Бәрі де күні кеше сияқты еді.
Ақ тымағын баса киіп, жасыл шапанын айқара жамылып, қақ төрге шалжия жайғасқан кәрі атаның бауырына тығылған бүлдіршін немередей ерке тотай бала еді.
Еш хабары қағыс қалмайтын. Ешкімі ешқайдан, ештеңеден қалыс қалмайтын.
Әуелі Ақтөбедегі Жарқамыста ма, Төбекөңде ме «үйінің төбесіне байғұз қонып», айдалада айтысарға жан таппай, жалғыз болып жүріп-ақ, әдебиет дүниесін дүр сілкіндіріп, біреулердің айтуынша «қойшы бала», біреулердің айтуынша «тракторшы бала» Өтежан Нұрғалиев деген ақ перен ақын шықты.
Араға жылдар түсіп, астана қауымы тағы бір сондай поэзия вулканының лапылдауын күтіп жүргенде Шымкент жақтан хабар келді. Ленгірдегі бір тракторшы бала жер жыртып қана қоймай, жыр сапырып жүр екен десті.
Өзінен гөрі сүйіне оқитын өлеңдері мен сүйсіне тыңдайтын әні бұрын жетті.
Көп ұзамай Алматы көшелерінде піріне ерген мүриттей Жұмекен мен Төлегеннен, Шәмші мен Қалаубектен бір елі қалмай, арсалаңдай күліп, ағынан жарылып, ағытыла өлең оқып, қаралай мәз-мәйрам қылып кететін ақкөңіл ақын жігіт пайда болды.
Кердең астанаға кеш бас сұққанмен, қыңа да, қымсына да қоймады. Төрден бір-ақ шықты. Сөйтіп өзінің ғана емес, күллі өз буынының басын оздырды.
Жастардың әдеби журналына редактор болып, жазушылар ұйымына Әнуар, Олжас, Сайындармен жарысып хатшы болып, өз жұлдызымен қоса, талай талантты замандастарының да бағын жандырды.
Қарапайым сияқты көрінгенмен, қайсарлығы мықты Мұхтар ауыл арасының миятын көп місе тұта қоймады.
Көбіміздің аяқ-қолымызды еріксіз тұсап-матап тұратын көзге көрінбес небір сиқыр шылбыр-шідерлерді уақытылы әрі батыл үзе білді.
Соның арқасында, одақтық әдеби ордалардың іргелеріне де ертерек ат байлап үлгерді.
Бұрын Мұқаң, Сәбең, Сұр Ғабең, Сары Ғабеңдерге ғана жарасатын сияқты боп көрінетін төрлерден күні кеше өз қасымызда жүрген, өзі айтатындай «торпақ тұмсық» «сары бала» Мұхтарды көретін болдық.
Қолда өскен ботаның тайлақ аты қалмайтынына күмәндана бастадық.
Сол Мұхтар – бүгін алпыста. Енді оны егде тартқызып, еңкейте қоймағанымен, алас ұрғызар армандардан гөрі сабаңа түсірер сабырға қарай бет алғызатын ақ самай жасқа қимай отырмын.
Алайда, оның көптен бері марқұм Ғабеңмен, Қайсын Кулиевпен, тірі Расул Гамзатов, Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Давид Кугультинов, Евгений Евтушенколармен қолтықтасып бірге жүргені есіме түсіп, әлгі сезімімнің аңғалдығын мойындауға мәжбүрмін.
Әр арқарға жеген отына орай қуат, шыққан тауына қарай мүйіз беретін шығар.
Бұл жағынан, Мұхтар Шаханов алпыс түгілі тоқсанға шықса да, ешқайсымыздың есіркеуіміз бен мүсіркеуімізге мұқтаж бола қоймас? Бүгінде әр қазақ қаламгерінің, құдай көпсінбесін, алты мың ба, жеті мың ба, ызғындай бір қауым қаламдасы бар екені рас, Мұхтар Шаханов солардың ішіндегі есіңе алдымен оралар, көзіңе алдымен түсер алғадайларының бірі ғой.
Демек, аға жасына аға болып жете алып отырған азаматымыз ғой.
Ол аз десеңіз, елінің, ұлтының, руханиятының бүгінгі бет жүздігі саналып үлгерген замандасымыз ғой.
Ол өзіміздің төл поэзиямыздың, оның да қарапайым қазақы сана, қазақы сезімге етене жақын қарабайыр жөргегінен бүгінгі әлемдік поэзия олимпіне тайсалмай, табандылықпен ұмтылып келе жатқан альпинист ақын.
Оның балаң жырлары, негізінен, әнге айналып, ауылдағы жиын-тойларда айтылып жүр. Ал, кейінгі жылдары кенеттен мінез шығарып, кесек турап, кесіп айта бастаған кескекті поэзиясына өзімізден гөрі өзгелер көп үңілуде.
Әлемдік даңқ – өз өнеріне мықтап сенетін әр таланттың дәметер биігі шығар. Оған жеткізетін жол-соқпақ әлемдік әлеуметтік болмыстың күрделі қия-қырқалары арқылы өрмелейтін шығар.
Мұхтар да бір кезде ынты-шынтын салып кіріскен өз ауылымыздағы тіршіліктің көбіне қолын бір-ақ сілтеп, сол қаралай еңсеңді басатын асқаралы құзарттарға құлаш сермеуге бел буған сыңайлы. Асқарға бет алған аңшыдан арқар атып келеді деп дәметкен жөн ғой. Мұхтар Шахановтың бұл талабының да өрге басуына тілектеспіз.
Ақын болған соң албырттықтан ада қайдан болсын?! Мұхтар да талай тәуекелге ойланбастан бел байлаған сияқты көрінгенмен, көп жерде ойдағыдай нәтижелерге жетіп жүр. Әдебиетте де, әлеуметтік өмірде де көңілі қаймығып, жүрегі шайлығып көрген емес. Ләйім солай бола берсін. Әсіресе, күрескерлікті биік мұрат тұтқан қайраткер азаматымыздың ұлттық талайымыз талапайға түсіп кете жаздаған жылдардағы қалтқысыз ниеті мен қажырлы еңбегіне қашан да ризамыз.
Ақиқатты іздемейтін кісі жоқ. Бірақ, оның анық-қанық «адресін» дәл білетін «жол сілтеуші» ешқашан болған емес.
Содан ба екен, әлде бірер көйлекті бұрын тоздырғандықтан ба екен, Мұхтар ініміздің іштің де, сырттың да қай көкпарынан да қалыс қалмайын деп, атына әр қамшы басқан сайын үйде отырып тақым қысатынымыз бар.
Онымыз, бәлкім, алыс жорықтар мен аламан бәйгеге қосамыз деп баптаған тұлпарымызды жол-жөнекей додаларға салып, босқа арамтер қылмайықшы деген ниеттен шығар.
Оның үстіне, қазір қауымымыз өз тарихының ең бір талма тұсын бастан кешіруде. Өткенімізде де, бүгінгімізде де кенде қалып жатқан тұстарымыз аз емес. Бірақ, олар түңіле қараудан гөрі түсіне қарауды көбірек керек ететін сияқты. Сонда ғана тәуекеліміз бекіп, тірлігіміз түзелер түрі бар. Жоғымыз сірә көп екен, азғантай барымыздың бәсін түсіріп, берекесін қашырғаннан не ұтамыз? Әсіресе, ескі жырларда айтылатындай, «заманымызға тап келген дулығалы нарымыз» деп жүрген санаулы салауатты азаматтарымыздың өзара жүз шайысқандарынан ешқайсымыздың да мүйізіміз қарағайдай бола қоймас. Таудағы тарландар саңқылдасты екен деп, етектегі қырғиларды қиқуластырғаннан еріміздің де, еліміздің де табар абыройы шамалы.
Бұндай базынамызды алпыстың асқар белінен асып, алаштың риясыз ықыласына бөленіп отырған арыс азаматтарымызға айтпағанда, кімге айтамыз?! Бүгін айтпағанда қашан айтамыз?!
Бұндай жасқа бізден бұрын жеткен ағаларымыз: «алпыс – тал түс» деп жүр ғой. Алда да талай уақыт бар шығар.
Асқардан асқар асып, алға ұмтылған ақын азаматтың атының арынды, қаламының қарымды бола беруіне тілектеспіз.
Әбіш Кекілбайұлы, 2002 жыл.
Ұлт порталы