1894 жылдың 15 қазаны... Дәл осы күні қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Қарағанды облысы Ақадыр (қазіргі Шет ауданы) ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келген еді. Кімді меңзеп тұрғаным Алашқа аян шығар. Иә, азан шақырып иеленген Сәдуақастай есімі бар Сәкен Сейфуллиннің туған күнін мына жұрт ұмытпауға тиісті. Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған Алаш ұлы алғашқы білімін Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищесінде алған болатын.
Сәкен мен Гүлбаһрам Сейфуллиндер 1926 жылы Қызылорда қаласында отбасын құрды. Қыздары Лаура 1929 жылы туып, 1932 жылы қайтыс болды. Сәкен еркелетіп Лаураны «ДәріДана» (Дәрдана) дейді екен. 1936 жылы ұлы Аян дүниеге келеді.
Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян 1 жаста. 2 жыл ішінде әке мейірімін сезіне алды ма екен бұл сәби?..
Оның есімін Мұхтар Әуезов «Аян» деп қойған көрінеді. Кішкентай Аянның 1 жасқа толу күніне Сәкен мен Гүлбаһрам қатты дайындалады. Сәкен мен Гүлбаһрам қуаныштан қатты толқып, қонақтарды жақсылап күтіп алуы үшін базардан барып арнайы ақ дастарқан сатып алады. Өкінішке орай, осы ақ дастарқан қуанышқа жайылмады. Сол күні отбасы қуанышын бөлісуге қадірлі достары, жақын-жуықтар келеді деп елегізіп жүрген Сәкенді НКВД адамдары тұтқынға алған.
С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30 жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді. С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. «Жұбату» әңгімесі - Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық, шығармасы. «Жемістер, «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» туындыларында замандастар өмірі бейнеленген.
С.Сейфуллин есімімен көптеген ауыл, елді мекендер, театр, мектеп, кітапхана, көшелер аталады. 1985 жылдан Целиноград қаласында (қазіргі Астана қаласы) С.Сейфуллин мұражайы жұмыс істеді. Мұражай жанында ақынның ескерткіші орналасқан.
Елге деген еңбегіңде еске түсіріп ескерткішің тұр қарап...
Бүгінгі күн осындай ұлы ағалардың еңбегі арқылы келгені шындық. Оған дауымыз да жоқ! Алаштың арда азаматтарын ұмытпағайсың, қазақ баласы!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: azattyq.org, baq.kz, seifullin.ru