ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Tanaris Production кинокомпаниясы түсірген Үзілмеген үміт көркем фильмі Ресейде өткен Халықаралық Свет миру кинофестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. Үзілмеген үміт фильмінің режиссерлері Серік Әбішев және Руслан Магомадов. Аталған фильмді халықаралық кинофестивальдерде көрсетіп, насихаттауды Ш.Айманов атындағы Қазақфильм АҚ жүзеге асырып отыр. - Біздің фильмімізге жоғары баға берген Свет Миру фестиваліне және оның қазылар алқасына алғысым шексіз. Фильмнің тең режиссері Руслан Магомадовпен, сондай-ақ картинаның түсіру тобымен бірлесіп мейірімге толы, адамдардың жүректеріне жылу ұялатып, көңілдерін нұрландыратынфильм түсіруге тырыстық, - деді режиссер Серік Әбішев. Фильмдегі басты рөлдерді Алматы және Алматы облысы балалар үйінің тәрбиеленушілері, сонымен қатар Оңтүстік Кореяның балалары сомдады. Картинаның негізгі түсіру жұмыстары Шығыс Қазақстан облысында өткен. Фильмнің музыкасын еліміздің танымал композиторы Қуат Шілдебаев жазған. Ал, фильмге музыка жазу барысында Батырхан Шүкеновтің саксофонмен орындаған импровизациясы негіз болған. Естеріңізге сала кетсек, аталған фильм ең алғаш Германияда өткен 64-ші Мангейм-Хайдельберг халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында көрсетілген болатын. 2016 жылы фильмде басты рөлді сомдаған жас актер Амагелді Құсайынов Халықаралық КиноМалыШок кинофестивалінде Үздік бала рөлі жүлдесімен марапатталған. Фильм туралы: Тұтқынға алынған қылмыскер әскерилердің бақылауымен Кореядан Еуропаға ұшып бара жатқан сәтінде, ұшақ Қазақстанның бір қалашығына қонуға мәжбүр болады. Осылайша, темір тордан талай мәрте қашып кетпек болған басты кейіпкер, тағдырдың салуымен балалық шағын өткізген балалар үйіне қайта оралады. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған фильмнің кейіпкерлері тіл табыса алмаса да, бір-бірінің жүректеріне мейірім шапағатын төгіп, көрермендерді адамдар арасындағы адамгершілік, махаббат пен достық сезімдерін бағалай білуге шақырады.Өндірісі: ТОО Tanaris Production Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойыншаҰзақтығы: 85 минутЖанры: драмаСценарий авторлары: Ираклий Квирикадзе, Сергей ӘзімовҚоюшы режиссерлері: Серік Әбішев, Руслан МагомадовҚоюшы операторы: Еркінбек ПітірәлиевКостюм жөніндегі қоюшы суретші: Ермек ӨтегеновКомпозиторы: Қуат ШілдебаевБас продюсері: Сергей ӘзімовАктерлер: Нұржұман Ықтымбаев, Войтек Соларз Антони (Польша), Жанел Мақажанова, Бақытжан Әлпейісов, Ева Бехер, Асхат Кчинчиреков, Катрин Монтондо (Бельгия), Арвидас Дапшиш (Польша), Амангелді Құсайынов, Александра Натахина, Валентина Баширова, Николай Харлов, Леонид Морозов, Тамила Худайбердиева, Ханбюль Сео (Оңт. Корея), Енок Ким(Оңт. Корея), Сумин Ким(Оңт. Корея), Чана Чой(Оңт. Корея) және басқалар.