Визуалды картинаны алып тастап, тек саундректерді фильмдегі ретімен тыңдағанның өзінде домбырадан күй төгілгендей бір оқиғаның куәгері бола аласыз. Яғни, оның әр фильмі – бір-бір толыққанды музыкалық шығарма, параллель нарратив.
Квентин 1963 жылы Ноксвиллде (Теннесси) дүниеге келген. Көп ұзамай анасы (әкесін ешқашан көрмеген) баласын қолтықтап Лос-Анджелестің шағын ғана Торренс аталатын қалашығына көшіп кеткен. Ол бала кезінен киноны бар болмысымен сүйетін. Бірақ анасы кедейлерге медициналық сақтандыру жасайтын фирмада тиын-тебенге жұмыс істегендіктен, киноға жиі бару мүмкіндігі болмады.
Көрген киносын санасында жаңғырту үшін ол саундтректерді фильмдегі реті бойынша жаттап алатын. Кейін микстейптер жазып, кассетаны басына айналдырады да, тыңдай отырып киноны түгел есіне түсіретін. Бір кадрды екінші кадр алмастырып, санасында кино жүріп жататын. Кейін Квентин режиссер болғанда да, тіпті, есімі жалпы есімге айналған культті Тарантино атанғанда да, кино жасау үдерісі керісінше жүретін, яғни, бірінші — микстейп, кейін — фильм. Алаңға аяқ басқанда оның саундтрегі дайын тұрады: дыбыс визуалды көріністен бұрын жүреді.
Музыка ойнататын құрылғылардың ең соңғы нұсқаларын алатын жағдайы бола тұра, ол әлі күнге дейін кассета мен винил іздейді. Бар әлем XXI ғасырдың 20-шы жылдарына аяқ басса да, ол түпнұсқа пластинкаларды ғана тыңдайды. Оның, тіпті, жеке джук-боксы бар (музыкалық автомат). Оны "Death Proof" (бардағы сцена) фильмінен көруге болады.
Тарантино туындыларындағы музыка мінсіз деген сөз — ақиқат. Оның сын көтермейтін фильмдері болуы мүмкін, бірақ осал саундректері жоқ. Егер "Квентин" деген музыкалық коктейль жасайтын болсаңыз, оның құрамы шамамен мынадай болар еді: Эннио Морриконенің бірнеше композициясы, Луис Бакалов/Джек Ницше, бабблгам-поп, ескі ТВ-шоу заставкасы, кантри мен хип-хоп жанрындағы әндер, бірді-екілі ретро әндердің кавер нұсқасы.
Әдетте Квентиннің фильмдерін сипаттағанда кино теориясына қатысты терминдер емес, "cool" деген сөз көп қолданылады. Бұл сол туындылардағы саунтректерге де қатысты. Джефф Джоусон, Джейсон Белли, Уэнсли Кларксон секілді режиссердің алғашқы биографтары да осы сөзді қайта-қайта жазатын.
Cool soundtrack-ке екі фактор әсер етеді: бірі – қандай музыка қолданылатыны, екіншісі – оның қалай қолданылатыны. Шебердің осы дүниелерді мінсіз орындауының арқасында оның кей сценалары тек белгілі бір композициямен ғана ассоцияцияланса, музыканы басқа жерден естісең де, Тарантино кадрлары ғана көз алдыңа келеді.
Мысалы, Stuck in the Middle with You (Stealers Wheel) әнін тыңдап отырып, "Reservoir Dogs" фильміндегі Майкл Мэдсеннің полицей құлағын кесетін сценадан өзгені ойлай алмайтыңыз рас қой? Girl You’ll Be a Woman Soon (Urge Overkill) тек Ума Турманға ғана жарасатын секілді?! Тарантиноның оқиғаны баяндау мәнерінде музыканың алар орны ерек. Тіпті, визуалды картинаны алып тастап, тек саундректерді фильмдегі ретімен тыңдағанның өзінде домбырадан күй төгілгендей бір оқиғаның куәгері бола аласыз. Яғни, оның әр фильмі – бір-бір толыққанды музыкалық шығарма.
Квентин киноларында жауыздық сценалары меланхолиямен астасып жатады. Тарантинолық меланхолия автордың өзі өскен оңтүстік Калифорния, оның трассалары, шөл дала мен таулары, Мексиканы еске салатын атмосферасына толы. Бұл заңмен, жүйемен келіспейтін адамдардың үнсіз жан айқайы. Осындай сцена мен көңіл-күйді режиссер "латынамерикалық" саундтректер арқылы айқындай түседі: ол испан тіліндегі ән болуы мүмкін немесе фламенко стиліндегі композиция.
Музыка мен визуалды картинаны синхронизациялау нүктесін сезуде Квентиннің ішкі түйсігі еш қателеспейді. Мұның маңызы туралы композитор әрі теоретик Мишель Шион "Кинодағы дауыс пен дыбыс" атты зерттеу жұмысында да жазады. Яғни, визуалды көрініс пен музыканың синергияға түсуі өте күшті эмоциялық эффект беретіні анық.
Тарантино гитара дыбысын ұнатады: реверберация, тремоло, синкоп, акустикалық және электр гитараларының үйлесімі. Ол кантри, эйсид-рок пен спагетти-вестерн саундтректерін тыңдап өскен адам ретінде биік талғамның иесі десек болады. Ол осының бәрін өзара үйлестіре отырып жаңа музыкалық бағыттың да негізін қалаған секілді көрінеді кейде. Ол – a la Tarantino saundtrack.