- Негізгі бет
- Кино
- Zомбилэндке қайта оралуыңмен,...
Zомбилэндке қайта оралуыңмен, көрермен!
2009 жылы жарыққа шыққан "Zомбилэндке қош келдің" (Zombieland) хоррор-комедиясы XXI ғасырдың зомби туралы фильмдердің беделін асқақтата түскен еді. Бірақ, фильмнің екінші бөлімін (сиквел) 10 жыл күтуге тура келді. Көп жағдайда, сарыла күткен көрермен үміті ақталмай жатады. Мысалы, "Терминатор 3" фильмді алуға болады. Сондықтан, Рубен Фляйшер режиссерлік етіп, қайта оралған "Zомбилэнд: Соңғы шайқас" (Zombieland: Double Tap) алдында үлкен санық тұр еді.
Абайлаңыз, спойлер!
Фильмнің тұсаукесері 24-қазанда өтті. "Zомбилэнд: Соңғы шайқас" хоррор комедиясының сюжет Таллахасси, Коламбус, Вичит пен Литл-Рок туралы оқиғаны жалғастырады. Естеріңізге сала кетсек, бұл төрт кейіпкер – зомби-апокалипсис кезінде аман қалып, кейін өмір сүру үшін күрескен жандар. Бірнеше жыл бойына бір-біріне арқа сүйеп өмір сүрген олар, белгілі бір жағдайларға байланысты бөлініп кетеді. Аяғында, топтағы ең жас бойжеткен Литл-Рок бақытты өмір іздеп, белгісіз біреумен қашып кетеді. Әпкесі Вичита өзгелерден көмек сұрап, сіңілісін іздеуге аттанады. Жолда олар өзге де тірі қалған адамдарды кездестіреді, әдеттегідей зомбилермен шайқасады. Зомбидің жаңа түрін ашады.
"Zомбилэнд: Соңғы шайқас" фильмінің сюжеті қарапайым, аса бір ерекшелікпен көзге түсе қоймайды. Бірақ, Литл-Рокті іздеу жұмысы тек оқиғаны жеткізудің тәсілі іспеттес. Өткір әзіл мен өзге зомби фильмдерге шағын пародияның бары жасырын емес. Фильмде шынымен қорқынышты немесе жиіркенішті сахналар жоқ. Сондықтан, хоррорды жанрлар тізімінен еш қиындықсыз алып тастауға болады.
Бірінші бөлімдегі кейіпкерлер өздерінің ойындары арқылы халықтың жүрегін жаулаған еді. Бұл жолы да олар өздерінің жақсы актер екендерін дәлелдеді. Вуди Харрельсон сомдайтын кейіпкер Таллахасси – бұрынғыша дөрекі, адамдарға билігін жүргізіп үйренген, оның үстіне өткір әзілдің хас шебері. Зомби-апокалипсис бола берсін, ал, адамның психологиялық дамуы өз уақытымен: фильмде Таллахасси орта жас дағдарысын бастан кешіреді. Ал, қос ғашық Джесси Айзенберг сомдаған Коламбус пен Вичита рөліндегі Эмма Стоун өздерінің қарым-қатынасын түсіне алмай әуре. Эбигейл Бреслин сомдайтын Литл-Роктің балалық шағы зомби-апокалипсистің басталуымен сәйкес келсе, жасөспірім шағы нағыз қызған шағына тұспа-тұс келеді. Фильм тірі өліктер жайлы болғанымен, сюжеттің басты мақсаты ретінде әр адамның болмысы мен қиындықтары алынады.
Жаңа кейіпкерлеррді Люк Уилсон, Томас,Миддлдитч пен Розарио Доусон сомдайды. Барлық жаңа кейіпкерлер арасынан фильмге "көрік" берген Мэдисон (Зои Дойч) болды. Фильмде ол зомбилерден белгісіз бір таңғажайып күшпен аман құтылған, ақымақтау қыз болғанымен, көрерменге бірден ойнақы әрі сенімді кейіпкер ретінде әсер етеді.
Фильмнен тірі өліктермен байланысты таптаурындарды, хиппи стилінде өмір сүретін адамдардың әдеттегі ақылға қонымсыз әрекеті мен АҚШ президенттеріне байланысты әзілдерді көруге болады. Әзіл арқылы олар әлемдік мәдениеттегі құбылыстарға, қоғамдық әрекеттерге, атақты адамдар мен алғашқы бөлімге көп сілтеме жасайды.
Үмітсіз, жабыраңқы зомби-апокалипсис кезіндегі мейірімділік, адамгершілік пен отбасылық атмосферадан алыстай қоймаған оқиғаны жасап шығу фильмнің қоюшы режиссері Рубен Фляйшер мен сценарий авторларының қолынан келді. Фильмнен аса ерекшелікті байқамайсыз, бұрынғы сызба бойынша жұмыс істеген. Соған қарамастан, фильм көңілді, ойнақы әрі жоғары дәрежеде әсерлі шыққан. Сондықтан фильмге баруға кеңес береміз.
P.S Фильмге бармас бұрын, алғашқы бөлімді міндетті түрде қараңыз.
Т. Есқали