Әбіш Кекілбаевтің айтқандары

Заманымыздың заңғар тұлғасы, қазақтың біртуар жазушысы Әбіш Кекілбаев әлемі – қазақтың кең байтақ даласындай үлкен әлем. Әбішті абыз деп атасақ та сөзіміз артық болмайды. Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдары – тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығармалар.

Әбіш Кекілбаевтың қай қасиетін сөз етсек те, ең алдымен, қазақ санасында оның әдебиет сыншысы, шебер, көркем шығарма жазушылығы алғы кезекке шығады. Әдебиетке бала кезінен мол дайындықпен келгені оның терең шығармаларынан айқын көрінеді. Не жазса да ұлттық сананы сіңірге білген жазушыны әлі оқып, түпсіз терең әлеміне енген ешкім жоқ шығар. Әбіштің айтқандарын оқи отырайық!

***

Бағалай білмегенге бақ қонбайды,
Қуана білмегенге құт қонбайды.

***

Уақыттың өтетіні рас, көп нәрсенің ұмытылатыны рас. Бірақ өмір бірақ рет беріледі деген өзіміз білетін қағида бар. Ол қандай заманда, қандай жағдайда өтсе де бәрібір қымбат. Сондықтан өз басым өткенге өкпе жүрмейді деп ойлаймын. Өткенге тек тәубе жүреді деп ойлаймын.

***

Өнерде шәкірттік сезімін жоғалтқан адам ұстаз бола алмайды. 

***

Әккілік жүрген жерде шын пәтуаның, әулекілік жүрген жерде шын парасаттың көсегесі көгере қоюы неғайбыл.

***

Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана. 

***

Мергендердің жақын жүргенінен алыс жүргені қауіпті, мерген еместердің алыс жүргенінен жақын жүргені қауіпті.

***

Ұлт аналар берген ақ сүттен нәр алып, әкелер көрсеткен ата жолмен өркендейді. 

***

Кітап пен кітапхана бар жерде ұрпақтар арасында жалғасып жатқан интеллектульдық ұлы серпін ешқашан тоқтамайды.

***

Кішкентай көздерге жақсылық істе мейлің, жамандық істе мейлің, жанарының шарасына сыймайтындай алапат қып істе. Әйтпесе, аз жақсылығыңа бәрібір місе тұтпайды, ал сәл ғана жамандығыңды көрсе – жерден алып, жерге салып жазғыра жөнеледі.

***

Дүниеде адам үшін жалғыздықтан асқан азап жоқ.

***

Дүниедегі ең қатерлі кесапат- үйреншікті дағдының дегенінен аса алмау.

***

Бетіне құмырсқа жорғаласа да із түсетін ұп-ұлпа май топырақ болады-ау. Әйелдің жаны да тап сондай. Оған айтылған наз, салған қолқаның ешбірі із-түссіз қалмайды.

***

Адам алдана білмесе, кеп-келте ғұмырында басынан кешіретін сан-сапат тауқымет пен азапқа бір күн де төзе алмас еді. Көңілдің қорғанышы - алданыш.