Төлеубек Аралбай Қытайда өткен кинофестивальде үздік актер атанды

Төлеубек Аралбай Қытайда өткен  кинофестивальде үздік актер атанды
Фото: Қазақфильм

«Біздің қаланың ханзадасы» фильмінде басты рөлді сомдаған отандық актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай Қытайдың Циндао қаласында маусымның 13-і мен 17-і аралығында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдері кинофестивалінде«Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Адигул продакшн» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Біздің қаланың ханзадасы» көркем фильмі  жалғыздықтың күйін кешіп жүрген  балалар үйінің 6-жасар тәрбиеленушісі мен қарттар үйінің ардагері арасындағы достығы туралы баяндайды.  

Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы – Қазақстанның халық артисі  Талғат Теменов («Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті»). Басты рөлдерді Ануар Толеугажы және Төлеубек Аралбай («Жаужүрек Мың Бала», «Жоюшы», «Тығырықтан жол тапқан») сомдады. Сонымен қатар, фильмге Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыка және драма театрының (Астана қаласы) актерлері түскен.  

Фильмнің түсіру жұмыстары Астанада және Ақмола облысының Бурабай ауылында өтті. Картинаның тұсаукесері  2017 жылы 1 маусымда, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласында өткен болатын. Ал қазан айында еліміздің кинотеатрларынан көрсетілді. Сонымен қатар, аталмыш кинотуынды қыркүйек айында Ресейде өткен ІІ Халықаралық «Еуразиялық көпір» кинофестивалінің негізгі бағдарламасы шеңберінде көрсетілген еді.  

Айта кетсек, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына 23 кинолента  қатысты, олардың арасында екі отандық картина көрсетілді. Жалпы кинофестиваль көрермендерінің назарына 60 картина ұсынды.   

ШЫҰ аясындағы кинофестивальді ҚХР мемлекеттік кинематография басқармасы мен Шаньдун провинциясының әкімшілігі ұйымдастырып отыр. 

Фильм туралы: «Біздің қаланың ханзадасы» - бұл Бибол есімді ерекше бала мен музыкант Қасымхан есімді қария туралы әсерлі оқиға. Фильмнің негізгі желісі - бала мен қарттың кездейсоқ кездесуі болып табылады. Бұл фильмдегі драматизм бір-біріне мүлде бөтен бас кейіпкерлердің соңында етене жақын болып кетулері. Фильм – адамның адамгершілік қасиеттерінің арқасында ғана шын бақытқа жетуге болатынын көрсетеді. 

Өндірісі:Ш.Айманов ат. «Қазақфильм» АҚ «Адигул продакшн» ЖШС қатысуымен
Жанры:мелодрама
Режиссері, сценарий авторы: Талғат Теменов 
Қоюшы операторы: Андрей Маслов
Қоюшы суретші: Марат Иманберген
Композиторы: Төлеген Мұхамеджанов
Бас продюсері: Ахат Ыбыраев
Рөлдерде: Төлеубек Аралбай,Әнуар Төлеуғажы, Лейло Бекназар-Ханинга, Жәния Джуринская,Динара Әбікеева, Қуандық Қыстықбаев және басқалары. 

Теменов Талғат Досымғалиұлы – кинорежиссер, Қазақстанның халық артисі. 1954 жылы 11 желтоқсанда Алматы облысы Малыбай ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны, ал 1986 жылы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы сценаристер мен режиссерлар дайындайтын жоғары курсын бітірген (С.Соловьевтың шеберханасы).

Алғашында Талдықорған қаласындағы облыстық драма театрында актер болып шығармашылық жолын бастаған Талғат Теменов,1980 жылы кино өнеріне  келіп, режиссер көмекшісі және сценарист болып қызмет атқарады. Мәскеудегі оқуын бітірген соң, Т.Теменовөзінің сценарийі бойынша екі қысқаметражды фильмдерді – «Қайдасың, Шапай?» және «Торо» картиналарын түсіреді. 1987-1988 жылдар аралығында жас киногер «Мосфильм» киностудиясында ресейлік балалар киносының атасы Ролан Быковтан дәріс алып,кейін халықтың жоғарғы бағасы мен ықылас-ілттипатына бөленген «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті», «Өлімнен кейінгі Казань» атты фильмдерді жарыққа шығарды. Т.Теменов сонымен қатар халыақаралық жоба – «Көшпенділер» фильмінің тең режиссері. 2011 жылы режиссер «Менің күнәлі періштем» фильмін түсірген. 

А. Оралқызы