Күні кеше қыркүйектің 16-сы күні Алмалы кешеніндегі Bekmambetov кинотетрында «Кутис» фильмінің жабық көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Фильм түскі асқа вирустық инфекциясы бар наггетс жеген қыз туралы. Ол қыз ауруға шалдығып қана қоймай, зомбиге айналып, қатарластарын тірідей жей бастайды. Оқушылар сыртта, ал бұл инфекцияға шалдықпаған ұстаздар мектептің ішінде қалып қояды. Өздерін құтқарудың түрлі амалын қарастырады. Туындының қысқаша мазмұны осындай.
«Кутис» фильмінен алған әсерімізбен оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік. 96 минуттың ішінде оны батыл, жүйке жүйесінде еш «ақауы» жоқ, жүрегінің түгі бар жандар ғана көре алатындығын түсіндік. Расымен де, қорқынышты. Адам денесін бөлшектеп, оны тіпті қалай бөлшектеп жатқанын да көрсетті. Үрей мен комедия жанрын қатар қамтыса да, күлетін жерлері өте аз. Бұл сөзіміздің жаны да бар. Режиссерлер қоғамның ащы шындығын көрсеткен. Комедия жанры секілді астарламай, тікелей жеткізген. Мұны кімнің қалай бағалайтындығы әркімнің өз еншісінде.
Үрейлі фильмдер туралы түрлі пікір бар. Бірі оны адреналин алғанды жақсы көретін жандар түсіреді десе, екіншілері оны біреулердің қиналғанын жақсы көретін жандар ұнататындығын айтады. Үшінші біреулері мұны тек ақшаға бола түсіретіндігін алға тартады. Оны түсіру үшін көп шығынның қажеті жоқ, ал келетін табысы жұмсалғанынан әлдеқайда жоғары.
«Тән ұрлаушылар» («Похитители тел») деген үрейлі фильмде «Бізге, яғни медбикелерге біреу ұнамай қалса, одан дәрі әзірлеуге дайынбыз» деген цитата бар. Осы секілді фильмде оқушылар бір-біріне, артынша ұстаздарына, тіпті, ата-аналарына шабуыл жасайды. Ақыл естен жұрдай болып, санаға бағынудан қалады. Өзгелердің өзіне ұқсағанын қалайды. Жер бетінде 7 млрд адам болса, сонша түрлі мінез бен сонша түрлі ерекшелік пен ұқсастық бар. Бірақ ғалымдар ХХІ ғасыр балаларының, яғни «МЕН» буынының өзімшіл, эгоист екенін бір ауыздан айтады. Фильм – дәл осы сөздердің айғағы. Оқушылар ұяттан жұрдай болып, бір-бірін, ұстаздарын сыйлауды қояды. Ойына келген жаман сөздер айтып балағаттайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, күлкілі эпизодтар жоқтың қасы. Бірақ Хоббит фильміндегі рөлдердің бірін сомдаған жігітке «Сен хоббитсың ба?» деп келекетіп сұрақ қойған кезде, еріксіз күліп жібердік.
Қай фильмде болсын, махабатқа орын табылатыны анық. Бұл фильмде болмайды деп күттік. Бірақ махаббат туралы күлкілі эпизодтар көрдік. Адамдар қиындықты біріккен кезде ғана жеңе алады.
Фильм АҚШ-та түсірілген. Ол жақта балалар қараусыз қалып, тамақты сырттан ішеді. Қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болады. Үрейлі фильм тәрбиеге көп көңіл бөлу керектігін меңзеген сияқты. Оралхан Бөкейдің «Атау кересіндегідей» Қозы мен Баянды қоғамнан жырақта, кіршіксіз таза етіп өсіре алмасымыз анық. Бірақ бізден кейінгі ұрпақ үшін жауапкершілік біздің ғана мойнымызда екенін ұмытпауымыз керек. Үрей мен үміттің қатар жүретінін, олардың қайсысын таңдайтынымыз өз еркімізде екенін де естен шығармайық.
«Кутис» фильмі еліміздің кинотеатрларында 17 қыркүйектен бастап көрсетіледі.