Тарантиноның жаңа фильмі Қазақстанда прокатқа шығады

Тарантиноның жаңа фильмі Қазақстанда прокатқа шығады
Фото: Sony

Жылдың басты жаңалығынан құр қалмаңыз! Тарантиноның жаңа фильмі біздің өңірде 8 тамызда прокатқа шыққалы жатыр. Мұндағы көрсетілімін Meloman Entertainment ұйымдастырған

Америкалық кісі өлтіруші Чарльз Мэнсон бақилық болғаннан бері оның атағы бұрынғыдан бетер шарықтай түсті. Жас кезінде жауыздығымен бар әлемді шулатқан қылмыскер 83 жасында өмірден өткені туралы ақпарат бүкіл Жер-жаһанға тарағалы ол туралы фильмдер бірінен соң бірі түсіріліп жатыр.

Талантты режиссер Квентин Тарантиноның да жаңа фильмі осы қылмыскердің қолынан қаза тапқан жас актрисаның тағдырына құрылған. Көпшілік асыға күткен картинаның түсіріліміне қатысты кез келген ақпаратпен бір жыл бойы бөлісіп келдік. Енді оның трейлері мен премьерасында түсірілген суреттерді тамашалап көріңіз.


Шыны керек, Тарантиноның өзіндік стиліндегі туындыларын сағынған киносүйер қауым үшін бұл қуанышты жаңалық болды. "Күндердің бір күнінде Голливудта" аталатын фильмнің сюжеті есімі әлемге танымал маньяк Чарльз Мэнсонның 1969 жылы елді дүрліктірген қылмысы негізінде жазылған. Біз айтып отырған Мэнсон — америкалық кісі өлтіруші, музыкант, "Отбасы" қылмыстық коммунасының басшысы. 1969 жылы олар әйгілі режиссер Роман Поланскидің аяғы ауыр жұбайы, танымал актриса Шэрон Тейтті ішіндегі 8 айлық баласымен қоса қинап өлтірген. 

Фильм түсіріліміне Аль Пачино, Леонардо Дикаприо, Бред Питт, Марго Робби секілді атақты актерлер қатысты. Тарантиноның жаңа фильміне Майя Хоук есімді актриса қатысатыны белгілі болды. Таңқалдырғаны, ол режиссердің музасы ретінде танылған Ума Турманның қызы екен. Онымен қоса, Лина Данэм, Остин Батлер мен Лоренца Иззо сынды таланттар да бар.

 

А. Оралқызы