- Негізгі бет
- Кино
- Венеция кинофестивалі: Қазақ...
Венеция кинофестивалі: Қазақ кино тарихындағы алғашқы жүлде
Эмир Байғазин түсірген "Өзен" ("Река") фильмі 75-ші Венеция кинофестивалінің "Көкжиектер" (Горизонты) бағдарламасында "Үздік режиссер" жүлдесін жеңіп алды.
Фильмнің әлемдік тұсаукесері 4 қыркүйекте өткен болатын. "Көкжиектер" атты конкурстық бағдарламасында отандық фильмнен басқа кинематография саласы дамуының жаңа тенденцияларын ұсынатын көркем 18 авторлық туындылар қатысты. Мерейтойлы Венеция фестивалінің жеңімпаздарын 8 қыркүекте жария етті.
Атаулы "Үздік режиссер" жүлдесін фестивальдің марапаттау салтанатында Польша ко-продюсерінің өкілі Агнешка Пучило алды. Режиссер Эмир Байғазин марапаттау рәсіміне қатыса алмады, өйткені ол "Өзен" фильмін Торонто кинофестивалінде таныстыру үшін Канадаға арнайы барған болатын ( "Өзен" фильмі негізгі конкурстық "Платформа" бағдарламасы шеңберінде көрсетіледі).
Айта кетсек, Эмир Байғазин бұл фильмнің сценарий авторы, режиссері, қоюшы операторы, продюсері, сонымен қатар, картинаның монтаж жұмыстарын да өзі жасаған. Трилогияның соңғы бөлімінің (трилогияның алғашқы екі бөлімі - "Асланның сабақтары" ("Уроки гармонии") және "Төрт оқиға" ("Раненый ангел") фильмдері) жарыққа шығуына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ, Польшаның кино институты және Sorfond (Норвегия) атсалысты. Бұл туынды сценарий кезінде MPA APSA Азия-Тынық мұхиттық киноассоциациясы грантының қолдауына ие болды.
А. Оралқызы