Альфонсо Куаронның ескі кинолар мәнерінде түсірілген "Рома" картинасы Венеция фестивалінің үздік фильмі ретінде "Алтын Арыстанды" жеңіп алғаннан бері ол туралы әңгіме толастар емес. Сыншылар Куаронның туындысын "Үздік шетелдік фильм" номинациясы бойынша "Оскар" алады деп болжауда.
Ал, осыншама құрметке ие болып үлгерген фильмдегі басты рөлді 25 жастағы мексикалық Ялица Апарисио сомдады. Оның актерлік дебюті шындығында нағыз жаңалық болды, себебі бұрын аты аталмаған ару енді "Ең үздік әйел рөлі" номинациясында Гленн Клоуз ("Жұбай"), Оливия Колман ("Фаворитка"), Леди Гага("Жұлдыз туды"), Мелисса Маккарти ("Сіз мені кешіре алар ма екенсіз?") сынды жұлдыздармен таласады.
Ялица Апарисио Америка киноакадемиясының басты жүлдесін иеленген алғашқы мексикалық актриса бола ма, жоқ па біз тек 24 ақпан күні ғана білетін боламыз. Әзірге ол кім және қайдан шыққанын зерттеп көрейік.
Ялицаның ата-анасы үндіс текті. Оның әкесі миштек тайпасынан шықса, анасы — трики жұртының қызы. Жас актриса бала кезінде миштек тілін естіп өссе де, есейе ұмытыңқырап қалған екен. Куаронның киносына түсерде сол білімін жетілдіруге тура келген. Апарисио ешқашан актерлік білім алмаған, оның негізгі мамандығы педагогика саласымен байланысты. Оның "Ромаға" келуі де кездейсоқ оқиға. Әпкесі үнемі актриса болуды армандаса керек, Куаронның хабарландыруын көргеннен кейін, сіңлісінің баруын өтініп, мазасын ала береді. Өзінің баруына жүктілігі кедергі болған. Арманын туған сіңлісі жүзеге асырғанын қалайды. The Guardian басылымына берген сұхбатында Ялица кастингке барғысы келмегенін айтқан, бірақ ол мұны өзі сияқты қарапайым адамдарды кинематография қаншалықты жарқын жүзбен қарсы алар екен деген ішкі сауалына жауап алу үшін жасаған.
Клеоның рөлін сомдайтын актрисаны Куарон ұзақ іздеді. Оның келбеті бала кезіндегі өз үйінің қызметшісі Родригеске ұқсағанын қалады. Ялица алаңға келгенде, бірден сол ұқсастықты байқап, қуанып кетеді. Бұл қыз, тіпті, Родригес туып-өскен мексикалық Оахака аймағынан екен.
"Фильмде ұсынылған көріністердің 90% менің жадымнан алынған жеке естеліктерім", - дейді Куарон, - "Бұл менің және тұтас Мексиканың қалыптасу кезеңі болатын".
Оқиға 1970 жылдары Мексиканың Рома аймағында өмір сүрген адамдар тағдырынан сыр шертеді. Фильмде қарапайым отбасының өмірі елде өршіп жатқан наразылық акциялары аясында баяндалады. 1971 жылы орын алған Halcones сарбаздарының жергілікті бөлімшесі мен демонстранттар арасындағы қақтығыс Мексика тарихындағы қасірет ретінде есте қалды. Куарон сол көтеріліске тоқталып өтеді.
Осындай фильмге түсуге келген Ялица Куаронның кім екенін білмеген және ол туралы ешқашан естімеген де еді. Мұны айтқанна кейін режиссер одан өзін, өзінің шығармашылық зерттемеуін және ешқандай фильмін қарамауын өтінеді. "Ол менің ойларым мен идеяларымды қайталағанын қаламадым", - дейді Куарон.
Өзі түскен картинаны Ялица алғаш рет Венециядағы премьерасында көріп, көз жасын тия алмады.