Джокер ағылшын тілінен ("JOKE" - қалжың)
"қалжыңбас, күлдіруші, шут" деген мағына береді.
Комикстер желісі бойынша түсірілген бір де бір фильм көрмедім. Супергеройлар туралы попкорндық дүниелер қызықтырмайтын. Білу үшін көргім келетін, алайда негізгі тізімнен тыс киноларға кезек жетпей-ақ қойды.
Бірақ, "Джокердің" премьерасына бардым. Себеп – оның "Алтын арыстанды" алуы. Венеция кинофестивалінің көрермендері "Джокерге" 8 минут үздіксіз қол соққан деген ақпаратты да көзім шалған.
Тағы бір қызығы, АҚШ-тың кей кинотеатрлары оны көрсетуден бас тартқан. Ірі Landmark Theaters кинотеатрлар желісі эксцесстерден қорқып, Джокер костюмін киген көрермендерді сеанстарға кіргізбей қойған. Нью-Йорк пен Лос-Анджелес полициялары көрсетілім өтетін аудандарда қауіпсіздік шараларын күшейткені туралы хабарлаған. Ол аз дегендей, АҚШ әскері жоғарыдан "сеанстар барысында зорлық-зомбылық әрекеттері орын алуы мүмкін" деген арнайы хабарлама алған. Бұл өзі кинотеатрға бомба қойылған дегенмен пара-пар болды.
Ал "Джокер" расымен "бомба" ма?
"Джокер" – классикалық америкалық no nonsense стилінде көрерменнің бетіне былш етіп жапсыра салған өте қуатты негативті энергия.
Кинокартинаның визуалды эстетикасы "голливудтық ренессанс" дәуірінің стилизациясына келеді. Нақтырақ айтсақ, Скорсезе, Фридкин, Люмет, де Пальманың 70-ші жылдардағы туындыларының энергетикасын береді. Бұл америкалық кино тарихында нигилизм мен пессимизмнің аз уақытқа болса да, мэйнстримге айналған жалғыз кезеңі шығар. Глэм-рок пен панктың әлемді жаулаған шағында лузерлер бас кейіпкерге айналып жатты.
Джокерді дәл осылай көрген Тодд Филиппс кейіпкерінің бар болмысын қосымша элементтер арқылы шебер жеткізген. Эмоциялық хаос, қала көріністерінде сапырылысқан нөпір халық, кейіпкердің жалғыз қалып, көз жасына ерік беруіне мүмкіндік туғызбай алдына ентелеген камера, толыстамайтын келеңсіз оқиғалар... Жасалған әр қадам сайын Джокердің кім екені айқындала түседі. Жоғарыда аталған режиссерлік шешімдердің бәрі қарапайым сайқымазақты көрермен алдында биіктете түседі.
Шындығына келгенде, Филлипстің Джокері бетіне маска кигені болмаса, ешқандай да сайқымазақ емес. Оның қалжыңдарына да, өзіне де күліп қарай алмайсың. Бұл фильмде, керісінше, Джокердің өзі Тағдырдың күлкісіне қалған.
"Джокердің" астындағы америкалық саясатқа қатысты контекстті қозғамай, адами тұрғыдан қарасаңыз, әділетсіздікті көре тұра, әлсіз, оны өзгертуге қауқарсыз болу кейіпкерге қатысты аяныш сезімін оятады. Оның "Өлімім мәндірек бола ма?" деген ойының ақиқатқа айналғанын тілегеннен басқа, көмек бере алмайтының өз ішіңнен дәл сондай "тыныш арпалыстың" аузын ашады. Біразға дейін сауыға алмай жүресің.
Не астыртын Эзоп тілінің шеберіне айналған шут, не жеңіл қалжыңы жарасқан сайқымазақ та емес. Құрығанда стендапер де емес. Сонда Джокер кім?
P.S. Мен ұнататын Скорсезенің "Таксистін" еске салды. Иә, Джокер Трэвистің нақ өзі.
Ал Трэвис – мен, сен, ол.