Талантты режиссер Квентин Тарантиноның жаңа фильмінен тың суреттер жарияланды.
Шыны керек, оның өзіндік стиліндегі туындыларын сағынған киносүйер қауым үшін бұл қуанышты жаңалық болды. "Күндердің бір күнінде Голливудта" аталатын фильмнің сюжеті есімі әлемге танымал маньяк Чарльз Мэнсонның 1969 жылы елді дүрліктірген қылмысы негізінде жазылған. Біз айтып отырған Мэнсон — америкалық кісі өлтіруші, музыкант, "Отбасы" қылмыстық коммунасының басшысы. 1969 жылы олар әйгілі режиссер Роман Поланскидің аяғы ауыр жұбайы, танымал актриса Шэрон Тейтті ішіндегі 8 айлық баласымен қоса қинап өлтірген.
Фильм түсіріліміне Аль Пачино, Леонардо Дикаприо, Бред Питт, Марго Робби секілді атақты актерлер қатысты. Тарантиноның жаңа фильміне Майя Хоук есімді актриса қатысатыны белгілі болды. Таңқалдырғаны, ол режиссердің музасы ретінде танылған Ума Турманның қызы екен. Онымен қоса, Лина Данэм, Остин Батлер мен Лоренца Иззо сынды таланттар да бар.
Картина премьерасы 2019 жылдың 26 шілдесіне жоспарланып отыр.