Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық – қазіргі таңдағы ең жойқын адам құқығы бұзылуының бірі. Бұл тақырып кино саласында да кеңінен қозғалып жүр. Бүгін осындай ауыр тақырыпты көтерген фильмдер топтамасын ұсынамыз.
Солтүстік ел
Северная страна
North Country
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны Джози тағы бір отбасылық жанжалдан кейін, екі баласын алып, өзінің туған жері Солтүстік Миннесотаға оралады. Он алты жасында ана атанған ол жасөспірім шағынан тек көршілері мен таныстарының сөзіне қалған еді. Содан беру ешнәрсе өзгермейді. Жаңа өмір бастауға келген әйел темір кеніне жұмысқа орналасады. Ол жердегі ер адамдар оны мазақ қылып, зорлық көрсетеді. Енді Джозидің шыдағысы жоқ. Өзінің әріптестерін сотқа береді.
Фильм Луис Дженсоннің шынайы оқиғасы негізінде түсірілген. 1984 жылы EVTAC кенінде 9 жыл жұмыс істеп, компанияны сотқа береді. Сот процессі 14 жылға созылды.
Айдаһар бейнелі татуы бар бойжеткен
Девушка с татуировкой дракона
The Girl with the Dragon Tattoo
Микаэль Блумквист ірі өнеркәсіп иесі Генрик Вангердің жиенінің жоғалып кетуін тергеу туралы ұсынысына келіседі. Іс барысында ол хакер Лисбет Саландермен кездесіп, оны тергеуге қосылуға көндіреді. Сонымен қатар, Лисбеттің басынан кешкендері баяндалады. Соттың шешімімен бала кезінде оған жаңа қамқоршы тағайындалған. Бопсалау арқылы ол қызды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп, жылдар бойы зорлап келген.
Сабан иттер
Соломенные псы
Straw Dogs
Эми өзінің жарымен бірге туған қаласына көшіп келеді. Келе салысымен жергілікті жас жігіттердің назарына ілігеді. Кейін олар қызға зорлық көрсетеді.
Фильм 1971 жылы Сэм Пекинп түсірген фильмнің ремейкі. Бірақ екі режиссер оқиғаны екі түрлі жеткізеді. Пекинп жігіттердің іс-әрекетін жануар түйсігі десе, Лури бұны қоғамдық мәселе ретінде көрсетеді.
Менімен жүр
Идем со мной
Go with Me
Туған жеріне оралған Лиллианнің артынан Блэквэй түсіп алады. Бойжеткеннің шағымына полиция қаладан кетуді ұсынып, көмектеспейді. Сондықтан Лилиан өзге екі азамат Лестер мен Нейттің көмегіне жүгінеді.
Бірігіп олар Блэквэй туралы ақпарат жинай бастады. Жергілікті органдардың әрекетсіздігіне күйінген олар қорғаныштың жалғыз жолы қылмыскерді тауып өздері жазалау екенін түсінеді.
Элл
Она
Elle
Видео ойындар өндіретін компания директорларының бірі Мишель Лебланды өз үйінде біреу зорлап кетеді. Оқиғаны тек бұрынғы күйеуі мен құрбысына ғана айта алады. Дегенмен іс онымен бітпейді. Мишель зорлықшымен тағы бірнеше рет кездесуге мәжбүр болады.