Ұлттық арнаның дизайнерлері Мәскеуде өткен «МедиаБрэнд» халықаралық байқауында жүлделі орынға ие болды. Байқауды ұйымдастырушылар Ұлттық арна ұжымын жоғары бағалады. Украина мен Ресейдің ең танымал телеарналары қатысқан сайыста, Асхат Есімбектің еңбегі «Тікелей эфирдегі графика» номинациясы бойынша 2-ші орын алды.
Журналистер үшін жаңалықтар мен бағдарламалардың сәнін кіргізіп, шырайын ашатын дүниенің бірі – графика. Яғни, безендіру. Осы графиканы жасайтын Ұлттық арнаның дизайнерлері Мәскеуде өткен «МедиаБрэнд» халықаралық байқауында жүлделі орынға ие болды.
Сайыста осалдар мен босаңдар болған жоқ. Ресейдің кіл «СТС», «Россия», «1 канал» сынды үздік арналары қатысты. «Қазақстан» телеарнасы «Тікелей эфирдегі графика» аталымы бойынша 2-ші орынға ие болды.
Дизайнер Асхат Есімбектің Ұлттық арнада істегеніне 5 жылдан асты. Ол жаңалықтарды көрерменге қызықты әрі түсінікті қылып жеткізу үшін, графиканың түр-түрін жасайтын маман.
Асхаттың айтуынша, «Қазмедиа» орталығына көшкелі бері техникалық мүмкіндік артты. Мәселен, тікелей эфир жүріп жатқанда мынадай графикаларды беру – еліміз бойынша тек Ұлттық арна ғана қолданып жүрген тың тәсіл.
Асхат Есімбек, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының дизайнері:
- Диктор сөйлеген кезде қасында 3D иллюстрациялық мүсін тұрса, ол тақырыпты ашады және біздің жаңалықтарды басқа жаңалықтардан өзгеше көрсетеді. Осы жұмыстарымызды алып келіп, «Медиабренд» байқауына қатыстық.
Регина Юркина, «Медиабрэнд» байқауының бас директоры:
- «Қазақстан» телеарнасының жұмысы бізге өте қызықты болды. Жалпы, тікелей эфир жүріп жатқанда графика жасап, оны беру деген өте күрделі іс. Яғни, «Қазақстан» телеарнасында жоғары деңгейдегі дизайнерлер жұмыс істейді деген сөз. Бұл тек менің ғана емес, қазылар алқасының құрамында болған шетелдік тәуелсіз сарапшылардың да пікірі.
Кадрден көрініп, елге танылмаса да, эфир үшін ерекше еңбек сіңіретін дизайнерлер байқауы биыл тұңғыш рет өтті. Оған барлығы 200-ге тарта адам қатысқан еді.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: "Қазақстан" ұлттық арна қоры