Қазір ақпараттар ағыны тым көп. Жарияланған жаңалықтармен түгел танысу мүмкін емес. Ал бүгінгіні игере алмай жатқанда, кешегі жазылғанға мойын бұруға да мұрша болмайтындай көрінеді. Сондықтан адамдар көркем әдебиет оқығысы келгенде, роман деген атынан қорқып, қысқа жазбаларға үйір болды. Оқырман сұранысын қанағаттандыру мақсатында аз мәтін оқып, көп ой түйетін әңгімелерді ұсынамыз.
«Қияли» Оралхан Бөкей
Барлық адам кішкене кезінде тезірек өссем ғой деп ойлайды. Өсе келе балалық ауылында қала бергенімде деп аңсайды. Ал бұл әңгіменің қияли кейіпкері Саршатамыз жігіт болғанда да кәрі апасының омырауын сорғылап, әскерге апамды алып кетемін деп қиғылық шығарған. Сол секілді дәйім "ғажап" әлемде ғұмыр кешкіңіз келсе, оның қияли ғаламына бірер минутқа саяхаттап келіңіз.
«Жалғыз» Шерхан Мұртаза
Ақ боранда ажалмен арпалысқан Кәріпхан мен Ержан. Есеңгіреп радио-рациясымен сөйлескен Әсемай. Немересін қасқыр сүйегінің сорпасына шомылдырып, ғажайыпқа тап болған Нұрхан қарт. Бәрі-бәрі шағын әңгімеге сыйып кеткен. Не жалғыз, кім жалғыз? Шығармадан оқыңыз.
«Оң мен сол» Мұхтар Мағауин
Қазақта өсіп-жетілген адамға қарата айтылатын "оңы мен солын таныды" деген сөз бар. Кішкене кезіңізде оң қол мен сол қолды, оң жақ пен сол жақты қалай ажыратушы едіңіз? Ал өскенде жақсы мен жаманды айыруға сол әдісті қолданып көрдіңіз бе? Мағауин бала шағындағы оң аяқ киім мен сол аяқ киімін шатастырып, жерге із салу арқылы ажыратқанын әдемі жеткізеді және есейгенде мақсаты мен бағытына жетер жолдағы оң мен солын айыруға қандай із салғанын осы оқиғамен жақсы үйлестірген.
«Оң қол» Төлен Әбдіков
Он минут қисаңыз, басқа он минуттардың қалай өтіп кеткенін аңғармай, бір отырғанда бас ала алмай қалатын шығарма іздесеңіз, «Оң қол» туындысын оқыңыз. Көпшілігіне таныс та шығар, дегенмен бірнеше қайталап оқысаңыз да артық етпейді. Емделушісіне ғашық болған дәрігер әңгімесінің әсерінен бірден айығу мүмкін еместей.
«Мона Лиза» Рақымжан Отарбай
Бір-ақ ерні он екі жыл салынған әйелдің картинасы туралы сайтымызда да, өзге басылымдарда да жарияланған ақпарат көп. Ал ол туралы, сурет өнері туралы қазақ әдебиеті не дейді? Қазақтың Моншақ қызын қызғандырған Монаның құдіреті неде? Арман боп табысып, азап боп ажырасқан тағдырды шығармадан оқыңыз.
«Сол бір қыстың сәрсенбі күндері» Арман Әлмембет
Автобуста да, оқу орнында да, саябақта, кітапханада, клубта, театрда – қайда жүрсеңіз де махаббаттың бал-шырынына мас болған ғашықтарды көресіз. Қарайсыз да, жалғанға жария болған сезімнің құны қанша екен деген ойға қаласыз. Бұрынғы кездің "көзбен көріп, ішпен біліскен" мөлдір махаббатын еске алып, салыстыра бағамдайсыз. Мұндай жұмбақ сезім қазіргі кезде де өлген жоқ. Оған Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық Кітапханасының күзетшісі көзімен қарап көрейік...
«Депрессия» Аягүл Мантай
Адам терең ойдың тұңғиығына батып кетсе, депрессия туады. Ал ол күйзеліс сезімі жұқпалы болуы да мүмкін. Аягүл Мантайдың қай-қай жазбасынан да ерекшелік көруге болады. Біз ұсынған әңгімесі Айкөркем атты жезөкше қыз бен құрбысы жайында. Бес баланы бес еркектен туған анасына деген қыздың өшпенділігі қай жерге дейін баруы мүмкін...
«Үшеуінің қайсысы» Антон Чехов
Махаббат қаласына аттанғанда бақыт көшесіне тұрақтауыңыз бірге саяхаттаған жолсерігіңізге байланысты. Оны аса талғампаздықпен, он ойланып, мың толғанып таңдау керек. Сіз де осындай таңдау арасында тура жолды таба алмай жүрсеңіз, Чеховтың «Үшеуінің қайсысы» әңгімесін оқуға он минут бөліңіз. Ой салар.
«Мәдениеттің қосалқы бөлшегі қайда?» Әзиз Несин
Түріктің атақты сатиригі Әзиз Несин өз кезеңіндегі өмірді, саясатты сынап, халыққа астармен жеткізген. Қай заманда жазылса да, маңызын жоймаған шығарманы Маржан Ершу түрікшеден аударып ұсынды. Мәдениет – темір. Темір – трактор. Жаңа заманға ілесу үшін де бастың ішіндегі борпылдақты іске қосу керек. Айтар ауызға оңай, атқарар іске ше?
«Зомби» Харуки Мураками
Жігіт пен қыз үйленуге шешім қабылдады. Ал той белгіленген уақытқа бір ай қалғанда жігіт ойы өзгеріп, қызының бойынан мінін тере бастаса қалай болады? Еш нәрсе себепсіз болмайды. Оқиға қалай өрбіп, қалай аяқталарын білгіңіз келсе, қысқа ғана әңгіменің Думан Рамазановтың аудармасындағы нұсқасын оқып көріңіз.
Әңгімелерді сілтемесіне өтіп оқи аласыз. Ал сіз қай әңгімемен бұрыннан таныссыз?