елең-алаңдағы таза ауа, тымық таң есімде… Тағы бір есімнен кетпейтіні – сары алтындай сағым шашып, сарғайып, сирей бастаған үлкен бақ, үйеңкі аллеясы, жердегі танау жарған сары жапырақтардың көрпесі, күзгі ауада балдың хош иісін аңқытқан Антон алмасының ароматы.

Антоновка алмасыИ.Бунин
(
аударма: Егемен Қазақстан)

— Аңыз бойынша, — деп жалғастырды бейтаныс жан, мына бақты қоршай тығыз орналасқан ағаштар Адам ата мен Хауа ана жұмақтан қуылған кезде қолына ұстап тұрған алмасынан шыққан екен. Ол өзінің қолында бір нәрсе бар екенін сезіп қараған кезде, тістелген алманы көріп, оны лақтырып жібереді. Содан бері олар осы мәңгілік қар астындағы аңғарда өсіп тұрады және отты қылыштар оларды соңғы күнге дейін қорғап тұрады.

“Алма”  Герберт Уэллс