Биыл Оскар сыйлығына үміткер болған барлық туындыдан алары көп дүние бар. Ал бүгін біз ұсынған топтамадан түпнұсқада көрілуі керек фильмдер туралы сөз қозғамақшымыз. Әлдеқайда пайдалырақ болу үшін фильмді алдымен өз тіліңізде, кейін түпнұсқада көрген абзал.
"Иттің әмірі" (The Power of the Dog)
Зиялы әрі биязы Джордж туған ранчосына биязы әйелі мен жасөспірім ұлын алып келеді. Үйдегі тым тәуір тыныштықты Джордждың есірген, қалжыңбас, кір қожалақ ағасы Фил бұзатын. Ол айрандай ұйыған жанұяны бір-бірімен қырқыстыруды бастайды. Фильм соңы сіз ойламаған бағытқа өзгереді.
Неге түпнұсқада көру керек?
Бұл фильмнен жүз жыл бұрынғы ағылшын тілінің көрінісін көрсетеді. Лексикасы ескірген болар, бірақ Монтана штатының акценті сол күйі сақталған. Басқа вестерн жанрындағы фильмдерге қарағанда аутентикалық тіл сақталған. Оған қоса, бұл әзіргі таңда Бенедикт Камбербэтчтің үздік рөлі.
"Спенсер" (Spencer)
Диана ханшайым туралы тақырып уақыт өткен сайын ескіріп емес, жаңарып, жаңғырып отырады. Оның табынушыларын мазалайтын ең бір өзекті сұрағы – Чарльз ханзадамен ажырасуға бел буған кездегі оның ішкі жай-күйі мен оны толғандырған ойлар. Ханшайым рөлін сомдаған Кристен Стюарт америкалық бола тұра, ұлыбританиялық ақсүйекке тән ерекшелікті, сөйлеу мәнерін әдемі келтірген. Жалпы, фильм де британдық жоғары таптың картинасы жақсы суреттеген.
Неге түпнұсқада көру керек?
Ағылшындық патшайым секілді сөйлегісі келетін жандар сол тап туралы түсірілген фильмдер мен танымдық видеоларды жиі көргені дұрыс. "Спенсер" – ақсүйектің ағылшын тілін, posh English, үйренуге таптырмас құрал. Фильмнен корольдік сарайдың тілдік ерекшелігін бірден байқайсыз. Мысалы: very, extremely (аса, тым) сөзінің орнына terribly (жаман) үстеуін қолданады. (Қазақ тілінде "жаман жақсы көремін" дегендей). "Their lenses are terribly powerful these days, ma'am" ("Олардың объективтері жаман мықты, мадам"), – дейді қауіпсіздік қызметінің басшысы папарацция туралы.
"Лакрильді пицца" (Licorice Pizza)
15 жастағы алғыр Гэри мен 25 жастағы жолы бола бермейтін Алана 1970-жылдары Калифорнияда тұрады. Олар түрлі миға сыймайтын стартаптар бастайды, саясаттан шой-бизнеске ауысады, сондағы бар мақсаттары: осы әлемнің бір бұрышында кірпіш болып қаланғысы келеді. Ал оларға ешкімнің назары да аумасы анық.
Неге түпнұсқада көру керек?
Бұл фильмде барлығы батыс жағалауға тән акцентпен сөйлейді. Қазір біз қолданатын ағылшын сөздері сол кездері бейәдеп естілетін баламалармен аталған. Бұл фильмді "Жаманнан жирен" деген қағиданы ескеріп отырып көру керек.
"Жоғары қарама" (Don’t Look Up)
Жер ғаламшарына төніп келе жатқан алып кометаны байқаған екі ғалым ол туралы адамзатқа ескерткісі келгенімен, оларға біреу құлақ аспақ емес. "Based on truly possible events" ("Болып қалуы мүмкін оқиғаның негізінде жазылған"), ― фильмнің слоганы. Слоганның өзі көп нәрседен хабар береді емес пе?
Неге түпнұсқада көру керек?
Бұл фильмде көптеген күлкілі кейіпкер бар: консервант саясатшылар, роботқа ұқсап кеткен ІT-бизнесмен, біртүрлі ғалымдар, бір қилы мәдениетті ұстанса да, білім-ғылымнан хабары бар жас қоғам. Дубляжда Джон Хилл мен Мерил Стриптің әзілдері аса қызық көрінбеуі әбден мүмкін. Сол үшін де оригинал нұсқада көруджі ұсынамыз.
"Энканто" (Encanto)
Латын Америкасының бір бұрышында Мадригаль жанұясы өмір сүреді. Отбасы мүшелерінің барлығында делік ерекше қасиет дарыған. Тек Мирабель атты қызға мұндай сиқыр қасиет бұйырмаған. Алайда, отбасының ұмытылып қалған жарасы мен құпиясын ашқанда ғана отбасы бірлігін сақтап қалатынын тек ос Мирабель ғана түсінеді.
Неге түпнұсқада көру керек?
Осы анимациялық фильмнің әнін басқа тілде тыңдап көрген боларсыз: буын, ән мақамы, ырғақ сақталғанымен, бәрібір бірнәрсе жетіспей тұрады. Жетіспегенін түпнұсқадан таба аласыз.
"Митчелдер машиналарға қарсы" (The Mitchells vs. the Machines)
Кэти Митчелл ата-анасы оның фильм түсіру қабілетін еш түсінбейді деп ойлайды. Өзінің армандаған киномектебіне оқуға қабылданғанына қатты қуанған еді. Бірақ әкесі елдің бір шетіндегі оқу орнына қызын жалғыз жібергісі келмей, отбасылық саяхат жасауды құп санайды. Алайда жолда оларды күтпеген жағдай күтіп тұрғанын білмейді. Бүкіл робот-машина апокалипсі басталып кетеді.
Неге түпнұсқада көру керек?
Қазіргі ағылшын тілді жасөспірімдер қалай ойлап, сөйлейтінін білгіңіз келсе, Welcome! Мультфильмнің басым бөлігі мем мен сленгтан құралады. Қазір көріп қалмасаңыз, ертең басқа жаңа сөздер шығады.