- Негізгі бет
- Кино
- Тұрмыстық зомбылық тақырыбын...
Тұрмыстық зомбылық тақырыбын көтеретін фильмдер
Эпидемия кезінде Қазақстандағы тұрмыстық зорлық жасау 4 есе артқан болатын. Бірнеше жағдайлар түрлі сайттарда ашық жарияланып, талқыға түсті. Заң жұмыстары да сынға алынды. Бірнеше жыл бойына үлкен мәселе ретінде қарастырылса да, әлі күнге дейін шешімі табылмай келеді. Бүгін назарға тұрмыстық зомбылықтың неге алып келетінін және оның қандай қауіпті екенін көрсететін бірнеше фильмді ұсынамыз.
"Жетер" / "С меня хватит" / Enough
АҚШ, 2002
Режиссер: Майкл Эптед
Рөлдерде: Дженнифер Лопес, Билл Кэмпбелл, Тесса Аллен, Джульетт Льюис
Даяшы Эрин (Дженнифер Лопес) сымбаты келіскен әрі біраз жетістікке жеткен жас бизнесмен Митч Хиллерге (Билл Кэмпбелл) тұрмысқа шығады. Біраз жылдан кейін Эрин жарының көзіне шөп салып жүргенін біліп қойып, оған ажырасуға ұсыныс білдіреді. Митч оны соққыға жығады. Осыдан кейін оны ұруды әдетке айналдырады. Эрин баланы алып қашып, атын өзгертіп жаңа өмір бастауға тырысады. Дегенмен бәрі ол қалағандай бола қоя ма?
"Қас жауыммен бір төсекте" / "В постели с врагом" / Sleeping With The Enemy
АҚШ, 1991
Режиссер: Джозеф Рубен
Рөлдерде: Джулия Робертс, Патрик Бергин, Кевин Андерсон
Оқиға жары Мартинмен (Патрик Бергин) төрт жылдан бері бірге тұрып жатқан Лораның (Джулия Робертс) басынан кешкендерін баяндайды. Сырт көзге жұп өте бақытты әрі берекелі отбасы сияқты көрінеді. Дегенмен Мартин Лораны кез келген "бұрыс" қылығы үшін жазалаумен болады. Отбасы қорқыныш пен қатыгездікке құрылған. Садист жардан қашу үшін ол бәріне дайын болады. Тіпті өз өлімін ұйымдастырады. Бірақ жылдарға созылған қорқыныш онымен кете қоймайды.
"Менің көзімді ал" / "Возьми мои глаза" / Te doy mis ojos
Испания, 2003
Режиссер: Исиар Больяин
Рөлдерде: Лайя Маруль, Луис Тосар, Кандела Пенья, Роса Мария Сарда
Пилар (Лайя Маруль) есімді әйел өзінің күйеуі Антонионың (Луис Тосар) ашушаң мінезіне жылдар бойы төтеп беріп келеді. Бір күні ол ұлын алып, әпкесіне көшіп кетеді. Уақыт өте өмірі қайта қалпына келе бастайды. Бұл кезең Антонио қайта үйге оралуын сұрағанда үзіледі. Күйеуі отбасының қосылғанын қалайды, сол себепті ашуды басқаруды үйрену үшін арнайы курстарға бармақ. Пилар оның ойының дұрыстығына көз жеткізген соң үйге оралады. Бірақ адам оңайлықпен өзгере қоймайды.
"Осы баланың өмірі" / "Жизнь этого парня" / This Boy's Life
АҚШ, 1993
Режиссер: Майкл Кейтон-Джонс
Рөлдерде: Леонардо ДиКаприо, Роберт Де Ниро, Эллен Баркин, Джона Блекмен
Оқиға 1957 жылы АҚШ-та болады. Кэролайнды (Эллен Баркин) кіші ұлы Тобимен (Леонардо Ди Каприо) күйеуі тастап кетеді. Ол өзге бай әйелге үйленіп, өзімен үлкен ұлын алып кеткен еді. Осыдан кейін автомеханик Дуайт Хансенді (Роберт Де Ниро) кездестіреді. Жарқын болашаққа үміттеніп оған тұрмысқа шығады. Дегенмен сыпайы, салмақты адамның образы жоғалып, оның орнына ашушаң, ызақор, дөрекі адам пайда болады. Оқиға жасөспірім Тобидің атынан баяндалады.
"Қауіпсіз айлақ" / "Тихая гавань" / Safe Haven
АҚШ, 2013
Режиссер: Лассе Халльстрем
Рөлдерде: Джулианна Хаф, Джош Дюамель, Дэвид Лайонс
Фильмнің бас кейіпкері Кэти (Джулианна Хаф) жылдар бойына жарының соққысына төтеп беріп, кейін қашып құтылады. Солтүстік Каролинада жағалау маңында орналасқан кішкентай қалаға көшіп келіп, жаңа өмір бастайды. Бірақ тұрмыстық зомбылық кесірінен пайда болған қорқыныш оның өміріне әсерін тигізбей қоймайды. Кэтидің өмірі екі баласымен жалғыз қалған Алекс Уитлиді (Джош Дюамель) кездестірген кезде қиындай түседі.
Т. Есқали