Тамыздың 23 мен 26 аралығында Абхазияда өтетін VIII Халықаралық Қиыры жоқ ғаламдағы бір нүкте атты кинофестивальге Венера Қайыржанованың Тығылмақ қысқаметрлі көркем фильмі қатысады. Аталған фестиваль ашық аспанда өтетін фестиваль ретінде танылған, өйткені көрсетілімдер табиғат аясында өтеді. Сонымен қатар, өтетін жері нақты локацияға бекітілмеген, жыл сайын түрлі елде өте береді және қазылар алқасы болмайды. Біздің фестиваль әдейі жюрилер мен марапаттан бас тартқан, демек қатысушыны даралау деген жоқ. Фестиваль аясында көрерменге ұсынылып отырған фильмдердің барлығы да бірдей қабылданып, әр туындының авторын басқа әріптестерімен деңгейлес деп ұғынамыз. Заманауи қалалық цивилизациядан аулақ жерде өтуі кинокартиналарға ерекше атмосфера сыйлайды. Киноның дара өнер екенін дәлелдеу үшін, фильмдерді ашық аспан аясында үлкен экранда көрсетеміз, - Қиыры жоқ ғаламдағы бір нүкте ұйымдастырушылары өз форматтарын осылай түсіндіреді. Фильмімнің фестивальдерге өткеніне әрдайым қатты қуанамын. Қиыры жоқ ғаламдағы бір нүкте фестивалінің ерекшелігі мұнда марапаттар жоқ, барлығы да тең. Меніңше, бұл өте жақсы саясат. Және де фестивальдің әр елге көшетіні де ұнайды мәселен, биыл тамаша табиғатымен танылған Абхазия тауларында өтеді. Қатысушылар тау бөктерінде палаткаларда түнейді. Түн ауған шақта, аспан астында фильмдерді тамашалайды. Бұл батылдық пен қызықты оқиғаларға жетелейді. Сондықтан да маған фильмімнің осындай жерде көрсетілгені маңызды, алайда өзім барып қатыса алмадым, - деді Венера Қайыржанова. Естеріңізге сала кетейік, Тығылмақ фильмі балалық шақтары келмеске кетіп бара жатқан екі кішкентай дос-қыздар туралы баяндайды. Биыл аталған фильм 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінде Short Film Corner аясында көрсетілген болатын.