- Негізгі бет
- Көкжиек
- Әбіш Кекілбайұлы. Құдірет...
Әбіш Кекілбайұлы. Құдірет
Жүз елу жыл. Қуыс өзек жанға көп көрінетін бір жарым ғасыр былайғы ғалам үшін бар болғаны қас-қағым ғана сәт. Сонда адамзаттың Толстойды білгеніне жүз елу жыл әлі тола қоймағанын ойлағанда қайтып таң қалмассыз. Егер дүние бір кезде күн көзінсіз өмір сүріпті десе сене қояр ма едіңіз. Сол сияқты қазіргі адамзат мәдениетін де «Соғыс пен бейбітшіліксіз», «Анна Каренинасыз», «Арылусыз», «Хажы Мұратсыз», «Крейцер сонатасынсыз», алып жазушының қаламынан туған әрқайсысы бір-бір әлемге барабар ұлы шығармаларынсыз көзге елестете алу мүмкін бе, сірә!
Жер асты қозғалыстарының әлде бір сиқыр құдіретімен ғайыптан пайда болып, кейін кең әлемнің төрінде мәңгі бақи орнап қалатын ақар-шақар асқар шыңдар сияқты адамзат алдындағы қадір-қасиеті тек бір ғана ғұмырдың ауқымымен өлшенбейтін елден ерек ересен тұлғалар жұмыр бастылар арасында да ұшырасады. Ондай сирек туатын адамның өнегелі өмірі бақилығы мен баяндылығы жағынан өлмес-өшпес табиғаттың өзімен ғана бәсекеге түсе алады. Адамның рухани өмірінің табиғи өмірінен қадірін асырып, тіршіліктің барша мән-мағынасын бір өзі иемденіп кететіндігі сондықтан. Күн мен түнге, ерте мен кешке, ыстық пен суыққа, аштық пен тоқтыққа бірдей тәуелді табиғи өмір таусылмай да сарқылмай тұра алмайды. Ал рухани өмір қысқа адым, келте ғұмыр табиғи өмірдің көкірегінен жаралғанмен уақыт өрісінде өз бағытын өзі тауып, өз тағдырына ие болады.
Толстой дүние салғалы табаны күректей алпыс сегіз жыл өтті. Ол екі ортада мынау жер бетінде неше мың пенде дүниеге келіп, дүниеден кетпеді! Арасында ауыздарымен құс тістеп Ай асты ғаламды айран-асыр қалдырғандары да толып жатыр. Толстой олардың ешқайсысын білмейді, ал олар ше... Күніне қанша мың пенде онымен сұхбаттасып жатады! Күніне қанша мың адам оның кемеңгер ақылынан емін-еркін сусындап, кемел мінезіне тәнті болады! Жер бетінде көлеңкесі де жоқ осы бір қайсар парасат иесін күніне қанша мың жүрек жан-тәнімен беріле сүйеді десеңізші! Күніне қанша мың адамның жанарындағы жарқын нұрда Толстой ақыл-ойының оты мен уыты, күніне қанша мың адамның жанарындағы кіреукеде, олардың тек өз тағдырларынын ғана емес, данышпан суреткерлердің қаламынан жаралып, адамзат қоғамының өлмес-өшпес мәңгілік мүшелеріне айналған Пьер Безуховтың, Қажымұраттың, Наташа Ростованың, Константин Левиннің, Анна Каренинаның, Катюша Маслованың, Платон Каратаевтың, Герасимнің, төрт аяқты тағдыр иесі Холстомердің кейде бұлтты, кейде шуақты аяулы өмірлерінің көлеңкесі де мөлдіреп тұнып тұрады десеңізші! Біз күн көзінің шапағатты сәулесінен жасарып-жаңғырып жатқан жайсаң табиғаттың жаңалықтарын елеп-ескере бермейтініміз сияқты кемел ақыл иесінің көкірегін жарып шыққан көркем сөздің адамның жан дүниесіне қандай өзгеріс орнатып жатқанын да бәр-бәр уақытта байқай қоймаймыз. Әйтпесе, Лев Толстой жер бетіндегі тірліктің әліппесін енді ашқан талай ұрпақты Адамның әлеуметтік өмірі атты, Адамның жан дүниесі атты шексіз ғарыштың не бір шырқау биіктеріне самғатқанын кім білмейді дейсіз. Толстой қадамы қызметке кіріскелі бергі ғасырдан астам уақыт ішінде жұмыр жердің қай пұшпағында қай күні қай кісі істеп жатңан ізгілік атаулының бәріне де Толстой сөзінің, Толстой өнегесінің қатысы бар. Адамның адам, адамзаттың адамзат атануына Лев Толстойдай үлес қосқан кісі кемде кем.
Шын құдірет! Ақылға сыймастай құдірет! Толстой шығармаларын оңып отырып, осынша кереметтің өзіңіз сияқты жұмыр басты жан иесінің қолынан қалай келгеніне таң қаласыз. Өзіңіздің де сондай керемет қолынан келе алатын адам деп аталатын айрықша нәсілден өніп-өрбігеніңізге мақтанасыз. Кемел ақыл иесі шақырып отырған қиянатсыз қоғам, кесапатсыз өмір, ізгілікті адамзаттың қиялы емес шындық екеніне кәміл иланасыз. Толстойды оқығанда адам адамнан басқа ештеңеге де таңқалмайды, адамнан басқа ештеңеге де сенбейді.
Ұлы жазушының ұлағатты творчествосымен дидарласқан кісі бастан кешпей қоймайтын, ауызбен айтып жеткізе алмайтын, осы бір сиқырлы халді мынау жұмыр жердің үстіндегі тіршілік орынында тұрса, өлі де талай-талай миллиардтаған жандар өз бастарынан өткерерлері хақ. Ұлы өнеге, ұлы өмір, ұлы өнердің уақытқа мойын ұсынбайтындығына Толстойдан артық мысал табу қиын болар.
Адамзаттың рухани өмірінің осынша құдіретінің сырын жапан түзде жалғыз өзі ойға батып пұшайман болған ақын қалай ғана дәл түсінген!
Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған...
Түлкі тымақты қазақтың аузынан ақыл иесі жандардың бәрі-бәрі қалтқысыз мойындайтын сара ақиқат саф алтындай домалап түсе қалыпты.
Баяғы Гомер мен күні кешегі Толстой арасындағы адамзат маңдайына біткен тіптен санаулы данышпандардың кереметтігін бұдан артық түптеп, түбегейлеп түсіндіріп беру мүмкін бе өзі?! Самала астанадағы салихалы қауым айтып үлгере алмай жатқан ақиқат салхар сахараның бір қиырында күңірене күн кешкен ақынның көкірегіне кеп түнепті.
Қазақ аулының түндігінің астында ойға батқан ақын қазақтың жас ұрпағы «Салтыков пен Толстойға» ұмтылмай, шен-шекпенге ұмтылады деп күйінеді. Ол қылышын жалаңдатып қышқыра келетін жезмұрт урядниктердің айқайынан қорқып қалған қос үрей сахарада отырып, арттағы ұрпаққа өз маңындағы жақсылар мен жайсаңдарды емес, жер түбіндегі Толстойды өнеге қылып тартады. Сөйтіп, ол көзде қолына әлі кітап ұстай қоймаған қазақ жұрты адамзаттың ең ұлы жазушысына деген ыстық лебізін өзінің ең кемеңгер ұлының аузымен көзінің тірісінде-ақ айтып үлгеріпті.
Таңданарлық жәйт! Бірақ, бұл адамзат аталатын қауымның рухани тұтастығының құдіреті! Қазір жер бетінде екінің бірі білетін осынау ақиқаттың күллі адамзатқа ортақ қағидаға айналғанына онша көп уақыт бола қойған жоқ. Бұрын біреу білгенмен біреу біле бермейтін мұндай әлемдік шындықтарды даусыз ақиқат етіп мойындату үшін де төтен ерлік елден ерек ерен таланттар керек-ті. Адамзаттың өз данышпандарын құрақ ұша құрметтейтіндігі де сондықтан-ды.
Бұрын шетсіз-шексіз көрінетін жұмыр жердің алапат ғарыштың төсіндегі жүрек секілді жұдырықтай ғана нәрсе екенін көзбен көріп, көңілмен ұққанымыз сәуір аспанына шығандап шығып қайтқан Гагарин ерлігінен кейін ғана емес пе?! Сосын-ақ адам санасы бұрынғыдай емес жер тағдырын өз тағдырындай көріп, көбірек ойлап, көбірек қамдай бастаған жоқ па?!
Ғасырлар бойы бірін-бірі білмей-көрмей, білсе де шала-шарпы құлақтанып келе жатқан көп ұлт, көп нәсілдің бір-біріне атымен ұқсамайтын кереғар, әр ұдай, әртекті, ала-құла әлеміш дүние емес, бір табиғат, бір өзеқ бір мүдде, бір нәсіл – адамзат екенін айқын ұғуда да рухани әлемнің ғарыштық шырқауларына самғап көтеріле алатындай алапат талант керек. Сондай құдірет дарыған санаулы саңлақтардың бірі – Лев Толстой.
Ол өзі көтерілген рухани ғарышқа күллі адамзатты да бірге самғатты. Оның әйгілі «Соғыс пен бейбітшілік» романы адамзат аспанында тек Толстой ғана көріп, тек Толстой ғана ашқан бір өзі бүтін бір галактика.
Бұрын-соңды әдебиетте бүтін бір тарихи оқиғаға, бүтін бір тарихи кезеңге, заманға, бүтін бір ұлтқа лайық не керемет туындылар туған-ақ шығар; бірақ бөлінбес біртұтас күллі адамзаттың өзіне лайық ұлы шығармалар шығанда бір-ақ қылаң беретін. Сондай сиректің бірі – «Соғыс пен бейбітшілік».
Осынау әйгілі шығарма күллі адамзатқа тарихи дамудың бар сырын көзбен көріп, қолмен ұстатқандай қылып жарқыратып жайып салды. Тарих, тарихи оқиға, тарихи адам, тарихи даму... Осынау ұғымдардың ұлы түйіні халық. Тарих үшін халықтан құдіретті күш жоқ. Тарихтың қозғаушы күші – әйгілі көсемнің сұңғыла ақылы да, әйгілі билеушінің көрген саясаты да, әйгілі қолбасшының көзсіз ерлігі де емес, халықтың өміршең мүддесі мен соның жолындағы жанқиярлық күресі. Бұл әлеуметтік аксиоманы Лев Толстойға дейін ешбір суреткер тап бұлайша жеріне жеткізіп көркемдік шындыққа айналдыра алған емес-ті.
Ұлы суреткер өз эпопеясында тек бір ғана мемлекеттің тарихында маңызды орын алатын, тек бір ғана ұлттың басын оздыратын, тек бір ғана дәуірдің күрделі әлеуметтік шындығын қамтитын оқиғаның жай-жапсарын суреттеп қоймай, күллі адамзат қоғамының басындағы бақ пен маңдайындағы сорды ашып берді.
Адамзаттың арғы-бергі тарихында 1812 жылғы Отан соғысы сынды ірі оқиғалар талай-талай ұшырасқан шығар. Олар туралы талай-талай шығармалар жазылған шығар. Оларға талай ұрпақ таңдай қағып тамсанған да шығар. Бірақ, олардың ешқайсысы «Соғыс пен бейбітшілік» сияқты барша адам нәсілінің әлеуметтік санасын есейтіп, рухани дүниесін шыңдаған нағыз күллі азаматтық университетке айнала қоймапты.
Лев Толстой 1812 жылғы Отан соғысындағы себептерін ашуда буржуазия тарихшылары қаларының да, ұлттық эгоизмнің де тар ауқымы тұра білді. Ол ұлы жеңістің түпкі сырын франц орыстардан гөрі шалағай соғысқанынан, маршалдарының Россия генерлитетінен гөрі: болғандығынан, император Наполеонның Александрдан гөрі таяз саясатшы екендігінен емес, шайқасушы екі жақты ұқсастырып отырған макслердің әлеуметтік төркіндерін іздеді. Франц қолындағы билікті жержүзілік масштабқа ұлғайтқысы келіп, ұлттық эгоизм мен «революцияшыл» демагогияны қару еткен Наполеон авантюрасының құрбаны болса, орыс әскері өз елінің тәуілсіздігі мен тарихи үшін күресетін халықтық мүдде жолында шайқасқа шығып жеңіске жетеді. Эгоистік мүдде халықтық мүдденің, саяси авантюра тарихи даму логикасының алдында тізе бүгуге мәжбүр болады.
Сөйтіп, Лев Толстой ол кезде адамзаттың саяси өмірінде әлі жұрттың бәрі құлақ асар әлеуметтік шындыққа, қоғамдық ойда әрі даусыз дәлелден ақиқатқа айнала қоймаған халықтың, халық мүддесіндегі тарихи дамудағы шешуші қызметі жолындағы қағиданы өзінің суреткерлік асқан талантының арқасы тартқызбас көркемдік шындыққа айналдырады. Жазушының бұл концепциясы оған дейін ешбір суреткер өз творчествосында дәл бұлайша шырқап шыға алмаған әлеуметтік биік үлкен азаматтық ерлік еді. Дүниежүзілік әдебиетте «Соғыс пен бейбітшіліктің» ерекше орыны мен Лев Толстой талантының ұлылығы да, міне осында болса керек.
Жазушының өз концепциясын характерлер емес, тарихи даму жолында қалыптаса бастаған екі көзқарастың қақтығысы, идеялар қақтығысы арқылы ашады. Эпопеяда бір-бірінің жағасына жармасып тобықтан қағып жатқандар атымен ұшыраспайды десе де болғандай. Романист екі мемлекет арасындағы дипломатиялық тартысты, орыс штабында орын алған қорлық дүрдараздықты өзекті тартыс арнасын дырмай үлкен тарихи оқиғаның тағдырын шешу, себеп бола алмайтын қосалқы жағдаяттар санатында қарастырады да, ал өз кейіпкерлерінің тарихи, объективті сипатын тану жолындағы шытырман ізденістерінің шиыр шырғалаңдарын көз жазбай жіті бақылап отырады.
Суреткер Платон Каратаевтың, Тушиннің, Денисовтың қалың бұқараның өз қойнында жаралып, өз құшағында өскен шынайы халықтық бітімдерін тамсана, сүйсіне бейнелесе, табиғатында әділетшіл Пьер Безуховтың жылтырақ та жымысқы дворяндық дүниесінен қарапайым халықтық болмысқа дейінгі қиын да күрделі жолын ерекше ыстық ықыласпен суреттейді. Оның көрсетуінде, Кутузовтың да ұлылығы елден ерек әскери талантында емес, штаби қитұрқылықтардан гөрі халықтың, әскердің көңіл-күйін жіті сөзіне алатын айрықша сезімталдығында, әр сөз, әр қимылынан біз Мұндалап тұратын халықтық пәтуа мен халықтық парасатта. Бұл ретте ол романда Наполеонның бірден-бір рухани антиподы болып көрінеді. Шығармада бір идеялық тенденцияның басында тұрған француз императорының рухани қарсыласы ретінде орыс патшасы емес, халық өкілдерінің суреттелуі тарихи дамудың объективті заңдылықтарын терең түсінген суреткер талантының шынайы демократтық табиғатын танытады.
Халық тұрмысы мен халық мінезін бейнелегендегі ақындық пафос сарай маңын, зиялы қауымды, штабты көрсеткенде байсалды да байыпты зерттеуші пафосқа ауысады. Тушин мен Каратаев бейнесінде ептеп қылау беретін дәріпшілдік Александр мен Наполеонды былай қойғанда тіпті Кутузов бейнесінің өзінде де атымен ұшыраспайды.
Капиталистік құрылыстың алтын әшекейі сүртіліп, ар жағынан қызарып мысы көріне бастаған тұста өмір сүрген реалист суреткер бір басының экономикалық мүддесі мен әлеуметтік мүддесін былайғы дүниенің бәрінен үстем санайтын бейдауа эгоизмді қару еткен буржуазиялық психологияның кісі шошынарлық рухани кесепатын елден бұрын сөзіп, елдің ең алдымен ашына айыптады. Толстой суреттеуіндегі Наполеон – буржуазиялық эгоистік психологияның шеннен шыға асқынған құбылысы. «Қарапайымдық, ізгілік пен шындық жоқ жерде ұлылық та жоқ», – дейді француз императорының тұлға тұрпатындағы сырт жылтыраққа, мінезіндегі әупірімдікке, қимыл-әрекетіндегі бәр-бәр уақытта ақылға сия қоймайтын тосындыққа бола, оны әз-әулие көріп, данышпан тұтатын рухани өздік пен атын шығару үшін өртеуге бар данқ құмарлыққа бірдей ашынған кемеңгер жазушы. Ол Наполеон басындағы рухани сайқалдық пен экстремизмнің күллі адамзаттың басына қиуып төндіргелі тұрған ең үлкен рухани кесепат екенін бірден таниды. Ұлы гуманистің рухани экстремизмге мұншалық шүйлігуінің нағыз көрегендік болғанын адамзаттың кейінгі тарихы айқын дәлелдеп берді. Данышпан жазушының бұл ғибраты планета аспанында фашизмнің, империализмнің, нәсілшілдіктің, экспансионизмнің жирекенішті бықсығы әлі арылмай тұрған біздің тұсымызда бүгінгі ұрпақ үшін айрықша маңызға ие болып отыр.
Лев Толстой буржуазиялық мінез-құлықтың қалың жыныстарынан өсіп-өрбіген рухани бейбастақтық тек писихология шеңберімен ғана шектелмей, саясатқа да ауыз саларын, ал ол адамгершілік пен гуманизм өзегіне құрт боп түсіп, күллі тіршілік тағдырын екіталай етерін жер түбінен көре білді. Ол орыс жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігіне сүйсіне отыра соғысты қызықтаудан, соғысты жырлаудан атымен аулақ. Эпопеяның жүздеген беттерін алып жатқан орасан баталия бір-ақ мақсатты – «адам табиғаты мен адам ақыл-ойына атымен жат», соғыс деп аталатын сұмдық құбылыстың жексұрындығын жеріне жеткізе әшкерелеуді көздейді. Толстойға дейінгі әдебиетте антимилитаристік пафос дәл мұншалық шиыршық атып көрген емес-ті.
Гуманист жазушы соғысты дүниедегі ең қымбат нәрсе – адам өмірін аяқ асты қылып, адам тағдырын тәлкекке, жер үсті тіршілікті мәнсіздік пен мағынасыздықтың жиынтығына, адам санасын творчестводан, адам тәнін сұлулықтан айырып, кездейсоқ қатыгездіктің бейшара құрбандығына айналдырғысы келетіндігі үшін жек көрді.
«Мен адамның бойында тек зор моральдық күш қана емес, сонымен қатар орасан қажыр-қайрат та бар екендігіне, бірақ осынау күшке кісінің өзін ғана сүюі сияқты өте бір жексұрын тұзақ салынғанына, барша әлсіздік пен сорлылықтың содан өрбитініне көміл сенемін. Адам сол тұзақтан қалай құтылып шықты-ақ, солай ол ешкімге, ештеңеге жеңдіртпейтін керемет құдіретке айналары сөзсіз», – дейді ол.
Толстойдың бұл концепциясы тек «Соғыс пен бейбітшілікте» ғана емес, күллі творчествосында адам туралы күрделі шындықты мейлінше дәл, мейлінше кең қамтып ашуына жағдай жасады.
Тарихтың бірден-бір қозғаушы күші халық деп ұққан жазушы халық тағдырын ешқашан адам тағдырынан бөле жара қараған емес. Ол тарихи қозғалыстың, әлеуметтік сыр-сипатының ең бір тұңғиық терең астарлары ашылатын ая – адам тағдыры деп түсінеді. Сондықтан да, тіптен жержүзілік оқиғаларды жан-жақты қамтып жатқан «Соғыс пен бейбітшілік» сынды эпикалық туындыда ұшырасатын жүздеген кейіпкердің ешбірінің тағдырын ат үсті бейнелемей, қай-қайсысының да басындағы хал-ахуалды егжей-тегжейлі зерттей суреттейді. Әдебиет әдебиет болғалы оның адам танытқыштық қабілетін Лев Толстойдай шыңдаған суреткер кемде-кем-ақ шығар. Ол адам мен адам, адам мен қоғам, қоғам мен адамзат арасындағы көзге көрінбейтін миллиондаған нервтердің ешқайсысын мүлт жібермей дәл суреттеудің теңдесі жоқ асқан үлгісін көрсетіп берді; мыңдаған адамдардың алуан-алуан тағдырлары мен әрекеттері арқылы бір дәуірдің тұтас сом суретін жасауға да, санаулы ғана кейіпкерлердің жандүниесін үңги қазу арқылы бүкіл бір кезеңнің шытырман келбетінің күрделі шындығын жарқырата жайып салуға да бірдей ұста екендігін танытты. Алғаш рет Лев Толстой романының авторлық баяндауларында ұшырасқан «адамның ішкі қызметі», «жан диалектикасы», «кең тынысты роман» сынды ұғымдар кейін тек әдебиет танудың терминологиясына кіріп қана қойған жоқ, жиырмасыншы ғасыр прозасының басты-басты даму бағыттарын белгілеп берді. Қазір әдеби-сын мақалаларында оңды-солды ұшырасатын бұл терминдер әу баста әдебиеттану ғылымынан емес, прозадан, Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігі» мен «Анна Каренинасынан» келгенін бәр-бәр уақытта ескере де бермейміз.
Лев Толстой өз творчествосы арқылы әдебиеттің қоғам танытқыштық, адамтанытқыштық мүмкіндіктерін молайтып, оны күннен-күнге күрделіленіп бара жатқан әлеуметтіқ рухани болмыстың ешбір иірімін қағыс жібермейтіндей сергектік пен асқан шеберлікке ие етті. Осы заманғы творчестволық процесте кейде жілік-жілік боп бөлшектеніп жүретін интеллектуализм, әлеуметтік талдау мен психологиялық талдау, философия мен тұрмыс көріністері Толстой шығармаларында сегіз таспа қамшының өріміндей жігін білдіртпей жымдасып жатады. Тек әдебиетке ғана емес, осы заманғы көркем-өнердің қай тұрлеріне де қатынасы бар «ішкі монолог», «сөзім ағымы», «монтаж», «қосақ монтаж», «баяндаудың субъективтендірілуі», «композиция еркіндігі», ассоциациялы композиция тағы басқа жаңа көркемдік әдістердің қай-қайсысының да түп төркіні Толстой творчествосынан табылады.
Ол әдеби көркемдіктің мұншалықты жетілген технологиясын адамзат қоғамының әлеуметтік моральдық шыңдалуына қызмет еткізуді мақсат тұтты; әрбір шынайы талант өз құдіреті өзін қызықтауға, өнерді қызықтауға емес, адамдардың «адамгершілігін өсіруге», «сүйсінуге тұратын нәрсеге сүйсінтіп», «жек көруге тұратын нәрсені жек көргізіп», ылғи кемелденіп отыруына жұмсауға тиісті деп үйретті.
Өз творчествосында да бұл қағидасынан бір сәт айнып көрмепті. Оның романнан, драмадан, повестен, әңгімеден, публицистика мен эсседен, хаттар мен күнделіктен, ертегілер мен тұспал хикаялардан тұратын көп қырлы творчестволық мұрасының ортақ мазмұны – адамның өз мойнындағы өзімшілдік тұзағынан арылып шығып, ешкімге, ештеңеге жеңдіртпес керемет күшке айналу жолындағы күресі. «Соғыс пен бейбітшілікте» осы күрестің күллі европалық картинасы жасалса, «Арылуда», «Анна Каренинада», «Қажымұратта» бұл күрестің таза орыс топырағындағы болмысы көрінді. Ол «Анна Каренина» мен «Қажымұратта» әлгідей күресте мерт болған аяулы тағдырларға әрі қайғырып, әрі сүйсінсе, «Арылуда» сондай тайталаста тізе бүкпей шыққан ерлік пен өжеттікті көріп қуанады. Сергек суреткер өз жанын баурап алған рухани ізгілік жолында басын пидаға шалуға пейіл Анна Каренина, Катюша Масловалардың азапты тағдырларын рухани ерлікке балай бейнелейді де, өз басындағы аз күн қызық пен жол-жөнекей ләззаттың күйтінен жоғары көтеріле алмаған сылқым Вронскийдің рухани сайқалдығын жирене, өз қылмысын сөзініп, жаңа шешімге бел буған Нехлюдов әрекетін үміт арта суреттейді.
Адам тағдырына немқұрайдылықты адамзат тағдырына деген енжарлық деп ұққан ұлы суреткер басқалардың басындағы сор мен азапты көріп-біліп, жанашырлық жасауда ұлттық, нәсілдік қауымдық шек шекараның бәрін батыл мансұқтай білді. Бұл ретте Лев Толстойдың «Қажымұраты» адамзаттың рухани ұлылығының айқын айғағы болып табылса керек. Капиталистік қанау мен отаршылдық өзгінің асқынған заманында өмір сүрген жазушы басқаның мүддесін баса көктеу атаулының бәрін адамзаттың маңдайына баттаса жағылған ең зор масқара деп санады. «Әрқайсысы өз орынында ғана әдемі көрінетін», «табиғат гүлдерін» жапыра жайпап, бір қомағай уысқа күштеп тығуға тырысатын озбырлық атаулыға қарсы шығып, өз өмірін, өз тағдырын «ақырына дейін арпалыса қорғап», «өліспей беріспеген өр өскіндерді» дәріптеді. «Бұл адам деген неткен қатыгез, неткен озбыр мақұлық еді, ол өз қорегі үшін қанша өскінді, қанша ғұмырды түбірімен отап, құртып бағуда», – деген жазушы сөзі тек Қажымұрат тағдырына деген аяныш қана емес, өз ұлты, өз табы, өз қауымы үшін басқалардың тағдырын баса көктей жөнелетін эгоизмнің кесепатына айтылған лағынет еді!
Адам мен адамзаттың әлеуметтік болмысының егжей-тегжейіне сұңғыла жетік суреткер Толстой қиянатты көре бер де, көне бер дейтін уағызшы Толстойға атымен қосыла алмайды. Ол «өзімнен басқа бұл бомаса, күл болсын» дейтін эгоистік мораль әлеуметтіқ экономикалық қайшылықтарға толы қанаушы қоғамда қандай қорқынышты кесепатқа айналатынын соншалықты терең, соншалықты жан-жақты ашып берді. Толстой прозасы мен Толстой драматургиясы адамгершілікке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын эгоистік мораль жүрген жерде шындық болуы, әділет болуы, демек шын мағынасындағы адам мен адамзат болуы еш мүмкін еместігін ұқтырады.
Осынау сергек те шыншыл реализм, шынайы гуманизм мен қалтқысыз демократизм Лев Толстойдың орыс тарихы мен орыс өмірінен алынған шығармаларын барша адамзаттың әлеуметтік болмысын жарқыратып жайып салған күллі әлемдік көркем құбылысқа айналдырды. Жер жүзіндегі барлық ұлт, барлық нәсіл оны жатсынбай, жақын тұтып, оның ұланғайыр творчестволық мұрасын өз шындығым, өз жан сырым, өз қазынам деп қабылдады.
Мұндай ыстық ықыластың түпкі сыры данышпан суреткердің барша адамзатқа ортақ ақиқаттарды ұлттық болмыстан, өміршең идеяларды өткінші дәуір шындығынан құм арасынан алтын тергендей асқан зор қырағылықпен іздеп таба білгендігінде, өзі тапқан ақиқаттың бәрін адамға, оның әлеуметтік көрегендігі мен рухани кемелділігінің арта түсуіне қалтқысыз қызмет еткізе алғандығында.
Ол көркем творчествоның ең биік мұраты адамзатты күллі әлеуметтік кесепат атаулыдан құтқарып қалудың қамын қамдап, мұңын мұңдай білу деп ұқты. Ол үшін ең алдымен, адамды, адам санасы мен адам құлқын азғындықтан аман сақтай білу керек деп түсінді. Толстойдың ойынша, адамды құтқаратын оның өзін-өзі шыңдай түсуді көздеген дәйекті рухани қызметі. Сондықтан, оның шығармаларының қай-қайсысы да моральдық дағдарыстарға ұшырап, әлеуметтік өмірдің тығырығына тірелген ақыл иесі жандардың азапқа толы рухани ізденістеріне құрылады. Оларда қиян-кескі, шым-шытырық оқиғалар жоқ та, қиын тағдырлар жеткілікті-ақ: шарт та шұрт шайқастар аз да, миыңды зеңітіп, жүрегіңді сыздатар сөзім сергелдеңі мен ой арпалысы өте мол, Лев Толстойдың қай-қай шығармасы да, қай-қай кейіпкері де әрдайым өзіңді өзің сын төзіне сап, белді бекем буып, берік шешім қабылдай алатын рухани белсенділікке шақырады.
Бұл, әрине, Лев Толстой замандастарының бастарындағы келеңсіздіктерден құтылуға тым аздық ететін еді. Ол тұстағы рухани дағдарыстардан арылу үшін, ең алдымен, сол дағдарыстардың әлеуметтік төркіні – кісіні кісі қанайтын қоғамдық қатынасты түбірімен жою керек еді. Оны ұлы жазушы барлық уақытта жеріне жеткізіп түсіне алмады.
Алайда, Лев Толстой творчествосында мейлінше жарқырап көрінген рухани максимализм пафосы қоғамдық өмірдегі өрелі өзгерістерге байланысты өз маңызын жоғалтпайды, қайта бұрынғыдан да күшейте түседі. Әлеуметтік прогрестің позициялары беки түскен сайын жан-жақты жетілген биік парасатты азамат тәрбиелеу қоғамдық дамудың ең өзекті міндетіне айналмақшы. Әлеуметтік дамуда қоғамның рухани потенциалының атқарар қызметінің арта түсуі әр адамды бір кезде ұлы гуманист жазушы уағыздаған белсенді рухани ізденіске, өзінің де, қоғамының да мерейін асырар биік парасат, кемел адамгершілік және азаматтық үлкен жауапкершілікке шақырады.
Қазір күллі адамзат Лев Толстойдың қаламынан шыққан әрбір жолды қырық қайтара оқып шығады. Бүгінде жер бетіндегі тіл атаулыны түгел дерлік меңгерген ұлы орыс жазушысы әр алуан ұрпақтың, ұлттардың, құрлықтардың өкілдерімен күні-түні сұхбаттасады да жатады. Осы заманғы қауым данышпан жазушының әлі түгел тәптештеліп, түгел тәртіпке түсіріліп үлгермеген өмірдің өзіндей онша қырнап-жонылмаған кедір-бұдыр тіліне ақиқат іздеген сананың шырғалаңындай күрделі де шым-шытырық ұзын сонар сөйлемдеріне қай көздегіден гөрі де жетігірек түсініп, көп мән, көп мағына табуда. Өйткені, адамзат өз мойынындағы «өзін ғана сүю сияқты өте бір жексұрын тұзақтан» құтылып, «барша, әлсіздік пен сорлылықтан арылып», өз бойындағы зор моральдық күшті де орасан қажыр қайратты да ізгілік жолына жұмсап, шын мағынасында «ешкімге, ештеңеге жеңдіртпейтін керемет құдіретке» айналуға қай көздегіден де молырақ мүмкіндікке ие болып отыр. Адамзаттың бір бөлігі ұлы суреткер арманын жүзеге асыруға білек сыбанып кірісіп кетсе, екінші бөлігі оның болмай қоймайтын тарихи заңдылық екенін түпкілікті мойындай бастады. Жерді мекендеуші ақыл иелері өзі мен ортасын жетілдіру, жақсартып, жаңарту жолында ешқашан дөл қазіргідей жаппай бас қатыра ойланып, дөл қазіргідей жаппай күресіп, дәл қазіргідей жаппай ерелі рухани ізденіске түсіп көрмеген шығар. Мұндай игі істе Толстойдан артық сенімді, Толстойдан артық пәрменді одақтас табу еш мүмкін емес. Сондықтан да Толстой ықпалының аясына барған сайын жаңа адамдар, саналы азаматтың салихалы ізденістерін бастаған жаңа ұрпақтар, рухани қайта тұлеу мен дербес тарихи тағдырға, саяси тәуелсіздікке ие болған жаңа ұлттар көптеп ілігуде.
Олар Толстойға, ең алдымен, адамға деген зор сенімі мен ыстық ықыласына бола құштар. Жазушы күллі адамзатты өзінің әрбір мүшесінің, әрбір жеке пенденің барша мұратына жетуіне мейлінше күш салуға шақырса, әрбір жеке пендені өзін-өзі қапысыз шыңдау арқылы күллі адамзаттың барша мұратына жетіп, бақытты болашақ орнатуына белсене ат салысуға үндейді. Бұл ретте ол әрбір адамды тек жеке тағдыр иесі ғана деп емес, күллі адамзат тағдырының заңды қожасы деп таниды. Адамға деген мұндай гуманистік көзқарас оның жасампаздық рухын тірілтіп, жарқын болашақ жолында табанды күреске шабыттандырады.
Адам мен адамзаттың армандары ешқашан аласармақшы емес.
Ендеше Лев Толстой, оның ұлағатты творчествосы адамгершілік мұраттардың асқар биіктеріне талмай ұмтылған ұрпақтар шеруінде әрдайым көш басынан табылмақ.
Кемеңгер суреткердің құдіреттілігі де, міне, осында.
Әбіш Кекілбаев,
1978 жыл
Дереккөз: ult.kz
М. Ақан