"Тақиялы періште": қарапайым жүргізуші қалай танымал актерге айналды?

Кинокөрермендердің есінде "Тайлақ" есімімен қалған Әбілғазы Райымбеков кино өнеріне спорт арқылы келген. Ол ауылда жүргізуші болып жүріп спортпен айналысқан.

Оң жақтағы Әбілғазы Райымбеков

Әбілғазы Райымбеков "Қайрат" бірлестігінің құрамында Алматыға күрес жарысына келген, бұл жерде ол екінші орын алған. Сөйтіп 24 баланы іріктеп, Талғар қаласына апарып шынықтырған. Арада көп уақыт өтпей "Қажымұқан Мұңайтпасов" атындағы жарысқа қатысу үшін Оңтүстік Қазақстандағы Темірлан ауылына келген. Осы жерде болашақ актер ауыр салмақта бірінші орын алып, Талдықорғанға чемпион болып қайтқан.


Темірлан аулындағы жарыс сәті

Еліне келгесін бірден қазақ киносына шақырту алған. Бұл сәтті Әлімғазы Райымбеков былай деп еске алады: "6 маусым Шымкенттегі Темірлан деген ауылға бардық. Өзі аудан орталығы болғалы жатыр екен. 16 команданың ішінде мен ауыр салмақтан Қазақстан чемпионы болып, қазақ күресінің шебері атандым да, қуанышым қойныма сыймай үйге қайттым. Жасым болса 25-те. Ауылда жүрсем, бас инженер келіп ауыл басшысының шақырып жатқанын айтты. Барсам, қолыма қағаз ұсынды. Алып оқысам, телеграмма екен, орысша: "Киногруппа "Крылья песни" просит приехать на кинопробу в роль Кажымукана" деп тұр. Түсе аламын ба, жоқ па – шаруам жоқ. "Барам ғой" дедім. Қазақты дүние жүзіне танытқан атамыз, 100 жылда бір туатын азамат. Әрине, бірден келісе кеттім. Барғасын қолыма мәтін ұсынды да "жаттап кел" деп кері қайтарды. Қонақ үйге барып, әлгі мәтінді 10-15 күн жаттадым. Қазақфильмге қайта келіп, жаттағынымды айттым, "Закрепить!" деді. Сөйтіп, 2 тамызда Қажымұқан атаның рөліне бекітті".   

Осылайша Әлімғазы Райымбеков Алматыға келіп, "Ән қанатында" фильміндегі Қажымұқан рөліне бекітілген.

 Тақиялы періште фильмінен үзінді

Қазақ киносының Тайлағы

Бұл фильмнен кейін Әлімғазы Райнбеков тағы үш фильмде ойнаған. Бірақ сол алғашқы "Ән қанатында" фильміндегі Қажымұқанның рөлінен кейін актер Шәкен Аймановтың көзіне түскен екен.

"Шәкен Айманов мені шақырды. Бардым. "Біз жаңа туындыға сценарий жаздық. Басты рөлді өзің сомдайсың" деді. Өй, аға мен актер емеспін, қарапайым жүргізушімін ғой. Ертең абыройыңыз төгіледі дегенімде: "Әй, онда шаруаң болмасын, ертең сағат оннан қалмай кел!" деді. Міне, солай "Тақиялы періштедегі" Тайлақтың рөліне сынақсыз бекітілдім", -  дейді Қазақ киносының Тайлағы.

Тақиялы періште фильмінен үзінді

Шәкен Айманов бұл фильмнің сценарийін Әмина Өмірзақова, Әлімғазы Райнбеков пен Шолпан Алтайбаеваға арнап жазған екен.

"Бір қызығы, фильмнің соңғы 2-3 эпизоды қалған кезде Алматыда қар еріп кетті де, соңын Свердловскіге барып түсірдік", - дейді актер.

Әлімғазы Райнбеков бұдан бөлек 10 шақты фильмге түскен. Олардың қатарында жұрт сүйсініп көретін "Қилы кезең" (1966 жылы), "Көгілдір такси" (1968 жылы), "Қан мен тер" (1978 жылы), "Егер сіз он екі жаста болғанда" (1979 жылы) фильмдері бар.

Тақиялы періште 2

2015 жылы "Тақиялы періште" фильмінің жалғасы ретінде "Тайлақтың тақиясы" фильмі түсірілді. Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қы­зыл­әскер елдімекенінде түсірілген "Тайлақтың тақия­сына" басты рөлдегі ҚР мәдениет қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы Әлімғазы Райнбековтен басқа, Роза Әшірбекова, Гүлжамал Қазақбаева, Байғали Есенәлиев, Шынар Жанысбекова, Сәбит Әбдіхалықов, Шынар Асқарова сынды танымал өнер жұлдыздары да түсіп, осы картинаның сәтті шығуына үлесін қосқан болатын. Бұл туындыда Қызыләскер ауылындағы қарапайым тұрғындардың да қолтаңбасы бар.

Фильм сюжеті бойынша бұл күнде ұл-қыз тәрбиелеп, ата жасына жеткен Тайлақ қарт немересі Аңсарға лайық жар іздейді. 50 жылдан кейін қайталанған оқиға сәтті аяқталып, Тайлақ қарт аңсаған арманына жетеді. Дегенмен, Аңсардың бақыт құсын қолына қондыруы оңайға соқпайды.

Немересіне келін іздейтін қарт Тайлақ

Ол немересіне "Үйленсейші!" деп қайта-қайта айтады, алайда немересі "Уақыт бар ғой" деп жүріп алады. Бірде "үйлен" деп қоймай қойған атасын немересі "үйленетін болдым" деп алдайды. Атасы тойдың дайындығына кірісіп кетеді, туыстарына хабарлап, малын сатады. Келінді әкелсе, қара нәсілді қыз екен. Бұған шыдамаған атасының жүрек талмасы ұстап, құлап қалады.

"Ақыр соңында "немерем менің тұқым-тұяғыма балта шауып, үрім-бұтағымды жоғалтайын деп отыр. Бұл "иттің баласын" өзім үйлендірмесем болмайды екен" деп атасы салт-дәстүрге қарсы шығады. Сөйтіп өзі келін іздеу процесіне кірісіп, қалаға аттанады. Ақыры мақсатына жетіп, ұлына келін таңдайды. Сөйтсе, әлгі қызды немересі де танитын болып шығады. Актер өзі сомдаған кейіпкер туралы "Ол ата-дәстүрге қарамай үрім-бұтақ өрбісін" деген мақсатты алға тартқан қария ғой", - дейді.