Жақында ғана қазақстандықтар мәңгі бітпестей болған «Келіннің» соңғы бөлімін тамашалап, атой салған еді. Алайда, кино мен телевидение тарихында 20 000-ға жуық сериялы телехикаялар болды десек сенесіз бе? ТМД жұртшылығының көбі ең ұзақ телехикая «Санта-Барбара» деп ойлайды. Ол да ең көп сериялы телехикаялар қатарына кірсе де, оны басып озатындар да жетерлік екен.
1-орын: Көшбасшы орынды «Жол көрсеткіш жарық» («The Guiding Light») телехикаясы иеленді. 18262 серияға созылған бұл телехикая 1952 жылы түсірілімін бастап, 2009 жылдың 18 қыркүйегінде қаржы тапшылығы себебінен өз жұмысын тоқтатты. «Телевидениедегі ең ұзақ сериал» деген атақпен ол Гиннес рекордтар кітабына енген болатын. Сериал Чикагода өмір сүретін дін қызметшісінің өмірі жайлы сыр шертеді. Телехикаяда Кристофер Уокен, Мира Сорвино, Руби Ди, Джоан Коллинз, Кевин Бейкон, Виктор Гарбер сияқты танымал актерлер ойнаған.
2-орын: Екінші орынды 1956 жылдан түсірілімін бастап, 13858 бөлімге дейін жалғасқан «Әлем айналғанда» («As the World Turns») сериалы алады. Сериал 17 қыркүйек 2010 жылы аяқталғанымен CBS компаниясынан құқығын сатып алып, жалғастырушылар да табылып қалар. Жалпы уақыты 573 күн 11 сағат 825780 минутты құрайды. Сюжеті Окдейл қаласы тұрғындарының мәселелері мен армандары төңірегінде өрбиді. Бұл телехикаяға да Мартин Шин, Мег Райан, Уильям Фихтнер, Эмми Россам, Кортни Кокс сияқты атақтылар түскен.
3-орын: Көп сериялы деген атаққа әбден лайық телехикаяның бірі «Өмір сүру үшін бір өмір» («One Life to Live») сериалы. 1989 – 2009 жылдар аралығында көрсетілген бұл сериалдың сериялар саны – 11096. Бұл расизм мен нашақорлық мәселелерін көтерген әлемдегі тұңғыш сериал. Оқиға желісі ойдан құрастырылған Лланвью қалашығының тұрғындары төңірегінде өрбиді. Бұл сериалда Томми Ли Джонс, Аманда Пит, Лоуренс Фишборн, Том Беренджер, Винсент Пасторе, Райан Филипп, Брендон Рут, Натан Филлион сынды актерлер ойнаған.
4-орын: 10712 сериялы «Менің балаларым» («All My Children») телехикаясы 1970 жылдан бастап көрсетіліп, 2011 жылдың 23 қыркүйегінде аяқталған. Сюжеті қарапайым болса да, Пенсильвания тұрғындарын ойнаған актерлердің шеберлігі ерекше.
5-орын: «Жас әрі аусар» («The Young and the Restless») телехикаясы өзінің 10079 бөлімімен тізімнің ортасына жайғасты. Түсірілімін 1973 жылдан бастау алған ол әлі де жалғасып келеді. Оқиға желісі Генуи қаласындағы екі бай отбасының арасында өрбиді.
6-орын: Морган Фримен, Бред Питт сияқты атақтылар бой көрсеткен «Өзге әлем» («Another world») телехикаясы 1964 – 1999 жылдар аралығында көрсетілген. Сериялар саны 8891-ді құрайды. Телехикая ең алғаш түсік жасату сияқты проблемаларды көтергендіктен басы дауға қалып, коммерциялық тұрғыда өтімді болмаған.
7-орын: Тергеу мен детектив тақырыбын алғаш қозғаған телехикаялардың бірі – «Түн алдында» («The Edge of Night») сериалы 1956 жылдан 1984 жылға дейін жалғасты. Жалпы серия саны 7420-ға жетті.
8-орын: 1987 жылдан бері көрсетіліп келе жатқан «Адуын әрі әдемі» («The Bold and the Beautiful») телехикаясы өз мәресіне жеткен жоқ. Сериялар саны қазіргі таңда 6487-ні құрап отыр. Телехикая Лос-Анджелестегі Форрестерлер жанұясы мен олардың «Форрестер Крейшенс» модельдер үйі жайлы сыр шертеді.
9-орын: 27 маусымнан тұратын «Көршілер» («Neighbours») австралиялық сериалы 1985 жылдан бері түсіріліп келеді және әлі де жалғасуда. Осы уақытқа дейін телехикаяның 6255 сериясы көрсетіліп үлгерген. Бұл телехикаяға Рассел Кроу, Гай Пирс, Джейсон Донован, Рада Митчелл, Кайли Миноуг, Холли Вэлленс, Натали Имбрулия сынды австралиялық жұлдыздар түскен.
10-орын: Және әрине, бәрімізге танымал «Санта-Барбара» өзінің 2137 сериясымен шеруімізді аяқтайды. Сериал 1984 - 1993 жылдар аралығында түсірілген және қоғамның әрқандай тобындағы төрт әулеттің қарым-қатынасы жайлы баяндайды. Бұл телехикаяда Леонардо ди Каприо бой көрсеткенін біреу білсе, біреу білмес.
Әлбетте, бұл тізім болашақта өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін. Алайда алдыңғы 15-тен түспейді деп үміттенеміз.
Суреттер: fanpop.com
Дайындаған: Анар Мұстафина