- Негізгі бет
- Кино
- Зверополис. Тек өзіңнің...
Зверополис. Тек өзіңнің қорқынышыңнан қорқу керек
24 ақпан күні Meloman компаниясы ұйымдастыруымен Алматы қаласы "Bekmambetov Cinema" кинотеатрында "Зверополис" мультфильмінің арнайы көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz сайтының тілшісі.
Трейлерін алғаш көргенде мультфильм толығымен осылай баяу жүретін болса, басынан аяғына дейін көруге шыдамым жетер ме екен деген ойда қалуыңыз мүмкін. Бірақ сіз трейлерден тамашалаған жай қозғалатын жалқаулар бір эпизодты ғана қамтиды.
Мультфильм балаларға қарағанда, үлкендерге аса қызығырақ болуы мүмкін. Себебі мұнда саясат та бар, философия да бар. Бүлдіршіндерді бауырмалдыққа, татулыққа, шыншылдыққа баулу – Дисней компаниясының басты мақсаты, бұл фильмде де мақсатынан таймаған.
Балалардың танымдық қабілетін арттырып, полиция қызметі, журналист жұмысы, хатшылық қызмет, саудагерлер ісі қалай жүзеге асатынан хабардар етеді. Режиссерлер Байрон Ховард, Рич Мур, Джаред Буш заманауи техниканы да ұтымды қолданған. iPhone телефоны, сәбіз бейнелі диктофон, компьютер, бақылау бейнекамерасы дәлелді дәйектеу құралы ретінде бас кейіпкер қоянға көп көмегі тиеді.
Түлкінің тапқырлығы, қоянның ақылдылығы көрген көрерменді тәнті етеді. Біз кішкене кезімізден ертегі оқығанда қоян – қорқақ, түлкі – қу аң деп таныдық. Мультфильм кейіпкерлері осы стереотипті бұзуды көздейді.
Сюжеті қоянның сахналық қойылымымен басталады. "Ертеде алып хайуанаттар кішкене аңдарға әлімжеттік көрсетіп, оларды қорқақ деп таныған. Ал қазір бәрі өзгерді" деген үй қоянының сөзінен бастау алады. Бұл сөзді қоянның өзіне қарсы қолданғысы келген түлкі онымен талай соқпақтан бірге өтіп, кейін ажырамас досына, серіктес қызметкеріне айналады.
Кішкене ғана әлжуаз қоян полицей қызметкері болып, әлемге тыныштық, әділдік орнатуды мақсат тұтады. Ата-анасы: "Біздің тұқымымызда полицей қызметкері болмаған, шамаң жетпейді" деген қарсылығына қарамастан, айналадағы алып аңдардың әлімжеттік көрсетіп, мұрын шүйіре қарауына жасымай, қайта жігерленіп, спортпен шұғылданып, дене шынықтырып, кез келген қиын жағдайдан өз күшімен шығуға талпынады.
"Арманыңа жету жолында талмау қажет, әркім қалағанына жетуі тиіс" деген қағиданы ұсынады. "Тек өзіңнің қорқынышыңнан қорқу керек, әлсіздігіңді ешқашан ешкімге көрсетпе, қорқынышыңды жеңе білсең, бәрін де жеңесің" деп, көрерменге ұран тастап, балаларға ғана емес, ересектерге де мақсатына жетуге жігер береді.
Өзгеге еш мақсатсыз жасаған кішкене жақсылығы күндердің күнінде зор сауап болып, алдынан шығатынын мысалмен көрсете біледі.
Мультфильмнің саундтрегі ретінде Шакираның орындауындағы "Try everything" әні алынған. Көңілді әрі сөзі де мультфильм мағынасымен үйлесімді. "Бәрін байқап көру керек, Мен берілмеймін, қателіктерімнен сабақ аламын. Құстар ұшады, құлайды, қайта тұрады. Ешкім жарақат алмай, өмірге бірден бейімделе алмайды. Жолым болмаса да, қайта бағымды сынаудан шаршамаймын" деген тәрізді өлеңнің әр жолы қоянның ішкі сезімімен үндеседі.
Академияны үздік бітірген Джуди Хоппс атты қоян полицейлік қызметін қалай бастап, өзінен бірнеше есе алып аңдардың қылмысын қалай әшкерелегенін, жолында қанша қиындыққа кезігіп, сағы сынбай, еңсесін тік ұстағанын, серіктесі Ник Уайлд есімді түлкімен қарым-қатынасы қалай өрбігенін, бірер сағат ішінде орындауы тиіс деп берілген мүмкіндігін қалай пайдаланғанын мультфильмнен тамашалаңыз.
Ең соңында Джуди мен Никтің жолын кесіп өтіп, көлікті ең жоғары жылдамдықпен айдаған бұрынғы баяу қозғалатын Блиц екенін көріп көрермен күлкіге қарқ болып шықты.
Мультфильм Қазақстан кинотеатрларында наурыз айының 3 күнінен бастап көрерменге жол тартады.
@. @assel_assanova