Ошақтың отын өшірмей...
Әбдірәштің Жарасқанының жары Нәзігүл Нұрғалиқызымен сұхбат
Күзгі Алматы. Түскі екілер шамасы. Розыбакиев көшесіндегі төрт қабатты үйдің алдында тұрмын. Үйдің бұрышына орнатылған тақтатастағы ақынның бейнесі үнсіз. Өзі болса, бәлкім, «қош келдің» дер ме еді?
Төртінші қабаттағы үйдің қоңырауын бастым. Есікті Нәзік апай өзі ашты. Жетпіске аяқ басқан ақынның жары әжімді әже болыпты. «Кіре ғой» деп, қонақтарға арналған үлкен бөлмеге алып кірді. Қабырға толған ақынның портреттері. «Ана бір Жәкең екеуіміз тұрған суретті Рүстем салған. Оның қаламынан шыққан біраз суреттер бар», – деп Нәзік апай қабырғадағы портреттердің авторымен таныстыра бастады.
Бағашар: Рүстем үлкен ұлдарыңыз ғой?
Нәзік апай: Иә. Тұңғышымыз. Жарасқан екеуміз университет қабырғасында жүргенде отастық. Алғашқы сүйген перзентіміз. Атын Рүстем қойдық. Рүстемім қазір белгілі режиссер. Елбасымыз туралы «Балалық шағымның аспаны» фильмін түсірді. «Сталинге сыйлық» деген киносы халықаралық фестивальдардың бірнеше мәрте жүлдегері болды. Қазір үлкен шаңырақ иесі.
Бағашар: Жарасқан ағаның тұңғыш ұлына арнаған «Портфель» деген өлеңін білетін едік. Қалай еді?
Нәзік апай: «Жатқызды қыртыс, қырыңды,
Жылжыған жылдар өтектеп...
Мектепке тұңғыш ұлымды
Келемін үнсіз жетектеп» деп басталатын еді ғой.
Бағашар: Иә, «Емірендім сол сәт, егілдім,
Сезінсін қайдан сотқарың:
Алғашқы жүгін өмірдің
Арқалап бара жатқанын» деп аяқталады ғой. Жарасқан аға балаларға қалай қарайтын еді?
Нәзік апай: Өте балажан еді. Кішкентай балаларға бала деп қарамайтын. Үлкен адамдармен сөйлескендей сөйлесе беретін. Мектеп оқушылары да жай адамдар емес. Олар – болашақ президенттер, министрлер. Олардың басты жүгі – оқулары. Адамды асқар биіктерге жетелейтін – асқақ армандар. Сондықтан, оқушылар өздеріне мақсат қоя білу керек. Мен өзім де ұстазбын. Балаларымды да, шәкірттерімді де солай тәрбиелуге тырыстым.
Бағашар: Өзіңіз ұстаз болып, бала тәрбиелегенде неге қатты мән бердіңіз?
Нәзік апай: Біздің үй ақынның отбасы болғаннан кейін, қонақтар көп келетін. Дені – ақын, жазушылар. Мен ұлдарымды түгел қазақ мектебінде оқыттым. Ол кезде, Алматыда екі-ақ қазақ мектебі бар еді. Ұлдарымды берейін деп біреуіне апарсам, алмайды. Олай айтам, бұлай айтам қабылдар емес. Өзім білім беру ісінің үздігі едім. Білім басқармасының директорының кабинетіне кірдім де, «егер балаларымды қазақ мектебіне оқыта алмасам, мұндай атақтарыңның түкке де қажеті жоқ» деп, марапаттарымды алдына лақтырып жібердім. Содан әлгі бастық араласып жатып, ұлдарымды ақыры қазақ мектебіне қабылдады. Онда қазіргідей қаптаған көлік те жоқ. Екі автобуспен барып-келіп оқитын.
Бағашар: Ұлдарыңызды жиі ауызыңызға аласыз. Рүстеміңізден басқасымен таныстырсаңыз.
Нәзік апай: Ортаншым Шыңғыс – экономист. Кенжем Жәнібек – президент әкімшілігінде жауапты қызметте. Осылардың ортасында Жарасқан екеуімізге ортақ бақытты қазір өзім үшін де, Жарасқан үшін де көріп келем.
Бағашар: Бақыт деген не сіз үшін?
Нәзік апай: Жарасқанның артында бай әдеби мұра қалды. Солардың иесі – қалың оқырмандары. Рүстем әкесінің «Қаладан келген қыз» поэмасының желісімен кино түсірді. Үш ұлымнан немерелерімді сүйіп отырмын. Жәкеңнің артында іздеушілері бар. Түсінген адамға осы бақыт емес пе?!
Бағашар: Немереңіздің үлкені кім?
Нәзік апай: Рүстемнің үлкен ұлы Әбілқайыр дүниеге келген кезде, біз алғаш апа-ата атандық. Ол қазір Құрманғазы атындағы консерваторияда үшінші курс оқиды. Бұл – екінші жоғарғы оқуы. Өзі күй шығарады. Ең алғашқы күйін Жарасқан қайтыс болғанда шығарған. «Ата сағынышы» деп аталады. Жәкең қайтқанда мен қатты қиналдым. Бөлмеме кіріп, жалғыз жылап жоқтайтынмын. Сонда жаныма келіп әлгі күйді тартып отыратын. Әбілқайыр – атасының өзі тәрбиелеген немересі. Концертке ертіп жүретін. Домбырада ойнағанын көріп, марқұм Қаршыға Ахмедияров «Менің орнымды басатын – осы бала» деп айтыпты.
Бағашар: Білуімізше, қазір қолыңызда бір немереңіз бар.
Нәзік апай: Иә, ортаншымның ұлы Нұрғали ғой. Қазір М.Әуезов атындағы №128 мектептің 2 сыныбында оқиды. Сабағына өзім қараймын. Өзім ұстаз болғаннан кейін, басынан аяқ қадағалап отырамын. Бұл жағына келгенде өте қаталмын. Төрт алғанды жек көрем. Бала деген қызық қой. Алдында төрт алып келгенінде ұрысқанмын. Бір күні домофонмен сөйлестік. «Әже, бүгін көңіл-күйім күшті болып тұр. Маған ұрыспай-ақ қойшы. Мен біліп тұрып, қате жіберіп қойдым» дейді. «Жарайды, ұрыспаймын. Алаңғасар болма, ұқыпты бол. Әр жазғаныңды асықпай қара келесі жолы» деп, тәттісін бердім. Негізі кей оқушылар асығып жазып, қате жіберіп алады. Олар бірінші боламын деп, қателікке ұрынады. Ал меніңше, бірінші бітірмесең де, асықпай тап-тұйнақтай етіп орында. Соған жетпейді ғой. Немеремнің құлағына осы сөздерді құйып отырамын.
Бағашар: «Өзіңсің Гүлім, Нәзігім – Өмірлік Темірқазығым» деп Жарасқан өзі жырлаған Нәзігісіз ғой. Көп адамдар ерлі-зайыптылар бір-біріне ұқсап кетеді дейді. Анау төрде ілініп тұрған ақынның портретінен аумай тұрсыз қазір.
Нәзік апай: Шын ба? Иә, солай дейді ғой білетіндер. Жарасқан екеуіміздің түрімізді ұқсатып отырсың ғой. Ол екеуіміздің жанымыз да ұқсас еді. Мен де аздап өлең шығарамын. Оның алғашқы оқырманы мен болатынмын. Кейде түнгі төртте оятып алып, өлең оқитын. «Қалай?» деп сұрағанда, ұйқылы-ояу адамда қайдан ой болсын, «жақсы» дей салатынмын. Мұнымды байқап қалатын ол кәдімгідей ренжитін. Байқағыш болатын, жарықтық. Қазір маған ешкім өлең оқып бермейді, жарымның өлеңдерін енді өзім оқып жүрмін.
Бағашар: «Алфавиттің «А» тұрады басында,
Әрқашанда «Ә» тұрады қасында.
Байқадың ба «Б» тұрады үшінші
Ал осының сыры неде түсінші?» дейтін өлеңді бастауыш сыныпта оқып жүргенімізде жатқа соғатынбыз. Қазір де біраз балалар білетін болуы керек. Осы өлеңнің авторы Әбдірәштің Жарасқаны екенін кейін білдім.
Нәзік апай: Жәкең – балалар әдебиетінде өндіріп еңбек еткен адам. «Әліппе», «Санамақ», «Шежірелі шаңырақ» осы саланың жемістері ғой. Ұрпақ тәрбиесіне аса мән беретін. Қазақы тәрбиені сіңіріп, тарихты оқытуға көп қайрат жұмсайтын. Егер тамырын тапса, ары қарай өркендеп кетеді деп ойласа керек.
Бағашар: Өзі де қазақы тәрбиені көрген кісі болуы керек?
Нәзік апай: Жәкеңнің әжесі адуынды кісі болған деседі. Сөйлеуге кісі батпайды екен. Сол кісі Жарасқанның әкесіне әйелді өзі алып берген. Енем марқұм кішкентай ғана кісі болғанымен, ер мінезді, қуатты адам болған. Бірде үйге орталықтан қонақтар келіпті. Ішінде бір әйел бар екен. Еркектердің бәрі ән айтып, күй тартып, аяғында қойдың тоқпан жілігін сындырып, күш сынаспақ болады. Жілікті ешбір еркек сындыра алмапты. Сонда енем атып тұрып, тоқпан жілікті бір ұрғаннан-ақ шашып жіберіпті.
Бағашар: Оқырманға айтар тілегіңіз.
Нәзік апай: Булықтырған, бұқтырған қатал заман,
Білесің бе, кешегі ата-бабаң,
Надандықтан «екі» алса – алған шығар,
Адамдықтан ешқашан «екі» алмаған, – деп еді Жарасқан бір өлеңінде. Ұрпағымыз аман болсын. Адамдықтан ешқашан «екі» алмасын!
Бағашар Тұрсынбайұлы