- Негізгі бет
- Кино
- Тарантиноның жаңа фильміне...
Тарантиноның жаңа фильміне арқау болған оқиға
Шілденің 26 жұлдызы Квентин Тарантиноның жаңа туындысы көрерменге жол тартқан болатын. Фильмнің қазақстандық премьерасын асыға күтіп жүргендер санында шек жоқ. Ал Қазақстанда картина 8 тамыздан бастап прокатқа шығады.
Даңқты режиссердің тоғызыншы туындысының сюжеті қайдан алынған?
Жаңа туынды жас кезінде жауыздығымен бар әлемді шулатқан Чарльз Мэнсон есімді қылмыскердің өмірі негізінде жазылған. Негізгі кейіпкерлер Голливуд актерлері болғанымен, олардың кәсіби өміріндегі өзгерістер Мэнсонның ең үлкен қылмысымен астасып жатады.
Мэнсон 1969 жылы бірқатар ауыр қылмыс жасаған "Отбасы" коммунасының лидері болды. Олар себепкер болған жан түршігерлік оқиғалардың бірі атақты режиссер Роман Поланскимен тығыз байланысты. Мэнсонның тобы Поланскидің жұбайы актриса Шерон Тейтті ішіндегі 8 айлық нәрестесімен бірге қорлап өлтіріп кеткен. Сол жылы ол өлім жазасына кесілу керек болған. Бірақ, Калифорния штаты ең ауыр жазадан бас тартуына орай Мэнсонның жағдайына байланысты "9 рет өмір бойы бас бостандығынан айыру" шешімі қабылданды.
Роман Поланскидің әйелі Шерон Тейт пен оның рөлін сомдаған Марго Робби
Чарльз Мэнсонның адам сенгісіз әрекеттері өнер адамдарын бейжай қалдырмады. Тарантинодан бөлек, оған әндерін, фильмдері мен кітаптарын арнағандар болды. Солардың бірқатарына тоқталып өтейік.
The Beatles тобының Helter Skelter композициясы. Ұлыбританияның ең атақты тобы жазған алғашқы хард-рок стиліндегі ән Мэнсонның арқасында бұрынғыдан бетер танымал бола түсті.
1969 жылы 9 тамызда Мэнсон "Отбасы" коммунасымен бірге актриса Шэрон Тейтті Беверли-Хиллздегі үйінде өлтіріп, үйдің қабырғасына осы әннің атауын қанмен жазып кеткен көрінеді. Мэнсон осы трек оған кісі өлтіруге шабыт бергенін айтады.
Осы қара дақтан құтылу үшін Пол Маккартни әнді үнемі жеке концерттерінен қалдырмай орындауға тырысады екен.
Мэрилин Мэнсон лақап атымен белгілі музыкант Брайан Уорнер осы қылмыскердің тегін алған. Музыкант Мэрилин Монро лақап атын алғанда екі нәрсені ескерген. Оның есімі әлемнің ағын да, қарасын да қатар алып жүруі керек еді. Сөйтіп, келбеті періштеден айнымайтын Мэрилин Монроның аты мен жауыздықтың символы болған Чарльз Мэнсонның тегін алған екен.
Ағылшын жазушысы Нил Гейман өзінің "Алтын балықтар тоғаны" туындысында Мэнсонның есімін атап өтеді. Бұл кітаптағы бас кейіпкер – жазушы. Ол Мэнсонның балаларына тұқым қуалаушылықпен қонған зұлымдық күші туралы көркем фильмге сценарий жазады.
Танымал америкалық әнші Лана Дель Рей "Lust for Life" альбомындағы "Heroin" әнінде Мэнсонды жайлы айтады. "Topanga's hot today, Manson's in the air. And all my friends have gone, 'cause they still feel him here" деген жолдарда Лана "героин" сөзін "атақ" ұғымымен синоним ретінде пайдалады. Осылайша, атақтың сор екенін жеткізбек болады.
Режиссер Оливер Стоунның "Тумысынан қылмыскер" кинокартинасында Мэнсон есімі екі рет аталады. Фильм сюжеті Микки және Мэллори Нокс есімді қылмыскер жұп туралы. Олар Американың оңтүстігінде көптеген ауыр қылмыс жасап әлемге атақты болады.
1974 жылы америкалық заңгер Винсент Буглиози Мэнсонға қатысты сот ісі туралы Helter Skelter кітабын жазды. Бұл заңгер айыптаушы жақтың құқығын қорғаған. Екі жылдан кейін аталған кітап желісі бойынша фильм түсірілді.
Қылмыскер туралы "Мэнсон" (1973) деректі фильмі түсірілді. Чарльз бен оның қылмыскер достары туралы бұл деректі фильм "Оскар" сыйлығына ұсынылған.
А. Оралқызы