Үздік үнді фильмдері

Үздік үнді фильмдері
Фото: welt.de

Әлеуметтік желілерде үнді фильмдерінің үзінділерінен жасалған мем (күлкілі суреттер мен видеолар) толып жүр. Физика заңына бағынбайтын ерекшеліктер мен мүмкін емес жағдайлардан тұратын фильмдер жоқ емес, бар. Бірақ солардың арасында мағынасы терең, жалған төбелес пен қантөгіс жоқ, бітпейтін музыка мен би де аз фильмдер бар. Бүгін назарыңызға үздік үнді фильмдерін ұсынамыз. 

Меня зовут Кхан / Менің атым Кхан

• Драма.
• Үндістан, 2010 жыл.
• Ұзақтығы: 155 минут.
• IMDb: 8,0.

Фильм Ризван Кхан атты үндістандық мұсылман жігіттің басынан кешкендерін баяндайды. Ол Аспергер синдромына шалдыққан. Сондықтан оған өзге адамдармен араласу өте қиын. Бірақ ол Мандираға ғашық болып, онымен бір болу үшін барын салады. Екеуі бірін-бірі түсініп, енді бірге бола бастаған шақта Америкадағы теракт олардың өміріне айтарлықтай әсер етеді. Каран Джохардың картинасында заманның қоғамдық-саяси мәселесі Кхан арқылы көтеріледі.  

Ланчбокс 

• Драма, мелодрама.
• Үндістан, Франция, Германия, 2013 жыл.
• Ұзақтығы: 104 минут.
• IMDb: 7,8.

Үнді фильмі туралы таптаурындарды бұзатын фильм десек қателеспейміз. Жалғызбасты есепші зейнетке кетуге дайындалып жүр. Бірақ бір күні жалғызбасты әйел адаммен байланысқа шығады. Олар бір-бірімен ланчбокс арқылы хат алмаса бастайды. Бұл жағдай екі жанның өмірін толықтай өзгертеді. Фильм бірнеше халықаралық жарыстарда сыйлық алып, 2013 жылы Канн кинофестивалінде "Көрермен көзайымы" сыйын иемденді.

Брат Баджранги / Баджранги ағатай

• Әскери, драма.
• Үндістан, 2015 жыл.
• Ұзақтығы: 163 минут.
• IMDb: 8,5.

Екі ел арасындағы қақтығыста әдетте қарапайым адамдар, соның ішінде жазықсыз балалар зардап шегеді. Пәкістан мен Үндістан шекарасындағы жайсыз сәт. Пәкістандық кішкентай мылқау қыз белгілі бір себептен Үндістанда өз отбасынан адасып қалады. Оны тауып алған Баджранги қиындықтарға қарамастан, өз отанына жеткізіп, отбасымен қауыштыру үшін жолға шығады. Картина өте ырғақты түсірілген. Актерлік құрам мен операторлық жұмыс өте жоғары деңгейде. Сондықтан фильмді бір деммен көріп шығасыз.

3 идиота / 3 есуас

• Драма, комедия.
• Үндістан, 2009 жыл.
• Ұзақтығы: 170 минут.
• IMDb: 8,4.

Фильм достық, дегенінде тұру мен армандардан бас тартпау жөнінде. Екі дос колледж қабырғасында танысып, жақын араласқан достарын іздеп, жолға шығады. Қаладан қалаға саяхатпен қатар, естеліктерге де саяхат жүреді. Картинада Болливудқа тән би мен ән де бар. Бірақ ол сізді жалықтырмайды. Фильм бірнеше белгілі жүлделерді иеленді. Сонымен қатар, "IMDb нұсқасы бойынша үздік 250 фильм" тізімінде 96-орынға жайғасқан. 

ПиКей

• Фантастика, драма, комедия.
• Үндістан, 2014 жыл.
• Ұзақтығы: 153 минут.
• IMDb: 8,2.

Фильм режиссёры – "3 есуасты" түсірген Раджкумара Хирани. Сондықтан фильмдердің стильдері бір-біріне ұқсайды. Бас кейіпкерді де бір актер Аамир Хан сомдайды. Тек бұл фильм ғылыми-фантастикалық бағытта түсірілген. Бөгде ғаламшарлық ПиКей біздің ғаламшарымыздағы ахуалды бақылау үшін Жерге ұшып келеді. Ақылға қонымсыз сұрақтар мен оның біздің ғаламшарымыздағы кей тірлікті түсінбеуі әбден күлкіге қарық қылады. Дегенмен фильм күлдіре отырып, ой салады: зұлымдық арқылы адам Құдайды қорғай алмайды. Жасалған террористік әрекеттерді "құдай үшін" деген сылтаумен ақтап ала алмайсыз. 

Звёздочки на земле / Жер бетіндегі жұлдыз

• Фантастика, драма, комедия.
• Үндістан, 2007 жыл.
• Ұзақтығы: 165 минут.
• IMDb: 8,5.

Бұл картинада Аамир Хан тек басты рөлді сомдап қана қоймай, режиссер әрі продюсер міндетін де өз мойнына алған. Фильм сегіз жасар Ишан Авастидің басынан кешкендерін баяндайды. Ол қатарластарына қарағанда кеш дамиды. Ұлынан ұялған беделді әкесі оны интернатқа жібереді. Бала бұл жерде күйзеліске ұшырайды. Оның өмірі үзілудің сәл алдында еді. Бірақ сурет пәнінің мұғалімі Рам Никум оның қабілетін байқап, оған көмек қолын ұсынады. Фильм тәрбие, мейірім мен қамқорлықты насихаттайды. Әр адамның әртүрлі екенін, бірнәрсе қолынан келмесе, өзге бағытта жолы болуы мүмкін екенін түсіндіреді. Бәріне ұқсамау жамандықтың нышаны емес екенін де көрсетеді. 

Дангал

• Драма, биография, спорт.
• Үндістан, 2016 жыл.
• Ұзақтығы: 161 минут.
• IMDb: 8,6.

Аамир Ханның тағы бір үздік туындысының бірі. Ол үнді спортшысы Махавир Сингх Пхогатты сомдайды. Кедейшілік кесірінен Пхогат спорттан бас тартуға мәжбүр болады. Ол чемпион етіп тәрбиелесем деп ұлды асыға күтеді. Бірақ оның отбасында төрт қыз дүниеге келеді. Енді арманынан бас тарта бергенде, қыздарының ешкімге әл бермейтін күшті екенін байқайды. Пхогат енді чемпион дайындап шығу үшін, қыздарын жаттықтыра бастайды. Картина бірнеше халықаралық байқауларда жеңіске жетіп, 2017 жылы Үндістан және Қытай кино сатылымында көш бастады. 

Барфи!

• Драма, комедия, шытырман.
• Үндістан, 2012 жыл.
• Ұзақтығы: 131 минут.
• IMDb: 8,1.

Режиссёр Анураг Басу мылқау Барфи есімді жігіт пен Шрути атты бойжеткеннің махаббат оқиғасын баяндайды. Олар бір-бірін кіршіксіз жақсы көргенімен, қоғам олардың махабатын қабылдай қоймайды. Фильмді бірнеше рет голливуд фильмдерінің көшірмесі деп жазғырса да, оны шын жақсы көріп, өзінің сүйікті фильмдерінің тізіміне қосып қойған көрермендер жеткілікті. 

Наступит завтра или нет / Ертеңнің болар-болмасы беймәлім

• Драма, мелодрама, комедия.
• Үндістан, 2003 жыл.
• Ұзақтығы: 186 минут.
• IMDb: 8,0.

Оқиға 23 жастағы Нейна Капурдың айналасында өрбиді. Қыз жас, сұлу бірақ бақытсыз. Қыздың әкесі өзіне қол салып қаза табады. Ал оның артында қалған отбасы қарызға белшеден батып, қиындыққа тап болады. Оған Аман мен Рохит есімді жас жігіттер кезігіп, қуаныш сыйлайды. Кез келген сәттен қуаныш нұрын сезіне білуді үйретеді. Өйткені ертеңнің болар-болмасы адамзатқа белгісіз. 

Однажды в Дели / Бірде Делиде

• Драма, комедия, криминал.
• Үндістан, 2011 жыл
• Ұзақтығы: 103 минут.
• IMDb: 7,6.

Үндістанға тән бояу болмаса, онда бұл голливудтық атақты фильмдердің бірі дер едіңіз. Фильм ырғақты, актерлердің ойыны мен саундтрек еріксіз баурап алады. Делидің шулы көшелері, көңіл-көтеруді жақсы көретін, басы бәледен арылмайтын, бірақ түбі өз шешімін табатын жастардың өміріне көз салғыңыз келсе, онда фильмді міндетті түрде көріңіз. 

Үнді фильмдерін жақсы көресіз бе? Біздің пікірді өзіңіздің сүйікті топтамаңызбен толтырыңыз.

Т. Есқали