- Негізгі бет
- Кино
- Тарих, детектив, күрес:...
Тарих, детектив, күрес: Көруге тұрарлық кәріс блокбастерлері
Соңғы екі он жылдық бойына Оңтүстік Корея фильмі арқылы тек Азия мемлекеттерін ғана емес, әлемді қуантып жүр. Өйткені фильмдерінде айтарлықтай цензура болмайды және көрерменін түрлі жанр арқылы елітіп отырады. Өткен жылы Поң Чжун Хоның "Паразиттер" фильмі үздік фильм ретінде "Оскар" алғаны осыған дәлел. Оған қоса, бұл фильм — өз елінде фестивальға арналған арт-кино ғана емес, 10 миллионнан астам билет сатқан кассалық туынды. Бүгін назарларыңызға сатылым бойынша көш бастаған блокбастер фильмдердің тізімін ұсынамыз.
"Төтенше жұмыс" / "Экстремальная работа"
Жанр: комедия, криминал, әскери
Режиссер: Ли Бён Хон
Есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері оны сататын топтың жасырын мекемесінің ізіне түседі. Заңсыз делдалдарға жақынырақ орналасу үшін олар командирдің зейнетақы қорындағы ақшаны пайдаланып, қарсы бетте орналасқан мейрамхананы сатып алады. Бұл мейрамхана оған дейін қуырылған тауық етін сатқан болатын. Полиция қызметкерлері бос отырмай әрі өздерінің шынайы қызметтерін жасырын ұстау үшін тауық дайындап, оны жеткізумен айналысады. Көп ұзамай ресторан аудандағы ең танымал ортаға айналады. Бірте-бірте аспаздық өнер, олардың негізгі жұмысына кедергі келтіре бастайды. Фильмде күлкілі сахналар ерекше көзге түседі. Экшн сахналардың өзі сізді экраннан алыстатпайды. Соңына дейін "енді не болар екен" деген ой фильмді алға жылжытусыз және дамылсыз қарауға мәжбүрлейді. Ең бастысы әрбір кейіпкермен жақын танысуға мүмкіндік алып, олардың тағдырына шынымен алаңдайсыз. Фильм Оңтүстік Кореяда кассалық жинағы бойынша рекорд орнатқан болатын.
"Құдаймен бірге: Екі әлем", "Құдаймен бірге: Соңғы 49 күн" /
"С Богами: Два мира", "С Богами: Последние 49 дней"
Жанр: қияли, шытырман, детектив
Режиссер: Ким Ен Хва
Апат кезінде қаза тапқан өрт сөндірушіні өткен өмірге үш күзетші ертіп әкеледі. Олардың міндеті – тозақтың әр айналымында қаза тапқан адамның кінәсіз екенін дәлелдеп, оған 49 күн ішінде қайта өмір сүру мүмкіндігін сыйлау. Жұмыс кезінде өрт сөндірушінің ағасы араға түседі: ол әскердегі қызметінде қаза тауып, жауыз елеске айналған. Ал ағасының тағдыры мен оның о дүниедегі саяхатына фильмнің "Құдаймен бірге: Соңғы 49 күн" атты екінші бөлімі арналады. Екі фильм қатар түсірілсе де, жанрларында аздаған айырмашылық бар. Бұл фильмде арнайы эффектілер арқылы жасалған фэнтези бағытындағы шытырман оқиғаларға қарағанда, күзетшілер мен олардың о дүниедегі қызметіне көбірек назар аударады. "Өлім де шытырманға толы оқиға", — деп Питер Пэн айтпақшы, бұл ұран кәріс продюсерлеріне шабыт сыйлайтын сияқты. Өйткені соңғы жылдары өлім мен өмір арасындағы адам, оның өмір үшін күресі, тозақ соты туралы драмадан басталып, комедия мен триллер жанрындағы фильмдер жарыққа шықты. "Құдаймен бірге" фильмнен бұрын кәріс фольклоры мен қытай классикасының негізінде жасалған комикс болатын. Сондықтан бұл фильмдер арқылы тек қиял-ғажайып оқиғаның көрермені ғана болып қана қоймай, Шығыс Азия мемлекеттерінің аңыз оқиғаларымен танысасыз.
Фильмнің үшінші бөлімі жарыққа шығады деп отыр. Ресми деректер бойынша, фильмді түсіруді биыл қолға алады.
"Пэкту тауы" / "Пеплопад"
Жанр: комедия, әскери, драма
Режиссер: Ли Хэ Джун, Ким Бён Со
Түпнұсқасының атауы – "Пэкту тауы". Бұл – түбектің солтүстік аймағында орналасқан жанартау атауы. Аңыз бойынша осыдан 4000 жыл бұрын сол аймақта Корея мемлекетінің негізін қалаған Тангун дүниеге келген. Фильм сюжеті бойынша ғалымдар жанартаудың жарылу алдында тұрғанын анықтайды. Мұндай жағдай болса Оңтүстік және Солтүстік Корея қатар жойылып кетуі әбден мүмкін. Зерттеуші ғалымдар тау астынан ядролы қаруды жару арқылы катаклизмді тоқтатуды ұсынады. Бірақ алдымен жарылғыш затты коммунистердің құпия базасынан білдіртпей алып өтіп, америкалық арнайы жасақ пен қытай жендеттерінің қолына түспеуін қадағалау керек. Тапсырма Оңтүстік Корея әскеріне тапсырылады. Оған Солтүстік Корея көмекке келеді.
Бір ғана танымал актер түссе, бұл фильм блокбастер болмайтын ба еді?! Соны есепке алған продюсер фильмдегі актерлік құрамды бірінші орынға қойғаны анық. Өйткені фильм Ма Дон Сок, Ха Джон У, Ли Бен Хон сынды актерлердің басын қосқан.
"1987"
Жанр: тарихи, биография, драма
Режиссер: Чан Чжун Хван
1987 жылы Оңтүстік Корея дамылсыз көтерілістердің арқасында Чон Ду Хванның диктатурасынан босап шығып, елде алғаш рет демократиялық таңдау өтеді. Картина қоғам белсендісі әрі студент Пак Чон Чольдің тергеу кезінде полициялардан әбден жәбір көріп, қаңтар айында қаза табуынан басталады. Сонымен қатар, фильм 1987 жылдың маусымында басына жас ағызатын газ толы жарылғыш зат тиіп қаза тапқан студент Ли Хан Ельдің оқиғасымен аяқталады. Бұл екі оқиға арасында тергеу кезінде полиция қызметкерлері көрсеткен қорлықты жасыру деректері, журналистер мен белсенділердің билік жасырған былықты ашу әрекеттері, Сеул көшелеріндегі сансыз көтерелістер көрсетіледі.
"Жаныңда жүрген" / "Тот, кто рядом"
Жанр: тарихи, биография, драма, триллер
Режиссер: У Мин Хо
2020 жылы пандемияға қарамастан, Оңтүстік Кореядағы кинотеатрлар жұмысын тоқтатқан жоқ. Дегенмен коронавирус зардабы кинобизнеске зардабын тигізбей қоймады. Сол уақыт аралығында жарыққа шыққан бірде-бір фильм 5 миллион билеттен артық сата алмады. Соған қарамастан кассалық жинағы фильм шығынын ақтай алған фильмдер де бар. Соның алғашқы үштігі кәріс туындыларына тиесілі.
Алғашқы орында – 1979 жылы қаза тапқан диктатор Пак Чон Хидің өлімі туралы саяси триллер. Фильм авторы У Мин Хо бірнеше жыл бұрын бұл жанрды "Инсайдерлер" атты фильм арқылы жаңартқан болатын. Кейін сол бағытта жарыққа шыққан фильмдер саны күрт артты. Жаңа фильмі президент Пактың соңғы 40 күнін баяндайды. Бірақ, оқиға президент туралы емес, оны өлтірген адам жайында. Өйткені, президенттің өлімі Оңтүстік Корея тарихындағы әлі сыры ашылмаған парақ болып қалады. Оны өлтірген барлаушының мақсаты қандай болды, ол да белгісіз: елді құтқаруды көздеді ме әлде коммунистер тыңшысы болды ма деген сұрақ әлі күнге дейін халықты мазалайды.
Фильмде президентті өлтірген барлаушының есімі – Ким Гю Пён (шын өмірде аты Ким Джэ Гю), оны атақты актер Ли Бён Хон сомдайды. Оның сенімді әскерден ел еркіндігі үшін күрескен қоғам белсендісіне дейінгі жолы актердің мансабына айтарлықтай әсер етті. Ол корей киносыншылары Ассоциацияның арнайы сыйлығы мен танымал "Көгілдір айдаһар" белгісін сыйлады. Ал фильмнің өзі "Үздік халықаралық фильм" номинациясы бойынша "Оскарға" ұсынылды.
"Бізді қудан құтқар" / "Избави нас от лукавого"
Жанр: әскери, криминал, драма
Режиссер: Чан Чжун Хван
"Бізді қудан құтқар" — бұл әдеттегідей "жанашыр" киллер мен жауыз баскесер арасындағы шайқас. Бұл шайқасқа толы фильмде танымал кәріс туындысы "Жаңа әлемде" бірге бой көрсеткен актерлер қайта оралады. Хван Джон Мин киллердің рөлін ойнаса, "Жаңа әлемде" полиция қызметкері болған Ли Джон Джэні енді қылмыскер ретінде көресіз. Талантты актерлер мен экшн сахналар біз үйреніп қалған әдеткі сценариді байқатпай, көрерменді соңына дейін ұстап отыруға барын салады. Фильмнің жылдық топта екінші орынға ие болуы – бұған дәлел.
"Пусан бағытындағы пойыз 2: Түбек" / "Поезд в Пусан 2: Полуостров"
Жанр: әскери, хоррор
Режиссер: Ён Сан Хо
"Пусан бағытындағы пойыз" 2016 жылдың ең үздік фильмі болғаны жасырын емес. Тек кәрістер ғана емес, оның екінші бөлімін бүкіл әлем асыға күтті. Бірақ фильм көптеген көрермен мен киносыншылардың артқан үмітін ақтай алмады. Ён Сан Хо тірі-өліктер туралы авторлық эпопеясын әлеуметтік тақырыптарды көтерумен аяқтады. Драма арқылы зомби капитализм мен қоғамдық таптық бөлінудің нәтижесі екенін көрсетеді. Бұл фильмде әлеуметтік сенімсіздік, мүлікке талас және мәселемен күресу тақырыптарын көтереді. Оның сәтсіз шығуына мән беретін болсақ, көрерменге апокалипсис тақырыбы әлдеқайда қызықтырақ болған сыңайлы.
Бүгінге ұсыналатын топтама осындай. Бұл фильмдердің арасынан қай фильмді көрдіңіз және несімен есте қалды?