- Негізгі бет
- Кино
- «Үлкен әрі мейірімді...
«Үлкен әрі мейірімді дәу» фильмі туралы
29 маусым күні Meloman компаниясы ұйымдастыруымен Алматы қаласы «Bekmambetov Cinema» кинотеатрында «Үлкен әрі мейірімді дәу» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті,– деп хабарлайды Massaget.kz сайтының тілшісі.
Отбасылық фильм шытырман оқиғалы, фэнтэзи жанрында түсірілген. Он екі жастан асқан балаларға көруге болады. Дисней компаниясы балалармен қатар, ересектерге де есті ой салалық туынды ұсынудан талмай, тіпті алдына жан салмай келеді. Трейлерін тамашалағаннан, табысқанша тағатсыздық танытқан жұрт шаттана шапалақтай қабылдады.
Ұлыбританияның атақты жазушы, сықақшы, сценарисі Роальд Дальдің атақты ертегісі желісімен түсірілген фильм Америка билігіндегі олқылықты астар етеді, оны экранға шығару 1991 жылдан бастап қолға алынған екен.
Режиссері: Стивен Спилберг
Рөлдерде: Марк Райлэнс, Руби Барнхилл, Джемэйн Клемент, Пенелопа Уилтон, Ребекка Холл
Фильм бастамасында Софи есімді кішкене қыздың жетімдер үйінде жүргені түсіріледі. Ол түн баласы ұйықтай алмайды. Көзілдірігін киіп, кітап оқиды. Түнде төсектен тұруға, пердені ашуға болмайды деген ережелерді бұзғаны үшін, «жапа шегеді». Терезеден бірнеше қабатты үйлерден де үлкен дәуді көріп қалады. Өмірінде адам баласының көзіне түспеген алып кісі құпиясы ашылып қалмас үшін Софиді дәулер мекеніне алып кетеді.
Алғашында қорқып, қашып кетуге әрекеттенгенімен, онысынан түк шықпайды. Алып құлағымен барлық тірі жанның дауысын естуге қабілетті, тіпті тылсым сыры арқылы адамдарға қорқынышты не қуанышты түстер көрсету де оның қолында. Осы қасиеттеріне қаныққан кішкентай әрі ақылды Софи әр істің бір қайыры боларын сезіп, онымен дос болып кетеді. Олардың достығына кдергі келтірер жандар бар. Өзін жетімдер үйінен алып кеткен дәуден де үлкен, қатігез алыптар адам иісін сезіп, тіміскілей түседі.
Ақылы асқан Софи жоспар құру арқылы, оларға қандай шара қолданды екен? Бүкіл елді аузына қаратқан патшайым назарын аударып, сөзіңе құлақ түруі үшін қандай амал қолдануға болады? Ал егер сусынның газы жоғары көтерілмей, төменге қарай бағытталса, не ойлар едіңіз? Оны бүгін, 30 маусым күні көрсетілімге шығатын «Үлкен әрі мейірімді дәу» фильмінен көріңіздер, күлкілі тұстары да аз емес.
Жаныңда өзгелерге залалын тигізер қатігез де қарадүрсін халық өмір сүрсе, олардың барлығын ешкімге зиянын тигізе алмайтын жерге апарып тастау керек. Туған өлкеде өз Отанына пайдасы тиетін, қоныс аударғандарға жәрдемдесетін адал адамдарға ғана орын бар. фильм осыны айтқысы келеді.
@. @assel_assanova