Актерлерге өмірде болған адамдарды жиі сомдауға тура келеді және бұл екі есе қиын. Актер кейіпкерінің бет бейнесін ұқсатып қана қоймай, қимылын, әдетін, қылығын салу қажет болады. Ал ол түптұлға әлі де көп адамдардың есінде болса, мәселе екі есе қиындайды. Қандай жағдай болмасын, фильм шыққан соң актер көрермен мен түптұлғаның туыс-таныстарының сынына ұшырайтыны сөзсіз.
Эштон Катчер "jOBS" фильмінде Стив Джобстың рөлін сомдады. Оған ең бастысы фильмнің идеясы ұнағандығын айтады. "Менің ойымша, жастарды қажетті талпыныс жасаса, бәріне қол жеткізеді деп үйрету керек. Мынаны есте сақтайық, біз Джобсты өмірінің соңғы жылдарындағы бейнесімен танимыз, бірақ ол әрдайым ондай болмаған. Ол барлық жетістіктеріне үлкен еңбекпен, көптеген қателіктермен келген. Бірақ сонда да ешқашан мойымаған".
Марион Котийяр «Алқызыл түсті өмір» фильмінде танымал француз әншісі Эдит Пиафты сомдап, актерлік шеберлігі үшін "Оскарға" қол жеткізді. «Мен әлі күнге дейін ол жайлы еске алуға қорқамын – оның рухы маған еніп кеткендей болды. Менің ақыл-есімді жаулап алып, не істеу керек екенімді айтып отырғандай болды. Біртүрлі сұмдық сезім. Бірақ, бәлкім, мен өзімді сол рухқа енгізіп жіберген шығармын. Мен күнде оның бейнебаяндарын көріп, әндерін тыңдадым, осылайша түйсігім бойынша жұмыс істедім. Және ойнай алмаймын ба деген қорқыныш болды. Түсірілімнің төртінші күні біреу менің бойыма еніп алды да, соңына дейін жібермеді».
"Диана. Махаббат хикаясы" фильмінде Наоми Уотсқа көптеген адамдардың иконасы болған Диана ханшайымды сомдау бақыты бұйырды. «Мен шынымен осы рөлге, Диананың өміріне сіңіп кеттім. Оның жанында көп уақыт жүргендей сезімде болдым. Менің оның көйлектерін киіп алғаныма, жалпы өзін менің бейнемде көргенде не айтар еді деген сұрақ әрдайым маза бермеді. Қабылдар ма еді? Ұнар ма еді? Бірақ білесіз бе, бір мезетте маған Диана өзін ойнауға рұқсат бергендей болды. Сондай мистикалық сезім, бірақ шын сездім. Ақылға қонымсыз сияқты естілсе де, солай...»
1998 жылы түсірілген "Елизавета" фильміндегі Елизавета І-нің рөлі Кейт Бланшеттке кино әлеміне даңғыл жол ашты. «Англияда Елизавета І жайлы мыңдаған фильмдер мен телехикаялар түсірілген. Мен рөлге дайындық кезінде ешқайсын қарамадым және қарағым да келмейді. Егер бәрін қарап, әркімнің кеңесіне құлақ түре берсең жынданып кетуге болады. Мен тек өзімді тыңдаймын».
Скарлетт Йохансон «Інжу сырғалы қыз» фильмінде жас үй қызметшісі Гритті сомдайды. Негізінде Грит суретші Ян Вермердің портреті. Ал фильмдегі оқиға желісі жазушы Трейси Шевальенің фильм аттас шығармасы желісімен түсірілген. «Шындығында мен диалогы аз фильмдерді қалаймын, өйткені сондай жағдайда өз ойынымды толыққанды жеткізе аламын. Мен тіпті дыбыссыз кинода ойнағым келеді. «Інжу сырғалы қыз» фильмінде диалог аз, кейбір сәттерді тіпті көз қиығымен жеткізу сияқты нюанстарды пайдалана алғаныма қуанамын. Осынысымен де маған фильм құнды» - дейді Скарлетт өз рөлі жайлы.
Сальма Хайекке мексикалық суретші Фрида Калоның рөліне ену қиынға соқпады: Сальма Хайек Фридаға өте ұқсас болып шықты. «Ол немен айналысса да, ешқашан қарапайым болған емес. Әрдайым өз қалпын жоғалтпауға тырысатын. Ол бойжеткен шағынан бастап әйел бола бастады және өз болмысына ешқашан көңілі толмады. Және де кез келген қасірет не қиындықтан жақсылық, ой түйіп шығатын немесе соны қызықты етіп жасайтын. Ол өз ауыртпашылығынан сурет пен поэзия жасады, ал күйеуінің опасыздығынан өз болмысын азат етті».
Том Хэнкс "Мистер Бэнксты құтқару" фильмінде Уолт Диснейді сомдады. "Сонау 1979 жылы, Нью-Йоркте мансабымды жаңадан бастап, бір тал нан үшін күресіп жүрген тұста кітапханадан Уолт Диснейдің өмірбаянын тауып алғанмын. Мені сонда ол адамның табандылығы мен қайсарлығы тәнтті етті. Табыс пен мойындаушылыққа жетпей тұрып, Дисней көптеген қиындыққа тап болған, бірақ ешқашан анимацияның болашағына сенімін жоғалтқан емес. Сондықтан осындай ұлы адамды сомдау мүмкіндігі менің қызығушылығымды оятты."
Еркебұлан Дайыровқа Қазақстанның біртуар батыры Бауыржан Момышұлын сомдау бақыты бұйырды. "Бауыржан Момышұлы" телехикаясы шыққан соң Еркебұлан өз рөлін мықты алып шықты деген жылы лебіздер жиі айтылып, жазылды. "Біздің қазіргі қоғам соғыссыз да батырлықты талап етеді. Әрбір ер адамның қоғамның әділетсіздігіне қарсы тұра алуы, ағынға қарсы жүзе білуі – үлкен батырлық. Тіпті, Бауыржан ағамыздың өзі де 1941-45 жылдар аралығындағы соғыстан кейінгі жылдары да қоғаммен соғыс жүргізді. Сондықтан, кез келген ер адамның бойында екі майданда да жеңіске жетелейтін жігер болса, бұл – жалпы ұлттың жеңісі деп ойлаймын" - дейді Еркебұлан.
Сурет: vk.com, news.allinfo.kz
Автор: Анар Мұстафина