Абай – би, Абай – заңгер

“Арқаның кербез сұлу Көкшетауы…”деп Сәкен Сейфуллин жырға қосқан кербез Көкшеде "АБАЙ–БИ, АБАЙ–ЗАҢГЕР" тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған шара Ақмола облыстық соты мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бастамасымен жүзеге асырылды.

Ұлы Абайдың поэзиясын бойлаған зерттеушілер ұшан-теңіз. Аталмыш ғылыми шарадағы өзгешелік – Абайдың заңгерлік қызметінің зерттеліп талқылануында, оның қоғамындағы мәдени және құқықтық рөлінің зерделенуінде.

Танымдық конференцияға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының кеңесшісі Н.Н.Қалқа, Ақмола облысының әкімі Е.Б.Маржықпаев, Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ө.О.Озғанбаев, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің ректоры М.Қ. Сырлыбаев, Шәкәрім университетінің ғалымдары және Көкшетау қаласының жоғары және орта оқу орындарының басшылары, республикалық, облыстық сот саласының ардагерлері, облыстық құқық қорғау органдарының басшылары, судьялар, сот саласының қызметкерлері, еңбек ардагерлері мен БАҚ өкілдері де қатысты.

Пленарлық бөлімде Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Абайды ұлықтауға арналған жиынға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірсе, Жоғары соты төрағасының кеңесшісі Нұрлан Нұрахметұлы Қазақстан Республикасы Жоғары соты төрағасының құттықтау сөзін оқыды.

Кіріспе сөз барысында Ақмола облыстық сотының төрағасы Әміров Досжан Сарманқұлұлы Абайды тереңірек тану мақсатында ойшылдың даналық сөздерін оқу бойынша “Әр сөзінен ұғындырған ұлылық” тақырыбындағы эстафеталық челленджге 200-ге жуық судьялар мен сот қызметкерлерінің белсенді қатысқанын және 50-ден астам бейнематериалдың жарыққа шыққанын хабарлады. Игі іс-шараның жалғасы ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласқанын айтты.

Абайды әділ биліктің үлгісі деп таныған конференцияда Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, профессор, АҚШ-тың Техас штатының құрметті азаматы Өмірзақ Озғанбайұлы: «Абайды Абай ғып қалыптастырған ортасын да бірінші еске алуымыз керек деп есептеймін. Арғы тарихқа бармай бергі жағынан қайтқанның өзінде Абайдың әкесі - Құнанбай, Құнанбайдың әкесі - Өскенбай, Өскенбайдың әкесі - Ырғызбай...Ырғызбай тас шайнап, топырақ түкірген адам. Оның заманы елі үшін, жері үшін тағдыр шешу мәселелерге толы болды. Абылай ханның серігі болған - Ер Жәнібек Ырғызбайдың батырлығына әбден тәнті болған, қандай жорыққа барса да қайтпас батырлылығымен, қаһармандығымен көзге түскен».

КӨКШЕТАУ–СЕМЕЙ, БІРЖАН САЛ – АБАЙ

Тарихта қос таланттың кездескенін жақсы білеміз. Абайдың "Біржан-ау, өзіңдей қазақта енді әнші тумас" деген сөзіне Біржан сал: «Абай, мендей әнші туар, бірақ өзіңдей тыңдаушы тумас!» – деп бір-бірінің қадіріне жете білген сөздері де дәлел.

Ғылыми шарада қос тұлғаның, қос қаланың бір-біріне үндес, рухтас тарихының тереңде екені айтылды.

Осы тұста, Абай елінен келген Шәкәрім университеті өкілдерінің атаулы конференцияға қатысуы – киелі Көкше елі үшін зор қуаныш болса, семейліктер үшін үлкен абырой. Шәкәрім университетінің профессоры Ғазизова Назигүл Слямболқызы қазіргі заман мен Абай шығармасындағы адам құқығының үндестігі туралы баяндама жасап, Абай заманындағы қылмыстық істерге қатысты құқықтық құжат– Қарамола ережесінің көшірме нұсқасымен таныстырды.

Университет өкілдері конференция барысында Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайынан арнайы алынған деректік материалдардан Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме жұмысын ұйымдастырды. «Рухани жаңғыру» Семей жобалық кеңсесінің ғылыми қызметкері Қауанова Шырын Әділқызы келушілерді көрме жұмысымен таныстырып, Абайдың немере інісі Шәкәрімнің «Үш анық» философиялық трактатын келген қонақтарға ұсынды.

Ғылыми шарада Абай арқылы қазақ елін өркениетке жетелейтін, рухани байытатын, абыройын асқақтатып, мәртебесін биіктетін, ынтымақ пен бірлікке, білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке баулитын әрі адамзаттың жан дүниесіне ой салатын баяндамалар тыңдалды.

Күллі адамзат баласының рухани азығына айналған - Ұлы Абайды тағы бір қырынан тану, оны ел ішінде насихаттау ерекше мақтаныш! Ұлт ішіндегі ұранымызды әлемдік деңгейде насихаттау – мемлекет үшін үлкен мәртебе болмақ!


Қауанова Шырын Әділқызы
гуманитарлық ғылымдар магистрі