- Негізгі бет
- Кино
- «Үндестік сабақтары» 13-ші...
«Үндестік сабақтары» 13-ші жүлдесін алды!
Осы жылдың басында жарық көрген режиссер Эмир Байғазиннің «Үндестік сабақтары» фильмі 18-і мен 31 қазан аралығында Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен ХХХІ Халықаралық кинофестивалінде Бас жүлдені («Bandeira Paulistra Trophy») жеңіп алды. Бұл картинаның осымен 13-ші жүлдесі.
«Әсем де, қатал, өнертапқыштығымен, әсерлілігімен ерекше «Үндестік сабақтары» кинотілін өзінше бір зерттеуде бізді таң қалдырды» - деп атап өтті фестиваль төрешілері.
Конкурстың негізгі бағдарламасына кірген үздік фильмдерді құрамында филиппиндік кинорежиссерлер Лав Диас, австриялық кинорежиссер Ханс Вайнгартнер, бразилиялық кинооператор Сесар Чарлоне, белоруссиялық режиссер Сергей Лозниц, және де бразилиялық кинорежиссер Моника Гарденберг сынды кино саласының мамандары бар төрешілер анықтады. Танымал бразилиялық дизайнер Том Охтаке жасаған фестивальдің Bandeira Paulistra Trophy бас жүлдесі қазақстандық кинотуындыға бұйырды.
Сонымен қатар, мексикандық режиссер Диего Кемад-Диестің «Алтын тор» фильмі ерекше аталып өтті. Документалдық фильмдер санатынан бас жүлдені «Бейбітшілік орнату жоспары» атты режиссерлер Карлос Агульо мен Мэнди Джейкобсонның (ЮАР, США, Испания, Мозамбик, Марокко, Франция, Куба, Конго, Ангола) туындысы еншіледі.
Сан-Паулу Халықаралық кинофестивалі 1977 жылдан бері өтіп келеді және Бразилияның маңызды шараларының бірі болып саналады. Бұл жылы фестивальға әлемнің түкпір-түкпірінен 360 картина сынға түсті. Стэнли Кубрик, Лав Диас және Эдуард Кутиньо фильмдеріне шолу жасалып, талдау жүргізілді. Оңтүстік кореялық кинорежиссер Пак Чхан Ук құрметті қонақ ретінде шақырылып, жас режиссерлер арасында мастер-класс өткізді.
Ең алғаш Берлин Халықаралық Кинофестивалінде топ жарған «Үндестік сабақтары» одан кейін Еуропа мен АҚШ-тың бірқатар киножүлделерін иеленіп үлгерді. Солардың ішінде: Сиэтл ХКФ Бас жүлдесі, Нью-Йоркта өткен Трайбек кинофестивалінің төрешілер тағайындайтын «Үздік жас режиссер» Ерекше дипломы, Базель (Швейцария) кинофестивалінің Бас жүлдесі, Словакия ХКФ Бас жүлдесі, Лозанна (Швейцария) ХКФ Бас жүлдесі, Варшава (Польша) ХКФ және Абу Даби (БАӘ) ХКФ «Үздік азиаттық фильм» НЕТПАК жүлделерін, Мәскеу (Ресей) «2morrow/Завтра» ХКФ Бас жүлдесі, Филадельфия (АҚШ) кинофестивалінде «Үздік дебют» жүлдесін және «Үздік операторлық жұмысы» үшін қазылар алқасының ерекше ықыласына, Сахалинде өтетін «Край света» ХКФ «Үздік режиссерлық жұмыс» жүлдесін және Гент (Бельгия) ХКФ-нің «Төрешілердің ерекше назары» деген жүлделерге ие болған.
Сурет: inform.kz, kazakhfilmstudios.kz
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina