- Негізгі бет
- Көкжиек
- "Абай жолының" кіндік...
"Абай жолының" кіндік анасы
Қазақтың тұңғыш стенографисі Данабике Байқадамова 1913 жылы Торғай қаласында қарапайым қызметкер отбасында дүниеге келген. 1935 жылы Алматы қаласындағы стенографистердің екі жылдық курсын бітіргеннен кейін республикамыздың газеттері мен баспа орындарында еңбек етеді. Ол кісінің көптеген қоғам қайраткерлері мен тарихи тұлғалардың баяндамаларын, дәрістерін стенографиялағаны туралы әдеби еңбектерде айтылып та, жазылып та жүр.
Атап айтар болсақ, Д. Байқадамова ұлттық стенографияның тәжірибелі маманы ретінде Құдайберген, Ахмет Жұбановтардың, Б. Майлиннің, М. Әуезов шығармаларын, Ж. Жабаевтың жырларын, Республикалық Жазушылар Одағының съездері мен Пленумдарына қатысып, стенографиялаған. Данагүл Байқадамоваға заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын стенографиялау бақыты бұйырған. Мұны қазақ әдебиеті тарихына енген елеулі еңбек десек ағаттық болмас.
Д. Байқадамованың есімі Қазақ эниклопедиясына да енген. Ол тұңғыш болып халқымызға «Қазақ стенографиясы» еңбегін жазып кеткен екен. Сонымен қатар, бірнеше том естелік жазып, келешек ұрпаққа мол мұра тарту етті. Мұндай естеліктерден оқырмандар танымал тұлғалардың жеке өмірі, өзара қарым-қатынастарынан бастап, отбасылық отырыс, қызмет бабындағы кеңестер мен мәжілістер үстінде, жеке кездесулерде болатын мінез-қылықтың сан қырын, алуан сәттерді оқып біле алады. Сондай құнды естеліктердің бірі – «Мен білетін Әуезов».
Д. Байқадамованың осы кітабында «Абай жолының» жазылуы туралы мол ақпарат берілген. Естелік кітапта М. Әуезов екеуінің арасындағы ең алғашқы таныстық былай суреттеледі:
«Қазақ академиясының тіл және әдебиет институтының бір жиынында бейтаныс аспирант: «Сіз директордың кабинетіне кіріңізші» деп шақырды. Кабинетте адам көп екен. Топ ішінен Мұхтар Омарханұлы кілт бұрылып, қол бере сөйлеп кеткеннен, «шақырған сіз боларсыз» деген ойымды іштей ұққандай болып:
– Әр жиында жиі кездесеміз, сыртыңнан да жақсы қанықпын. Сізді де солай деп ұғам. «Жүз адамның жүзін танығанша, бір адамның атын біл» деген емес пе, танысып қояйықшы! – деп зор ілтипатпен жіті амандасып, қысылып-қымтырылуға мұрша да бермей, қаумалап үйіріп, баурай тартып алды».
Данабике Байқадамова Мұхтар Әуезовтің жоғары оқу орындарында оқыған дәрістерін стенографиялауды 1947 жылы бастапты. Ұлы жазушыға Д. Байқадамованың айтқан сөздерін жазу жылдамдығы ұнаған болуы керек, келесі жылы өзінің романын стенографиялауға шақырады:
– Данаш, сіз машинкаға басуға қалайсыз? Аз уақыттың ішінде сынасқандай болармыз. Сізге, маған машинисткам, стенографисткам, секретарым бол деп, қалағалы келем. Сіз іні, мен аға болайын. Осыған келіссек, басқа жағын көре жатармыз», – деген екен М. Әуезов.
Д. Байқадамова Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын стенографиялауды 1948 жылы қыркүйекте бастағанын жазған. Жалпы, жазушы өз туындыларын стенографиялауды осы «Абай жолынан» бастаған екен.
Мұхтар Әуезов эпопеяның алғашқы беттерін ауызекі әңгіме айтқандай екі сағат бойы жатқа айтыпты. Данабике жазушының қолына қараса, еш жазылған қағазды көрмепті, сонда таңғалып: «Аға конспектіңіз болса, менің стенографияға түсіргенімді салыстырып керейін» десе, Мұхтар Әуезов: «Конспект басымда ғой. Жиырма жыл бойы басыма сақтаған, миымда жазылған «Абайым» ғой. Сіз тек жазып үлгеріңіз!» депті. Содан кейін жайраңдай масаттанып, киініп, академияға кетіп қалды» – деп жазылған жоғарыда аталған естелікте.
«Ал «Абай жолы» романының бірінші кітабын тамыз айының ыстық күндерінің бірінде аяқтадық.
– Не де болса, бүгін аяқтаймыз – деп отырып, түн ортасы ауа, үш төрттің шамасында ең соңғы нүктесі қойылды. Қолындағы қызыл қарындашын үстелге нұқи қадап, қойып қалғанын «аяқталды-ау» деп, мен де басымды көтеріп алдым. Мұхаңа қарасам, екі көзі шылаулана қызарған, зеңги басып маған қарай келеді екен. Жүзінде күлкі, шаттық нышаны бар. Жіті қолымды алып:
– Адамнан қадірлі жәндік жоқ. Жас нәресте туғанда ата-ана қандай қуанады? Сондай қуаныштан менің бүгінгі қуанышым кем түспей тұр. Баланы әйелі туады, ері соған қуанады, ал өзі туса ше?.. Мен бүгін өзім туып тұрмын! Балалы болмадық па? Болдық. Олар өлмеді ме? Өлді. Сол өлімдер алғашқы кезде жүрегімді өртеді де, күндер өтті, жоқ болды. Сондықтан, баланың да қуанышы шолақ екен. Мен кейінгі ұрпағыма Өлмес, Өшпес перзент беріп тұрмын. Бала – үй қуанышы. Ұлы «Абай» – ел перзенті, бұл жұртымның ортақ қуанышы. Сол қуаныштың бірінші куәсі – Өзіңіз. Ағаңның мына басының ішіндегі көптен жатқан қазынаның сыртқа тебуінің куәсі, менің сол өшпес еңбегімнің кіндік анасы деп қолыңызды қысамын, құттықтаймын! – деп қолымнан алып, маңдайымнан иіскеді.
Екеуміз баланың дүниеге келгенін жумақ болып асханаға тарттық, мен көңілім босап:
– Қол-аяғыңызды бауырыңызға тез алыңыз, жақсылап қалжаланыңыз. Нәрестеңіздің қуанышына батыңыз, махаббатына бөленіңіз. Деніңіз сау болса, талай перзент-кітаптар туар. Ұзағынан сүйіндірсін. Мен де «кіндік шешелік» міндетімді атқарармын. Соған сеніп, менің де құттықтауымды қарсы алыңыз», – дейді Д. Байқадамова.
Данабике апамыз қаламгермен, оның отбасымен ұзақ жылдар бойы іскерлік, аға-қарындастық, достық қатынаста болған. Осындай бір сыйластық, достық ара-қатынас Мұхтар Әуезовтың Кисловодскіде демалып жатқан кезінде Д. Байқадамоваға жазған хатынан сезіледі:
"Қадірлі Данаш!
23-де жазған хатыңыз келіп, қуанып қалдым. Сондайлық дос, жақын жүректен шыққан жылы леп сезгендеймін. Өзіңізді мен де аса жақын тілеулес бауырым, өзімдей көремін. Мені танып, бағалайтын жанның бірісің, оны біз әшейін де айтыспасақ та, осындай жырақта болған шақтарда ойламай, ескермей жүруге болмайды".
Мұхтар. 7.Х. 1950 жыл.
Мақаланы дайындау барысында Д. Байқадамованың "Мен білетін Әуезов" естелігі пайдаланылды.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: baq.kz, Анара Мұстафина