Қайталанбас қолтаңбасымен көпшілік көңілінен орын алған Квентин Тарантиноның биыл жарық көрген туындысын бүкіл әлем асыға күткені жасырын емес.
"Ерте, ерте, ертеде ... Голливудта" фильмінің АҚШ-тағы премьерасы 26 шілдеге жоспарланса, Қазақстан көрермені оны 8 тамыздан бастап тамашалай алады. Картина 70-ші жылдардағы Лос-Анджелестің өмір тынысын көрсетеді. Голливудқа арман жетегінде келген актерлер тағдырын "жырлайды".
Бүгін осы фильмнің түсіріліміне қатысты бірнеше қызықты дерекпен бөліскенді жөн көрдік.
– Бұл Леонардо Ди Каприоның соңғы 4 жылдағы алғашқы рөлі. Яғни, "Хью Гласс аңызы" (2015) үшін "Оскар" алғалы бері үлкен экранға шықпаған.
– Тарантино сценарийді 5 жыл жазғанын айтқан болатын.
– Фильмнің түсірілім алаңында Аль Пачино мен Леонардо Ди Каприо алғаш рет бірге жұмыс істеген. Екеуі де даңқты актер болса да, ешқашан бір картинаға түспеген екен.
– Фильмнің Канн кинофестиваліндегі премьерасында көрермен 7 минут үздіксіз қол соққан.
– Фильмге түскен Майя Хоук есімді жас актриса – Тарантиноның музасы болған Ума Турманның қызы. Турман оның 3 картинасына түскен, олар: "Криминалды оқиға" (1994), "Биллды өлтіру" (2003), Биллды өлтіру–2 (2004).
– Фильмге түскен актерлердің үшеуі – "Оскар"лауреаты (Аль Пачино, Брэд Питт пен Леонардо Ди Каприо), төртеуі – "Оскар" номинанты (Тим Рот, Марго Робби, Бренда Ваккаро мен Брюс Дерн).
– Квентин Тарантино мен Курт Рассел осымен үшінші рет бірге жұмыс істеп отыр. Осыған дейінгі екі фильм "Жансебіл" (2007) және "Жексұрын сегіздік" (2015) деп аталады.
– Леонардо Ди Каприо мен Марго Робби бұрын "Уолл-стрит бөрісі" (2013) фильміне бірге түскен.
– Ал Брэд Питт пен Аль Пачино осыған дейін "Оушеннің 13 досы" (2007) картинасында бірге ойнаған.