28 қыркүйек қазақ қаламгерлері Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің туған күні. Осыған орай Массагет сайты ұлы қаламгерлердің экрандалған және киноға арқау бола алатын бірқатар шығармаларына тоқталып өтпек.
Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің ең алғаш 1940 жылы "Райхан" киносценариі экранизацияланды. Бұдан кейін жазушы 1945 жылы "Абай әндері" фильмінің сценарийін жазды.
Қазақ киносының гүлденуі кезеңі – алпысыншы жылдардан бастап Әуезовтың бірқатар шығармалары негізінде ("Қараш-қараш", "Көксерек", "Қаралы сұлу", "Шыңдағы шынар") фильмдер түсірілді.
Әуезов шығармашылығына тікелей байланыстылығына қоса, қазақ киносы тарихының әр кезеңінде өз алар орындары бар. Бұл туралы Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, кинотанушы Гүлжан Наурызбекова: "Райхан" – ең алғашқы ұлттық киносценарий болып есептеледі, “Абай әндері” фильмі 1945 жылы дербес құрылған “Алматы” киностудиясының алғашқы туындысы, “Шыңдағы шынар” фильмі - Әуезов шығармаларына кинематографистердің экрандау тұрғысынан назар аударуының бірінші жемісі, “Қараш-қараш” және “Көксерек” көркемсуретті фильмдері – кинодраматургия тұрғысынан әдеби нұсқадан экрандалуда қазақ және қырғыз киносында режиссерлік мектептің сәтті тәжірибесіне айналған үздік туындылар болса, “Қаралы сұлу” және “Абай” фильмдерінің экранға шығуы - ұлттық киномыздың тарихында елеулі кезең болған “жаңа толқын” режиссерларының классикалық әдебиет үлгілерінен экрандаудағы алғашқы тәжірибелері болды" дейді.
Әуезов шығармаларының экрандалуы туралы белгілі киносыншы Бауыржан Нөгербек ауқымды тақырыптарға мақала, очерктер мен кітаптар жазды. 2008 жылы "RUAN" баспасынан жарық көрген "Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер" атты монографиясында киносыншы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің кинодраматургиядағы алғашқы еңбегі "Райхан" киносценарийі бойынша түсірілген "Райхан" фильміне тоқталып өтеді. Фильмнің басты кейіпкері Райханның әдеби сценарийдегі бейнесі "азат етілген шығыс әйелі" ұғымынан алшақ кете алмағанына, іс-әрекеттері мен сөздерінде оның жеке басының ерекшеліктері көрінбейтініне, есесіне өзге кейіпкерлердің бейнесі анағұрлым ұтымдырақ шыққанына назар аударады. Кинотанушы осы ретте "Райхан" фильмінің сценарийі кеңестік тоталитарлық фильм заңдылықтарының кинодраматургияға тигізген әсерінің жарқын мысалы екендігін атап өтеді. Ал режиссер Ермек Шынарбаевтың жазушы Мұхтар Әуезовтің "Қаралы сұлу" шығармасының желісімен түсірілген қысқаметрлі фильмі кино майталмандары тарапынан жоғары бағаланғанымен, әдебиетшілер тарапынан үлкен сынға ұшырады.
Үш қаламгердің киноға арқау бола алатын шығармалары
Мұхтар Әуезов шығармалары
Мұхтар Әуезовтың экрандалуы керек шығармалары арасынан алдымен айтылатыны – "Абай жолы" роман-эпопеясы. Кеңестік дәуірде осы шығарма негізінде режиссер Шәкен Айманов "Атаманның ақыры" туындысынан соң фильм түсірмек болған көрінеді. Бірақ оның мезгілсіз қазасы бұл ісінің аяқсыз қалуына себепші болған.
М. Әуезовтың бұдан бөлек "Қорғансыздың күні", "Қарагөз" трагедиясы", "Кінәмшіл бойжеткен" әңгімесі киноға сұранып тұрған шығармалар дегіміз келеді.
Шерхан Мұртаза шығармалары
Ал Шерхан Мұртазаның "Қызыл жебе", "Ай мен Айша", "Интернат наны" шығармалары қазақтың тарихи болмысын ашатын кинотуындылар болатыны анық.
Оралхан Бөкей шығармалары
Осы ретте Оралхан Бөкейдің киноға сұранып тұрған туындылары аз емес. Мысалы: "Сайтан көпір", "Қар қызы" сынды шығармалары негізінде авторлық фильмдер түсірілсе шет елдегі кинофестивальдерге қатысып, қазақ философиясын танытатын еді. Ал "Аспирант қыздың тракторшы жігіті" сияқты әңгімелері нағыз мелодрамалық картинаға арқау болып, кино көрермендер ықыласына бірден бөленері сөзсіз.
Әрине Оралхан Бөкей шығармаларына кез келген режиссердің тісі батпайтыны анық. Бұл туралы жазушы Дулат Исабеков: "Оның жазудағы қолтаңбасы ешкімге ұқсамайтын ерекше еді. Жалпы, Оралханның өмірден ерте кетуінің өзі қазақ әдебиетіндегі философиялық романтиканың жойылуына әкеліп соқты. Символдық ойнату тәсілдері орыс әдебиетінің поэзиясында болмаса, драматургиясында бола қойған жоқ. Міне, Брюсов, Блок, Есенин, Бальмонттардың өлеңдегі сол өрнегін бірінші болып драматургияда даралаған да осы Оралханның өзі болатын. Оны біз кейіннен постмодернизм деп жүрміз. Керек десеңіз, Оралхан сол постмодернизміңіздің классикалық үлгісін салып беріп кетті. Қазақ прозасына тыңнан түрен түре келді" дейді.
Құрметті оқырман, осы үш алып қаламгердің қай туындысы негізінде фильм түсіруді ұсынған болар едіңіз?