"Тағдыр тәлкегі немесе Жеңіл буыңызбен!"

Көрермен қауым жыл сайын Жаңа Жыл кешінде көгілдір экраннан Эльдар Рязановтың лирикалық комедиясын тамашалау әдетке айналдырды. Басты кейіпкерлердің бір күнде тағдырларының өзгеруі өзгелерге ой тастап, атар таңдардан үміт үзбеуді үйретеді.

 Бала кездегі достарымен (Павлик, Сашка және Мишка) бірге жыл сайын моншаға баруды әдетке айналдырған Женя Лукашинді (Андрей Мягков) достарымен бірге Жаңа Жыл мерекесін тойлайды. Бойларын сайтан су билеген достары абайсызда Ленинград қаласына жол жүргелі жатқан Павликтің орнына әуежайда Женяны ұшаққа салып жібереді. Жол бойы ұйықтап, әуежайда есін жинаған Женя өзге қалада екенін сезбестен, мекен-жайын айттып, «үйіне» тартады.  Ал үй иесі Надя ұйықтап жатқан бейтаныс жанды оятып, екі жақ үй үшін өзара тартысқа түседі. Сол сәтте Надяға сөз салып жүрген Ипполит келіп, дау әрі қарай жалғасады. Ашуланған Ипполит кетіп қалғанда, Надяның екі құрбысы қонаққа келіп, Женя олармен Ипполиттің атынан танысады. Жаңа Жылды бірге қарсы алған Надя мен Женя фильм соңында қосылады.

 

Режиссер Эльдар Рязановтың «Тағдыр тәлкегі немесе Жеңіл буыңызбен!» екі сериялы комедиясы 1976 жылдың 1 қаңтарында жарыққа шықты. Фильм сценарийін Эльдар Рязанов пен Эмиль Брагинский жазған болатын. Эльдар Рязанов бір естелігінде: «Кімнің айтқаны есімде жоқ, бірақ бұл жағдай өмірде болған. Бірнеше достар жиналып, моншаға барып, бір қуанышты тойлайды. Қатты қызып алған достар әзілдесіп, бір досын Мәскеу-Киев бағытындағы поездға салып жібереді. Есін жинап, өзінің басқа қалада жүргенін сезген ол достарының ойыны екенін түсінеді. Осы қызық оқиғаны естіген мен бірден Эмильмен бірлесе отырып, толықтырулар мен өзгертулер енгізіп, пьеса жаздық. Театр сахналарында қойылған бұл оқиғаны экранға шығаруды жөн санадым», - деген еді.

 1969 жылы жазылған «Жеңіл буыңызбен!, немесе Бір Жаңа Жыл түнінде» пьесасы бірнеше театр сахнасында қойылып, 1976 жылы 1қаңтарда экраннан көрсетілді. Көрермендердің өтініші бойынша, фильмді 7 ақпанда қайталады.

1976 жылы «Советский экран» журналының жүргізген сауалнамасы бойынша «Тағдыр тәлкегі немесе Жеңіл буыңызбен!» фильмі үздік деп танылды. Сондай-ақ, аталмыш журналдың оқырмандардың пікірінше, Андрей Мягков Кеңес Одағының үздік актері деген аттаққа лайық болды. 1977 жылы режиссер Эльдар Рязанов,  сазгер Микаэл Таривердиев, оператор Владимир Нахабцев, сценарий авторы Эмиль Брагинский, басты кейіпкерлерді сомдаған Барбара Брыльска мен Андрей Мягков Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

Қызықты мәліметтер:

 Әу бастан басты кейіпкерлер Женя және Надя образдарын Андрей Миронов пен Людмила Гурченко ойнауы керек еді. Алайда, Миронов пен Гурченко комедиялық жанрда тәжірибелі актерлер болғанымен Эльдар Рязанов шынайы комедияны өмірге әкелгісі келді. Содан екі үміткерлердің орнын бұрын соңды комедияда ойнап көрмеген Андрей Мягков пен поляк актрисасы Барбара Брыльска басып, басты рөлдерге бекітілді.  Андрей Мягков Ипполит рөлін сомдауға шақырылған. Бірақ, Ипполит бейнесін «жағымсыз» деп таныған Мягков бұл ұсынысты қабылдамаған.  Кейін Ипполит рөліне актер Олег Басилашвили бекітіліп, дайындық пен фото түсірілімдерге қатысты. Алайда, әкесі қайтыс болғандықтан, ол фильмге түсе  алмады. Содан кейін оның орнына актер Юрий Яковлев шақырылды.  Көрермен қауым тарапынан жоғары бағаға ие болған кино арнайы таспаға көшіріліп, кинотеатрларда көрсетілген.  Орыс тіліне шорқақ Барбара Брыльска сөздерін кадр сыртында Валентина Талызина дыбыстаған.

 Басты кейіпкерлердің әндерін Алла Пугачева мен Сергей Никитин орындаған, ал гитараны танымал бардтар ерлі-зайыпты Лариса мен Сергей Никитиндер шерткен.  Түсіру жұмыстары қыс, көктем, жаз мезгілдерінде жүргізілген.

 Бастапқы кезде фильм «Жеңіл буыңызбен!» деп аталған. «Тағдыр тәлкегі» кейін қосылған.Басты кейіпкермен бірге ұшақта болған жолсерік рөлін фильм режиссері Эльдар Рязанов сомдаған болатын.

Моншадағы көріністер Мосфильм студиясының баспалдағының астында орналасқан жертөледе түсірілген.

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған