Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің туған жері Қызылордада алаш ардақтысының өмірі мен қызметіне арналған Еркін Рақышевтің «Темір нарком Темірбек» атты деректі фильмінің тұсаукесері болды, деп жазады inform.kz.
Бір сағатқа жуық көрсетілген деректі фильмде Темірбек Жүргеновтің балалық шағынан бастап, оның қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны, халқы үшін аянбай тер төккені кезең-кезеңімен сипатталады. Фильмде Темірбек Жүргеновтің жұбайы Дәмеш Ермекованың естеліктері келтірілген, сондай-ақ Т.Жүргеновтің өмірі мен қызметіне қатысты көптеген мұрағаттық деректер қолданылған.
Көпшіліктің көңілінен шыққан фильмді түсірген белгілі режиссер Еркін Рақышев бұл фильм 6 ай бойы түсірілгенін айтты. «Деректі туындыда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсынған, Өзбекстан, Тәжікстан, Мәскеуден алынған әрі өте сирек пайдаланылған мұрағаттық құжаттар мен фотоматериалдарды қолдандық», - деді режиссер.
Сондай-ақ, Т.Жүргенов туралы үш бөлімнен тұратын кітаптың тұсаукесері болды. Бұл жинаққа ғалымдардың зерттеулері мен мақалалары, бұрын жарияланбаған бірқатар тың деректер, ақындардың арнау, жыр-толғаулары топтастырылған.
«Бұл деректі фильм мен кітаптың тұсаукесерін бүгін өткізіп отырған себебі, бүгін Т.Жүргеновтің 1938 жылы 25 ақпанда атылған күні. Осыған байланысты тарихи тұлғаны еске алып, осы шараларды ұйымдастырып отырмыз», - деді Т.Жүргенов атындағы қордың төрағасы С.Аңсатов.
Автор: Елубай Әуезов
сурет: inform.kz