Күні кеше ғана басталған Канн кинофестивалінде продюсер Александр Роднянский авторлық кино көрермендерін жаңалығымен қуантты. Ол аса талантты кинорежиссер, теңдессіз туындыларымен танылған Андрей Звягинцевтің жаңа картина түсіріліміне кірісетінін хабарлады.
Тағы бір қуантатыны, бұл Роднянский жеткізген жалғыз жақсы жаңалық емес: "Жаңа жобалар 2021-2022 жылдары өндіріске шығады" - деді продюсер. Әңгіме Андрей Звягинцевтің ағылшын тіліндегі алғашқы фильмімен қатар, Кантемир Балаговтың келесі жұмысы және "Оскар" лауреаты Стивен Содербергпен бірге продюсерлік ететін Годфри Реджодың деректі жобасы туралы болып отыр.
Звягинцевтің отбасылық драмасының "What Happens"деп аталады, ол "адам өмірінің құндылықтары туралы нәзік дискурсқа" айналмақ. Режиссер сценарийді әдеттегідей Олег Негинмен бірге жазады. "Біз көпшілік "Елена" мен "Левиафанның" жалғасы, яғни, орыс трилогиясының қорытынды бөлімі деп есептейтін(Мен бұл пайыммен келіспеймін) "Нелюбовь" картинасына қатысты жұмысымызды аяқтағаннан кейін Андрей екеуміз шығармашылық үзіліс жасадық. Жақында Андрей келесі фильм туралы ойын айтты. Ағылшын тіліндегі жобаны мен бірден қолдадым, өйткені Андрейдің таланты, оның адам табиғатын таңғажайып түсінуі оған кез келген аудиториямен - орыс тілінде де, жаһанның өзге де тіліндеде сөйлесуге мүмкіндік беретініне сенімдімін", - деді Роднянский.
Кантемир Балагов Крейг Мейзиннің HBO арнасындағы "The Last of Us" сериясының пилоттық эпизодтардағы жұмыстарды аяқтағаннан кейін өзінің үшінші "Моника" аталатын фильмін түсіруге кірісуді жоспарлап отыр. Жаңа фильмдегі оқиғалар режиссердің отаны Кабардино-Балкарияда өрбиді. Ол "Большая книга" әдеби сыйлығының иегері, орыс жазушысы Марина Степновамен бірлесіп сценарий жазуға кірісіп кетті.
Үшінші жоба, яғни, режиссер Годфри Реджоның сюжеті "бұрын-соңды болып көрмеген технологиялық өзгеріске ұшырап, экологиялық апат қаупі төнген әлемде жаңа мәдениетті құруды мақсат еткен" жастар туралы баяндайды. Фильмнің музыкасын композитор Филипп Гласс жазады. Продюсер сөзін "Стивен Содерберг маған осы оқиға туралы айтқан кезде, мен бір секундқа дейін ойланбастан, бірден келістім. Мен Годфри Реджо фильмдерінің көптен бергі және абсолютті жанкүйерімін және мен үшін онымен және Стивен Содербергпен жұмыс істеу ерекше абырой"- деп қорытындылады.
Биылғы Канн кинофестиваліне Роднянский екі фильммен келді. Олар - ресейлік Кира Коваленконың "Разжимая кулаки" және Ари Фолманның израильдік "Найти Анну Франк" фильмдері.