- Негізгі бет
- Кино
- Венеция кинофестивалінде Қазақстан...
Венеция кинофестивалінде Қазақстан кинематографиясының презентациясы өтті
Кеше Венецияның Лидо аралында 75-ші мерейтойлық Венеция кинофестивалінде отандық жаңа кинотуындылар трейлерінің таныстырылымы болды. "Еуразия" Халықаралық кинофестивалінің дирекциясы ұйымдастырған іс-шара, Exselcior отелінде, Италия павильонында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Рухани жаңғыру: "Жаһандағы заманауи Қазақстан мәдениеті" шарасы аясында өтті.
Мәдени іс-шараны "Еуразия" кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева ашты: "Біздің фестиваль отандық киноны танытуға басымдық береді. Бүгін Қазақстан алғаш рет отандық кинематографты Венеция кинофестивалі аясында таныстырып отыр. Италиялық ANICA компаниясының халықаралық департаментінің басшысы Роберто Стабиле бізге павильон ұсынып, шарамызды өзкізе алдық. Бұл шара біздің киномыз бен мәдениетіміздің дамуына әсер ететіндіктен, қазақ кинематографистері мен мәдениет қайраткерлері үшін өте маңызды оқиға болып отыр. Бұл шараның киномызды, мәдениетімізді әлемге танытуда ықпалы зор. Ертең Венеция кинофестивалінде Қазақстан атынан қатысып отырған Эмір Байғазиннің «Өзен» картинасының әлемдік премьерасы өтеді. Осы орайда, біз де отандық фильмдерімізді, оның ішінде Байғазиннің фильмінің де трейлерін көрсетіп, таныстырдық",- деді.
"Қазақстанды аш: аудиовизуалды дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер" атты іс-шараға италиялық ANICA компаниясының халықаралық департаментінің басшысы Роберто Стабиле, Италияның Қазақстандағы Сауда палатасының хатшы-кеңесшісі Савина Корсари, Rai телекомпаниясының өкілі Карло Жантиле мен Италия мәдениет министрлігінің өкілі қатысты. Отандық киногерлер Самал Еслямова, Болат Қалымбетов, Тоқтар Қарсақбаев, Талғат Теменов, Санжар Мәдиев, Шыңғыс Капин және Еуразия жобалар нарығында екінші орынды жеңіп алған жас режиссер Асхат Кучинчиреков те іс-шараға қатысты.
Шарада мынадай картиналардың трейлерлері көрсетілді: "Өзен" (реж. Э.Байғазин), "Әруақ" (реж.Х.Ахметов), "Әміре" (реж. Д.Веспа), "Талан" (реж. Б.Қалымбетов), "Ол" (реж. А.Сатаев), "Алмас қылыш" (реж. Р.Әбдрашев), "Анаға апарар жол" (реж. А.Сатаев), "Оралман" (реж. С.Құрманбеков), "Біздің қаланың кішкентай ханзадасы" (реж. Т.Теменов), "Шыңырау" (реж. Ж.Жетіруов), "Жат" (реж. Е.Тұрсынов). Бұдан бөлек "Күлтегін" (реж. А.АӘбілдинов), "Jumper" (реж. Арман Бейсембаев) және "Мұзбалақ" (реж. Т.Майдан, Т.Төлеуғазы) сынды анимациялық фильмдердің трейлерлері шетелдік sale агенттерге ұсынылды.
Сондай-ақ, шара барысында ҚР Мәдениет және спорт министрілігі құрылтайшысы болып табылатын "Еуразия" кинофестивалі таныстырылады.
"Еуразия" кинофестивалінің Арт-директоры Диана Ашимова отандық кинематография жетістіктері және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берді.
"Биыл біз алғаш рет "Venice production bridge" бағдарламасында, Астанада өткен фестиваліміздің қонағы болған ANICA компаниясының өкілі, біздің серіктесіміз Роберто Стабиленің арқасында қатысып отырмыз. Біз отандық кино университеттерін, "Қазақфильм" киностудиясын, жеке меншік студияларды таныстырдық және отандық кинематографистер шетелдік инфесторларға ұсына алатын барлық қызмет түрлерін айттық. Сонымен қатар, біз шетелдік кинематографистермен біздің режиссерлерді, актерлерді таныстырып, байланыс орнаттық",- деді Диана Әшімова.
Rai компаниясының өкілі Карло Жантиле қазақстандық картиналарды телеарналар арқылы көрсету мақсатында сатып алуға дайын екенін білдірді: "Мен сіздердің кинематографияларыңызбен азын-аулақ таныспын. Өйткені мен сіздердің Канндағы бағдарламаларыңызды көргем.Бүгін мен көптеген трейлер көрдім. Түрлі жанрдағы фильмді көрдім. Меніңше, қазақстандық киноны көбірек көрсетіп, таныстыру керек. Өзара ынтымақтастығымыздың арқасында Rai телеанрасы үшін сіздердің картиналарыңызды сатып аламыз деп үміттенемін. Сіздердің "Еуразия" кинофестивальдеріңіз туралы трейлерді көріп, оның ауқымына көзім жетті. Фестиваль өсіп келеді. Дамып жатыр. Фестивалдеріңізде түрлі актерлер қонақ болған, болашақта италияндық актерлерді де сіздердің фестивальден көреміз деп ойлаймын".
Сонымен қатар, презентация барысында "Сәттілік құдайы" атты итальян-қазақстан жобасын таныстырды. Дайындық үстінде тұрған аталған жобаны Alimatika srl компаниясының продюсер Алинда Сбраджа іске асырады. Ал фильмнің режиссері Тоқтар Қарсақбаев болмақ.
Презентация аяқталған соң, Санта Мария Елизаветта шіркеуінде Қазақ мемлекеттік оркестрі "Солистер академиясының" классикалық музыка концерті өтті. Концертте дирижер Бақытжан Мұсақожаеваның сүйемелдеуімен скрипкашы, Қазақстанның халық артисі және сирек дауысты контр-тенор Батыржан Смақов өнер көрсетті.
75-ші Венеция кинофестивалінің "Көкжиек" атты конкурстық бағдарламасында Қазақстан атынан қатысып отырған Эмир Байгазиннің "Өзен" картинасының алғашқы көрсетілімі 4 қыркүйек күні фильм авторларының қатысуымен өтеді. Бұл картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен "Қазақфильм" АҚ, Emir Baigazin Production-де түсірілген.
А. Оралқызы